МӘДИНА!

Мәдина! Бұл есім маған көп нәрсені еске түсіреді. Себебі, Мәдинада көп адамдарда, соның ішінде қыздарда бола бермейтін ерек қасиет бар. Ол Мәдинаның іскерлігі, батыл сөйлей білетіндігі, керек десеңіз батылдығы, сонымен қатар ақжарқындығы, адамдармен жүрегін аша сөйлесе, сырласа білетіндігі, ешбір қиындықтан тайсалмайтындығы, тәуекелшілдігі, айтқанын орындамай тынбайтын жігерлілігі, мақсатты ісін аяғына дейін жеткізгенше еш бап таңдамайтындығы. Қоғамдық іс десе, кейбір адамдар өздерінің жай-күйлерін ойлап, шегіншектеп жатса, ондай адамдар біршама көп, солардың өздерін жалынды да өткір сөздерімен еріксіз іске бастай білетіндігі. Оның бойындағы тағы бір қасиет – ұйымдастырушылығы.

Мен Мәдинаны көргенде қайсарлықтың символын көргендей боламын. Оның адамдарға жарқ етіп бір қарағаны-ақ жүрегіңе күш береді. Сәл де болса жуасып жүрген болсаңыз, «Жігіттер!» дегенінде селт етіп оянасыз. Алдыңыздан сізді бір кереметке төтеп беруге ұмтылдыратын, қол жетпесіңді биіктен алып бере алатын қолдаушың мен қорғаушың тұрғандай болады.

Мен Мәдинаның бойындағы қайратын көргенде, менің жас кезімде санама асқақ еңбекқорлығымен, батырлық қасиеттерімен көрінген апаларымды көзіме елестетемін. Олар: Досбаева Балғаным, Қабдолова Қадиша, Ысқақова Кәделі, Сегізәлиева Жібек, Байжігітова Айнаш, Доспанова Хиуаз, Енбаева Маржан…

Республиканың түкпір-түкпіріндегі ғажайып қыздарды атап отырғаным жоқ, бұлар – тек өз облысымыздағы «елім» деп еңірегенде көз жастарына етектері толғандар. Олар ел басына қиын-қыстау күндер туғанда, өздерін ұмытты. Отан үшін жандарын қиюға дайын еді. Бірі – мұнайшы, бірі – балықшы, бірі – малшы, бірі – майдангер, бірі – үгітші –насихатшы…

Балғаным, Жібектер – Жеңіске ең басты керегі мұнайды өндірсе, Айнаш – балықпен қамтамасыз етті, Маржан – баққан жылқысын майданға аттандырды, Кәделі ұжымшарын басқарып жүріп, майдандағы жауынгерлерді азық-түлікпен қамтамасыз етсе, өз қаражатынан 175 мың сом жіберіп, майдандағы әуе эскадрилиясын жасауға үлес қосты, Хиуаз – фашистердің қарулы ошақтарына самолетпен 300 рет ұшып барып, жауынгерлік тапсырма орындаса, Қадиша тылдағы елді ерлік еңбекке жігерлендіріп, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді. Егер Мәдина сол кезде солармен қатарлас өмір сүрсе, сондай ерліктерді бұл да жасар еді.

Міне, Мәдина – осы апаларының жігерлерінен тұтанған адам. Өзінің табиғатынан жүрегінде от-жалыны тағы бар. Сонша төгіліп мақтағандай Мәдина кім соншама дерсіз?! Біздің жазбаларымызға әрі қарай назар салыңыз.

Жас қыз еңбек жолын ауыл мектебінің мұғалімдігінен бастады. Мектептегі қоғамдық жұмыстарды тап-тұйнақтай етіп атқарумен қатар, мектеп оқушыларына берген білімі мен тәлім-тәрбиесі ерекше болатын. Табиғатынан күш-қуатқа ие Мәдина мектепте комсомол ұйымын да басқарды. Оның ұйымдастырушылық қабілеті аудандық мұғалімдер арасындағы конкурстарда, аудандық комсомол жиналыстарында жарқылдап көрінуінен басталды. Оның ұйымдастырушылығы аудандық комсомол ұйымына жұмысқа шақырылуына мүмкіндік жасады.

Содан кейінгі атқарған ел басқарудағы жұмыстарын санамалап айта берсек, ол Гурьев облыстық комсомол комитетінің бірінші хатшысы, Гурьев қалалық партия комитетінің хатшысы, ғылыми және оқу орындарында білім меңгерушісі, СОКП Орталық Комитетінің жанындағы қоғамдық Ғылымдар академиясының аспиранты, Гурьев облыстық кәсіподақтар кеңесінің төрайымы – міне, осындай қызметтер атқарды.

Мен Мәдина Ғабдысәлімқызының партиялық-хатшылық жұмысы кезінде Атырау қаласының мектептерінде мұғалім, мектеп директорының орынбасары, облыстық радионың дикторы болып жұмыс атқарған едім. Пән бойынша мамандығым – қазақ тілі мен әдебиеті. Мәкең қалалық партия комитетінде хатшы болғанда, Есен Тасқынбайұлы қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы еді. Барлық идеологиялық жұмыс Мәдина Ғабдысәлімқызының мойнына жүктелетін.

…1975 жылы фашистік Германия Совет армиясының алдында тізе бүгіп, Рейхстагқа тудың тігілгеніне 30 жыл толды. Осы мерейтойды өткізуге байланысты Мәдинаның асқаралы атқарған жұмысы Атырау облысының тарихында ұмытылмастай жазылуы керек.

Театрландырылған көріністе Москва үшін шайқас, Ленинградтағы майдан көрсетіледі. Жауынгерлерге арнаған Жамбыл Жабаевтың өзінің атақты «Ленинградтық өрендерім» («Ленинградцы, дети мои») атты өлеңін оқу маған тапсырылып, мен Жамбыл болып киініп, гримделіп, сақал-мұрт тағылып, айнымаған ақынның өзі болып шықтым. Қолымда домбыра, үстімде ақынның шапаны, өлеңді орысша және қазақша жай қозғалып бара жатқан машина үстінде мәнерледім. Бір-біріне тіркескен машиналарда қалалардың қираған үйлерінің бейнесі берілді…

Бір керемет бейне Шыңғыс Айтматовтың «Құс жолы» повесі бойынша қойылған, «Ана – Жер-Ана» спектаклінен көрініс жұртты таң-тамаша қалдырды. Мұнда зулап кетіп бара жатқан пойыздан Толғанайдың бір баласы Майсалбек «мамалап» айқайлап, өзінің бөркін лақтырғанда, жиналып тұрған көп адамның ішінен Толғанайдың рөлін ойнаған әртіс Алма Ахметова баласына қарай емірене «Майсалбек» деп айқайлап жүгіреді. Сол шақта әртіспен қатар тұрған бір топ ақ жаулықты аналар Толғанай бейнесіндегі Алмамен бірге жылап, пойызға қарай жүгірді. Халықтың нағыз шынайы суретті көргендігі сондай – бейбіт күн емес, көрермендер нағыз соғыс жүріп жатқандай сезінді…

Бәрін бір шыбықпен басқарып, «дирижерлік», басшылық қызмет атқарған хатшы Мәдина Ғабдысәлімқызы еді. Мұны мен өз көзіммен көрдім. Көрініс орталық көпірдің Бұқар беті мен қазіргі «Ақ Жайық» қонақүйінің алдындағы үлкен алаңда өтті.

Міне, осы күндері Мәдина да, басқа жауапты адамдар да ұйықтаған жоқ. Мәдинаның осы жұмысы әрқашан есімде. Осындай үлкен қоғамдық жұмыс атқарған оның еңбегі жақсы бағаланып, бүгінгі күні мерейін өсіргені қандай орынды дейсіз.

Барлық марапаттардың биігі – Махамбет ауданының, Атырау қаласының, Атырау облысының Құрметті азаматы деген атақтарға ие болғандығы деп білемін.

Оның атқарған қоғамдық жұмыстарына байланысты тұңғыш Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қабылдауында болып, Елбасының жылы сөзі мен алғысын алудың өзі неге тұрады!

Осылардың бәріне мен атыраулық үзеңгілес інілердің бірі ретінде Мәдина үшін мақтанамын.

 

 

Қадыр ЖҮСІП,

филология ғылымдарының докторы, профессор.

 

 

 

Мәдина Ғабдысәлімқызы – үлкен өмір мектебінен өткен, өзінің адал еңбегімен, маңдай терімен өз бағытын сомдаған жан. Өлкеміздің дамуына сүбелі үлес қосқан қыздарымыздың алдыңғы қатарынан орын алған адам десе, артық емес.

 Таумұш ағасы Мәдинаны «өзінің үлкен еңбегімен елге танымал, алтын әріппен жазылатын қарлығаштың бірі» дейтін. Ол өзінің еңбек жолын мұғалімдіктен бастап, облыстық, қалалық комсомол, партия хатшысымен, зейнеткерлікке шыққанға дейін Атырау облыстық кәсіподақтар кеңесінің төрайымы, күні бүгінге дейін Қазақ-түрік «АТМА»- Атырау Әуежайы және Тасымалдау» АҚ-ның бас директорының кеңесшісі, кәсіподақ комитетінің төрайымы болып қызмет жасап келеді.

Мәдина екеуіміз қалалық партия комитетінде, облыстық кәсіподақ кеңесінде бірге жұмыс жасадық. Апалы-сіңлілі жандардай болып кеттік. 50 жылдан астам уақыт достығымыз да берік болып, өзгелерге өнеге болды. Оның адамгершілігі, кішілік пен кісілігі, парыз бен парасатты ұштастыра білуі – жастарға үлгі. Қазақта «Алыптар бар әлемге тіреу болған, Арыстар бар арқаға сүйеу болған» деген сөз бар. Мәдинаны еске алғанда осы сөз ойыма келеді. Мәдина тіреу де, сүйеу де бола білді.

Анасынан жастайынан қалған ол інісі Әсуатқа қамқоршы болды. Әкесі Ғабдысәлім ағамыз өте сыпайы, дүниетанымы кең, зиялы жан еді. Ол кісі дүние салғаннан кейін інісі Әсуатты екеуіміз Сәулеге үйлендірдік. Қазір сол інісі мен келінінен немерелер сүйіп отыр. Әсуат пен Сәуленің тұңғыштары Мұрат дүниеге келгенде бәріміз қатты қуандық. Кішкене сәбидің жұпар иісі болады емес пе, иіскеген сайын Мұратты «Красная Москва» дейтінбіз. Сөйтіп, ол «Красная Москва» атанып кетті. Сәуле кішіпейіл, жақсы келін бола білді. Күні бүгінде Мұраттан төрт шөбере сүйіп отыр. Ұлағатты отбасының басшысы. Бізді құдайдай сыйлап жатады. Осының бәрі – Мәдинаның тәрбиесі, өнегесі. Мәдинаның баласы Бауыржан жоғары оқу орнын бітіріп, шетелге жұмысқа кетті.

Біздің достығымыз әлі күнге жалғасуда. Екеуміз курортқа да бірге баратынбыз. Бірде Кавказдағы шипажайға бардық. Бізде күн салқын болғандықтан пальтомен, қалың киіммен барыппыз. Кавказда күн тамылжып тұр. Бәрі Африкадағыдай қысқа жең кимономен жүр. Екеуіміз ыстықтап, борша-борша терлеп жүрген күндер-ай, шіркін!..

Мәдина 80-інші жылдары Москвадағы СОКП Орталық Комитетінің жанындағы Қоғамдық Ғылымдар академиясының аспирантурасында оқыды. Сонда оқып жүріп, елге келгенде үйге телефон шалады ғой. Тұтқаны Таумұш ағасы көтереді. Сөйтсе, Мәдина амандасып, әдеттегідей жарқылдай сөйлеп: «Аға, қыздар осы студент кездерінде күйеуге шығады ғой. Мен де қазір студентпін. Сондықтан, тұрмысқа шығайын деп жатырмын»,– депті. Телефон тұтқасын қойған Тәкең: «Ойпырмай, ә! Өзінің ойлап таппайтыны жоқ»,– деп күлгені есімде. Мәдина сөйтіп, Зияда деген азаматқа тұрмысқа шықты. Ол өте зиялы, тәрбиелі, өнегелі адам еді. Екеуінің сыйластығы елге үлгі болғаны шындық. Зияда марқұм Мәдинаны қатты сыйлайтын: «Біздің генерал»,–дейтін. Тек бір өкініштісі, ғұмыры қысқа болды.

Мәдина Ғабдысәлімқызы – тарих ғылымдарының кандидаты, «Мұнайгазқұрылыс» кәсіподақтары халықаралық сыйлығының лауреаты, республикалық іскер әйелдер Ассоциациясының «Золотые женщины Казахстана» номинациясының иегері. Ол – Атырау облысының, Атырау қаласының, Махамбет ауданының Құрметті азаматы.

Бүгінде сексеннің сеңгіріне шығып жатқан жанға айтарым да, тілерім де – мерей жасың құтты болсын! Тектілігіңнен танбай, адамдығыңды пенделікке айырбастамай, кісілігіңе кір шалдырмай келесің… Жаратқан иеміз алда да осы қасиеттеріңнен айырмағай! Қай кезде де жанымнан табылған досыма жүрекжарды тілегімді арнаймын:

Елу жылдай дос болғанбыз, Мәдина,

Бірге жүрген кезде қайда, дариға!

Комсомолдың жас өрені сен едің,

Кейінгі ұрпақ іздеріңді тани ма?!

 

Тау тұлғалы Таумұш аға дедің сен,

Мейірімді жүректегі бердің сен.

Жүзге де кел жарқылдаумен, Мәдинаш,

Еңкеймесін ешқашанда өр еңсең!

 

Бәтіш КӘРПЕКОВА,

Атырау қаласы.

 

 

Жаны  жаз  апамыз

Мәдина Ғабдысәлімқызы – текті әулеттің ұрпағы, бұл аймаққа кеңінен таныс, аты аңызға айналған Жайықтың қызы. Ғұлама ғалым, жерлесіміз, академик Зейнолла Қабдоловтың сонау 60-шы жылдары жазған өлеңін – кейіннен көпшіліктің сүйікті әніне айналған «Жайық қызын» білмейтін қазақ кемде-кем. Сол өлең жолдарындағы «Жайықтан бір қыз көрдім қарақат көз» – біздің апамыз болатын.

Ақылына көркі сай қазақтың осындай қызымен таныстығым өткен ғасырдың сексенінші жылдары басталған. Ел билігінде жүрген, ат төбеліндей аз ғана әйелдер тобында Мәдина апа нағыз қайраткерлік түр-тұлғасымен, көрген жанды бірден баурап алатын ерекше жарқын қасиетімен дараланатын. Көргенде имене амандасып, шегініп жол беріп, соңынан қызыға қарайтын кездеріміз көп болатын.

Мәдина апамен тағдыр бізді өте жақын таныстырды. Отбасылық кездесулерде бірге болып, апамыздың жары, ішкі істер басқармасында басшылық қызметте болған марқұм Зияда ағамызбен танысудың сәті түсті. Бауырмал, ақ көңіл, жайсаң аға бізді туыс етіп, қарым-қатынасымызға жаңа бір сән қосты. Өкініштісі, бұл өңірдің талай азаматына үлгі, ұстаз бола білген Зияда аға өмірден ерте кетті.

Мәдина Ғабдысәлімқызы Алла сыйлаған өмірін мәнді, мағыналы өткізіп келеді. Еліне, жеріне перзенттік парызын толығынан өтеген тұлға. Бүгінде жас мемлекетіміздің тұғырын бекітіп, абыройын асқақтатып жүрген осы өңірдің белгілі азаматтары апамызды ұстаз тұтып, қатты қадірлейді.

Зейнеткерлікке шыққаннан кейін де Мәдина апа өскелең ұрпаққа салиқалы әңгімелерімен, жол көрсетер ақыл-пайымдарымен ақпарат құралдары арқылы, үлкен жиын-кездесулерде қоғамдағы өзгерістерге байланысты ой-пікірін ашық білдіріп, бағыт-бағдар беруден тыс қалып көрген жоқ. Мәдина Ғабдысәлімқызы Атырау облысындағы теріс діни көзқарастағы жанұялардың жай-күйін олардың отбасыларына аяқтай барып, әңгімелесіп, ортаға оралуына ықпал еткеніне куәміз. Ал, облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның кеңесшісі ретінде ана мен баланың денсаулығы, мүгедектерге көрсетілетін көмектің тиімділігі жайында талай құнды пікірлерімен бөлісіп, сол бағыттағы жұмыстардың жүзеге асуына зор үлесін қосып келеді.

Өмірінің мәнін халқына қызмет ету деп ұғынған Мәдина апамыздың өткен өмір жолы мен бүгінгі тыныс-тіршілігі – кімге де болса ұлағатты тәрбие.

Рәшила Мүрсәлиева,

қоғам қайраткері,

«Құрмет» орденінің иегері.

 

 

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз