UTEBAYEV UNIVERSITY-де жаңа аудитория ашылды
UTEBAYEV UNIVERSITY-де жалпы және тарихи геология аудиториясының ашылу салтанаты өтті. Оқу кабинеті университетте ұзақ жылдар еңбек еткен Нұрсұлу Әмірқызының есімімен аталады.
Аудиторияны «геология ғылымының үздігі» Нұрсұлу Әмірқызының ұрпағы күрделі жөндеуден өткізіп, студенттер игілігіне тарту етті. Ғалымның туыстары бұл аудиторияны геология саласының дамуына үлес қосу, жас мамандарды сапалы біліммен қамтамасыз ету және студенттердің ғылымға деген қызығушылығын арттыру мақсатында жүзеге асырды. Заманауи құралдармен жабдықталған аудиторияда білім алушыларға қолайлы жағдай жасалған.
Салтанатты іс-шараға университет Басқарма төрағасы-ректор Гүлзада Шакуликова, профессор-оқытушылар, студенттер, сондай-ақ Нұрсұлу Әмірқызының туыстары мен әріптестері қатысты.
-Нұрсұлу Әмірқызы – Қазақстан геология ғылымының ірі тұлғаларының бірі. Бұл аудитория тек білім алу орны ғана емес, болашақ геолог мамандардың ғылымға деген ынтасын оятатын орта болады деп сенеміз, — деді ректор Гүлзада Шакуликова.
Аудитория геология саласындағы соңғы технологиялар мен зерттеулерді оқып-үйренуге мүмкіндік беретін оқу құралдары мен техникамен қамтылған. UTEBAYEV UNIVERSITY бұл жобаны жүзеге асыру арқылы жас ұрпаққа отандық ғылымның дамуына үлес қосқан тұлғаларды дәріптеудің маңыздылығын көрсетіп отыр.
Айта кетейік, Нұрсұлу Әмірқызы – отандық геология саласының ғылыми негізделуіне зор үлес қосқан көптеген ғылыми еңбектің авторы және тәжірибелі ұстаз. Ол геология саласында бірнеше буынның кәсіби дамуына ықпал етіп, елдің минералдық ресурстарын зерттеуге зор үлес қосты. Ғалым университет қабырғасында 1981-1994 жылдар аралығында жұмыс істеген.