Ұстаздың өнегелі өмірі

«Адам болмысы немен өлшенеді?» деген сұраққа жауап іздесек, ойға әуелі азаматтық қасиет оралады. Ал, азамат аты еліне, халқына жасалған еңбегімен келеді. Сол асқақ атқа ие шалғай аудандағы шағын мектептің мұғалімі, сол ұжымдағы кәсіподақ ұйымына жетекшілік ете жүріп, төңірегіне жақсы есімін қалдырған Ерболат Байғабыл болатын. 19-20 қазан күндері Миялы ауылында мұғалімдер арасында ұлағатты ұстаздың еңбегін насихаттап, еске алу кеші өтті.


Қаракөл орта мектебінде биология пәнінің мұғалімі болып жұмыс істеген Ерболатты ауылдастары жақсы құрметтейтін. Қай іске де өз шаруасындай білек сыбана кірісіп, соңғы нүктесі қойылғанша тыным көрмейтін оның әрбір іс-әрекеті мен жарқын бейнесі оны білетіндердің әркез есінде. Еске алу кешін «Атырау облысы білім және ғылым қызмеркерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігі мен оның аудандық филиалы ұйымдастырды.

– Ақылына бас идіріп, өмір жолынан дәріс алатындай, артына өшпес із қалдырған аға буынның айтулы тұлғаларының бірі Ерболат Нұрланұлы еді. Ол қоғам өміріне белсенді араласып, тек өз ауылы мен достары емес, жүрген ортасында сый-құрметке ие болды. Мұғалім ретінде ғана емес, кәсіподақ ұйымының қызметін де шебер ұйымдастыра білді. Бұл оның өзіне тапсырылған жұмысқа жауапкершілікпен қарауы, сенімге селкеу түсірмейтін адалдығы болса керек. мұндай азаматтар қашан да құрметке лайық, – деді бірлестік төрағасы Қылышбай Сүндетұлы.

Ерболат Нұрланұлының өнегелі өмірдерегі ұсынылған шарада оның жары, педагог зерттеуші Сандуғаш Құспан, құрдасы Бекжан Жәрдемов мен әріптестері абзал азамат туралы жылы естеліктерін айтты.

Еске алу шарасы аясында Ерболат Байғабылдың құрметіне тоғызқұмалақтан аудандық турнир ұйымдастырылып, жеңімпаздар мен жүлдегерлер марапатталды. Жарыстың қорытындысында Қайсар Аққожиев пен Гүлжанат Бағдат І орынға, Рашид Көшкінбаев пен Гүлжанат Орынбасар II орынға, Үсен Жұмабай мен Қымбат Абдулова III орынға табан тіреді. Сондай-ақ, Майра Ғабдуллина мен Нұрлан Сақтағановқа «ардагер спортшы» атағы берілсе, Аслан Қауашев пен Арайлым Елеуова ынталандыру сыйлығына ие болды. Марапат иелеріне арнайы ақшалай сыйлықтар табысталды.

Алмас БАУЫРЖАНҰЛЫ
Қызылқоға ауданы

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз