Мұғалімдердің тестілеуіне қатысты облыстың бас ұстазы жауап берді

img 2033 Білім

Әлеуметтік желілерде тарап жатқан  «EduCon» компаниясының онлайн тест платформасында тест тапсыруға қарсылық танытып жатқан облыс мұғалімдерінің жанайқайына біз де бейжай қарамай, облыстық білім беру басқармасының басшысы Ерлан Сламбековтен мәселенің мән-жайын сұрастырып көрген болатынбыз. Облыстың бас педагогінің айтуынша, мұғалімдер бұл тестті тапсыруға міндеттелмейді және оның нәтижесіне байланысты ұстаздардың қызметін төмендету  немесе шеттету секілді қандай да бір шешімдер қабылданбайды. Керісінше тестілеу мұғалімдердің біліктілігін арттыруды көздейтін жоспар аясындағы шараның бірі болып табылады. 

–Басқармаға қызметке келгелі бұған дейінгі өткен барлық сараптамалар мен зерттеулерді зерттей келе алдымызда атқаратын жұмыстар бойынша жоспар құруды бірінші міндетім санадым. Қазіргі зымыраған заманда, технологиялар күн санап өмірге етене енуде. Сапаны арттыру жұмысында сандық жүйелерді қолдануды іске асыруды ұжыммен орындауға көштік. Әрине бастапқыда көп қиындықтарға душар болсақ та қазір біздің өңірге керек әдістемелерді, технологияларды, басқару жүйелерін зерттеу, апробациялау, енгізуді жөн көрдік. Өйткені біз үшін мекемелердің материалдық қажеттіліктері, оқушылардың білім үдерісіне қоса мұғалімдердің кәсіби жетілуі аса маңызды және әдістемелік, теориялық білімі мықты ұстаздың шәкірті де сондай білімді, білікті болады.

Әлеуметтік желідегі жарияланым бойынша айтар болсам, тестілеу нәтижесі мұғалімдердің қудалауына немесе қандай да бір жауапкершілікке тартылуына әкелмейді. Тестілеу педагогтің өз біліктілігін өзі анықтап, өзін-өзі  дамытуына, жетілдіруіне арналған шара. Бұл мәселе мекеме басшыларына да, аудандық, қалалық білім бөлімдерінің басшыларына да жеткізілген болатын. Бұған дейін де пікір қалдырғанымыздай, біздің мақсатымыз – мұғалімдерді өзімізге қарасты Әдістемелік орталық пен «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ филиалы, Назарбаев зияткерлік мектептері мен педагогиалық шеберлік орталығы арқылы біліктілігін арттыру және білімді одан әрі жетілдіруге үлес қосу. Нәтижесінде біздің мұғалімдерімізге ешкім сын тақпайтындай жоғары сапаны қамтамасыз ету. Тестілеу ерікті, ол міндетті шара емес. Тестілеуге әр педагог өз еркімен қалаған құрылғымен (компьютер, телефон), қалаған жерінде (мектепте, үйде немесе т.б.) кіре алады. Тек уақыт шектеулі (18 қараша, 10:00-13:00 аралығы). Нәтижесін тек қана тапсырушының өзі жеке кабинетінен көре алады. Басқармадағы жас маманның тарапынан кеткен кемшіліктер үшін кешірім сұрай отыра, келтірілген қолайсыздықтар үшін жауапты мамандарға тәртіптік шара қолданылатынын қаперлеріңізге беремін, – деді облыстық білім беру басқармасының басшысы Ерлан Сламбеков.

Аталған басқарма басшысы өз қызметтерін ұсынған көптеген компаниялар арасында сынақ өткізіп, солардың  ішінен оң нәтиже берген  «EduCon» отандық компаниясын өзара меморандумға сәйкес, ақысыз көмекке шақырғандарын да атап айтты. «Біз аталған компанияның жұмысын бюджеттің ешқандай қаржы шығынынсыз алып отырмыз», –  деді ол. 

Мәлике ҚУАНЫШЕВА 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз