БАЛАБАҚША АТАУЫ – «БОЛАШАҚ»

Еліміздегі балабақша тапшылығын жоюға бағытталған «Балапан» бағдарламасы аясында Атырау облысында кешенді шаралар жүзеге асып, бүлдіршіндерді мектепке дейінгі ұйымдармен қамтамасыз ету мәселесі шешімін тауып келеді. Осылайша, 2015 жылы облыс бойынша мектеп жасына дейінгі сәбилер балабақша мекемесімен жүз пайыз қамтылады деп жоспарланып отыр. Елдің ертеңі болатын балғын ұрпақ үшін жасалып жатқан ортақ іске мұнайлы өңірде еңбек етіп жатқан кәсіпорындар да үлесін қосуда. Өзінің әлеуметтік, корпоративтік және экологиялық міндеттемелеріне баса көңіл бөлетін «Норт Каспиан Оперейтинг Компани Б.В.» компаниясы мен «НК Продакшн Оперейшнс Компани Б.В.» агенттік компаниясы Мақат поселкесінде 160 орындық «Болашақ» балабақшасының құрылысын аяқтап, салтанатты түрде табыс етті. 

Аудан бойынша бір мыңнан астам бала балабақша кезегінде тұрса, оның алты жүзге жуығы Мақат елді мекеніне тиесілі екен. Енді олардың бір бөлігі заман талабына сай жабдықталған, сәулетті, жарық, жаңа балабақшаға қатынайтын болады. Айта кетейік, «Болашақ» балабақшасында сәбиді ерте жастан қабылдауға мүмкіндік беретін яслилік топтар да қарастырылған. Барлығы 58 адамға есептелген штаттың құрамында 26 тәрбиеші бар. Ересек топтағы балдырғандар ана тілімен қоса, орыс және ағылшын тілдерін ерте бастан үйренбек.
«Болашақ» балабақшасының лентасын салтанатты түрде қию рәсімін жүзеге асырған Мақат ауданының әкімі Ерболат Омаров «Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауында атап көрсетілгендей, сапалы білім мен тәрбие беруге қол жеткізу мақсатында «Балапан» бағдарламасы жүзеге асуда. Бала – сарқылмас байлық. Біздің ең үлкен жетістіктеріміз балаға арналуы тиіс» дей отырып, мұнай компаниясының халықтың игілігі үшін мектеп, балабақша, дәрігерлік пункттер салып, пайдалануға берудегі рөліне тоқталып өтті.
– Мемлекет басшысы 2011-2015 жылдарға білім саласының алдына үлкен міндеттемелер қойды. Он екі жылдық білім жүйесі, соның ішінде «Балапан» бағдарламасы мектеп жасына дейінгі сәбилерді балабақшамен толықтай қамтамасыз етуді көздейді. Елімізде жыл сайын балабақшалар саны артып келеді. 2015 жылға дейін облыс бүлдіршіндері мектепке дейінгі ұйыммен тегіс қамтылмақ. Осы мақсаттың орындалуына атсалысып отырған жергілікті кәсіпорындарға облыс әкімі атынан ризашылығымызды білдіреміз,-деді облыстық білім беру басқармасының бастығы Берікқали Сәрсенғалиев.
НКОК сыртқы байланыс директоры Пьер Дельпонның айтуынша, консорциум әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру барысында Атырау және Маңғыстау облыстарында төрт балабақша ашып, көпшіліктің алғысына бөленді. Соның ішінде, жоғары сұранысқа ие болып тұрған Ақжар елді мекенінде де мектепке дейінгі тәрбие мекемесі бой көтерді.
Дәл бүгін көптен күткен қуанышты сәттің туып отырғанын білім саласының ардагері Сафи Саршаев та жасырмады. «Мұхтар Шаханов айтқандай, «баланың жүрегі – күй сандығы, оның кілтін таба білсек ұтқанымыз» деп тебіренісін жеткізді ақсақал.
Ата-аналар атынан сөз алған Рыскүл Еркетаңова балабақша кезегінде екі жыл тұрыпты. Биыл екі жастағы егіз қыздары «Болашақтың» төменгі тобына аяқ басып отыр.
Жаңа балабақша меңгерушісінің міндетін атқарушы Гүлжанат Кардаровамен құрылысы бір жарым жыл ішінде аяқталған ғимарат ішін аралап, оның қазіргі кезең қажеттіліктеріне сай жиһаздармен, оқу-әдістемелік құралдармен қамтылғанына көз жеткіздік. Балабақша төсек орынмен, тамақтану, ойнау орындарымен толық жабдықталып барып, пайдалануға беріліп отыр. Алдағы міндет – елдің ертеңіне сапалы да терең тәрбие мен білім беру болмақ.
НКОК консорциумының биылғы оқу жылы қарсаңындағы сыйы мұнымен біткен жоқ. Мақат ауданының мектеп табалдырығын аттап жатқан жүз бірдей оқушысына рюкзактар сыйға тартылды.

Құралай ҚУАТОВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз