Тәрбиесіз білім – қауіпті біз осы мәселеде қандай кемшілік жіберіп отырмыз?

Тәрбиесіз білім – қауіпті Білім

Қазіргі таңдағы ең бір өткір тұрған мәселенің бірі – жастар тәрбиесі. Ғылыми-техникалық прогресс дамыған, заманауи технологияның озық түрлеріне қол жеткен  сайын ұрпақ болашағы алаңдата түседі. Ата-анаға  деген махаббат пен ықыласты компьютерге немесе ұялы телефонға айырбастаған өрендеріміздің жанарынан немқұрайлылық пен бойкүйездікті ғана көретініміз өкінішті. «Ұлт боламын десең, бесігіңді түзе»  деген афоризмді тағы бір қайталай отырып, осынау күрделі мәселенің себебіне үңіліп көрейік.

Тәрбиесіз білім – қауіпті

Беделсіз мұғалім қайдан шығады?

Мұғалім – мектептің жаны. Оған ешкімнің дауы жоқ. Алайда, бүгінгі таңда мұғалім беделінің күрт төмендеп кетуі алаңдатады. Мәселен, өткен жиырмасыншы ғасыр білім саласы қызметкерлері үшін «алтын ғасыр» болғаны рас. Өйткені, екінің бірінің қолы жете бермейтін, үлкен сұранысқа ие мұғалім деген мәртебелі мамандықтың иелері абырой мен атаққа, беделге ие болғаны Кеңестік кезеңді көзімен көрген жұртшылықтың есінде. «Мұғалімнің сөзі – заң» болып есептелген сол бір «алтын дәуір» ұстаздары да өзгеше болатын.

Сыныпқа тек «сынып журналын» ғана ұстап кіретін сол бір оқытушылардың білімі де телегей теңіз екенін мойындағанымыз жөн. Өзі сабақ беретін пәнді ғана емес, басқа да пәндерді «бес саусақтай» біліп, шемішкеше шағатын апайлар мен ағайлар шәкірттердің үлгі-өнеге мектебі болғаны кәміл.

Мұғалімге қойылатын ең басты талаптар – өз пәнін жетік меңгеру, баланы жақсы көру, өзі қалаған мамандықты сүю. Оқушы – ғажап психолог. Олар сыныпқа енген мұғалімнің киім киісінен бастап, әр қимыл-қозғалысын қалт жібермей, қадағалап отырады. Сондықтан, ең бірінші кездесуге қатты мән берген дұрыс. Сөйлеген кезде жүйелі, түсінікті сөйлеуі қажет. Бір айтқанын екі қайталап, сабақты түсіндіріп тұрып кітапты парақтаған, жазбасына қайта-қайта жалтақтаған мұғалім бала алдында ешқандай беделге ие бола алмайды.

«Бала бақыты – ұстаздан» деп бекер айтылмаған. Сондықтан, оқытушылықты тек ақша табудың көзі, әйтеуір халықпен қатар, қызмет ететін орын деп түсіну – басты қателік. Баланы жақсы көріп, таңдаған мамандығына қалтқысыз берілген жан ғана бұл қызметте абырой мен бедел тұғырына көтерілері ақиқат.

Ата-ана қандай қателік жібереді?

Қай ата-анаға да өз баласының ісі дұрыс болып көрінуі – заңдылық. Бірақ, ұрпақ болашағын ойласаңыз, оның әр әрекетіне басқа адамның көзімен,  сынай қараңыз. Иә, баланы мейіріммен өсіру керек,  алайда, бұл оның барлық қарекетіне көз жұма қарау деген сөз емес. Мәселен, мұғалім мен оқушы сыйластығына келетін болсақ, сабақ оқымай келгеніне, тәртіпсіз қылығына ескерту жасаған ұстаз талабына наразылық білдіру оқушының мұғалімді мойындамауына, өзін бәрінен артық санауына алып келері сөзсіз.

Бұл жерде ата-ананың ескеретін жағдайы – педагог беделіне нұқсан келтірмеу. Өйткені, ол – балаңыздың тәрбиешісі. Бүгін оның абыройын бала алдында айрандай төксеңіз, ертеңгі күні балаңыз ол оқытушыны тыңдамақ түгіл, сыйламайды да. Егер бала мұғалім үстінен шағымданса, әрқашан да ұстаз жағында болу керек. Мәселен, сабақты түсінбегенін айтса, ол ұстаздың жоғары білімді маман екенін, өз ісінің білгірі екенін алға тартыңыз. Сабақты алаңдамай, ден қойып тыңдау қажеттігін ескертіңіз. Ұстаз іс-әрекетінің дұрыс екенін және оның астарында бала келешегіне қажетті тәрбие бар екенін дәлелдеңіз.

Егер ұстаз ескерту жасаса, ол ескеруге бірден мән беріңіз. Мұғалімнің айтқан ескертпесін бұлжытпай орындаңыз, бұл бала алдында ұстаз беделін жоғарылатады. Егер ұстаз ескертпесін орынсыз деп тапқан жағдайда, педагогпен жеке сөйлесіп, ашық әңгімеге шақыру керек. Шәкіртінің көзінше мұғалімге ешқашан тіл тигізбеген дұрыс. Ал, біз көбінесе баламыз сабақ  түсінбегенін айтса,  оның көзінше қазіргі педагогтардың білімсіздігін, дипломды сатып алатынын, басқа да келеңсіз жайттарды айтып жатамыз. Бұл бала психологиясына кері әсерін тигізеді. Сөйтіп, мұғалімін құрметтеудің орнына, келекеге айналдырып, дөрекілік көрсетуге әкеліп соқтырады.

Шындығында да, мемлекеттік жоғары оқу орнын бітірген маманның өз ісінің шебері екенін тек аттестациялық комиссия ғана анықтайды емес пе? Ата-ана баласынан  үлкендерді сыйлауды, тәртіпті болуды, сабақты жақсы оқуды, қолынан келетін үй жұмыстарын жасап, үй шаруасына көмектесуді талап етуі қажет. Құр сөзбен талап ету бала санасына қабылданбайды. Сондықтан, ата-ананың әр ісі бала үшін  өнеге  екенін жадымызда ұстамасақ болмайды.

Мәселен, қоғамдық көлікте келе жатып, терезе жақтағы бос орынға баласын отырғызып, өзі жанына орналасып алатын, жанында белі бүкірейген үлкен кісілер тұрса да қарамай, телефонға үңіліп немесе терезеге қарап шекірейіп отыратын жас ата-аналарды жиі кездестіреміз. Бұған өзі куә болып отырған жас бүлдіршін  қарияларды сыйлайды деп ойлайсыз ба? Жоқ, әрине! Болмаса, айтылған сын үшін мұғалімді жағасынан алып, директор мен оқу ісі меңгерушісіне, одан да  қалса жоғары инстанцияларға сүйрелейтіндер бар. Бұл қылықтар – жаңа қалыптасып келе жатқан бір адамның өміріне балта шабумен бірдей. Ата-ананың өз баласын жақсы көре отырып, саналы түрде келеңсіздікке итермелеуі.

Дөрекі жасөспірімдер көбейді

Қазіргі таңда қарапайым орта мектептермен қоса белгілі бір пәнді тереңдетіп оқытуды көздейтін гимназия, лицейлер өте көп. Ол оқу орындарында талап жоғары. Шәкірттің білімі бірінші кезекке қойылады.  Әртүрлі республикалық, халықаралық байқауларға қатысып, жүлделі орындарға ие болып жатады. Несін айтасыз, керемет! Алайда, тәрбие жұмысы қалыс қалып жатқаны да байқалады. Бұны сол гимназия, лицей шәкірттерінің қоғамдық көліктерде, көшеде өзін-өзі ұстауынан, жасы үлкен кісілермен қарым-қатынасынан байқауға әбден болады.

Даурығып сөйлеген, қарқылдап күліп, екпіндеп келе жатқан жасөспірімдерден кейде іштей сескеніп қалатынымыз да жасырын емес. Бірде Ұлттық гимназияның жаңа салынған ғимараты жанында иіріліп тұрған қыз балалардың жандарынан өте бергенде сүрініп кеткен егде әйелге жамырап күлгенін көріп, ойға қалдым. Жандарына барып, үлкен кісіге күлудің әбестігін, қайта, сүрініп кеткен кісіні демеп жіберулері қажет екенін айтқан әженің сөзін құлақтарына ілген де жоқ. Ол кісіні де келеке қылып, өздерімен-өздері күлісіп, жайбарақат кете берді. Сонда халықтық педагогика аясында тәлім-тәрбие беретін ұлттық гимназияда оқитындар мынадай, басқаларының  тәрбиесі нешік?

Әбу Насыр әл-Фарабидің «Тәрбиесіз берген білім апат әкеледі» деген сөзі ұстаздардың бір сәт те есінен шықпағаны ләзім.

P.S. Мұғалімдік мамандықты жан-тәнімен қалап, өзгенің баласын қалтқысыз сүйіп, бойындағы бар білімін беруге тырысқан ұстаздарымыз неткен аяулы еді? «Ауылдың Сухомлинскиі», «ауданның Макаренкосы» атанған Төлеген Хайырмеденов, Ғибрат Өтегенова, Сара Алпысова, Халық мұғалімі Құсиын Айтқалиев сынды ұстаздар қазіргі таңда неге жоқ?    – Осы сұрақ бүгінгі қоғамды толғантуы тиіс!..

Қағазбастылық азаюдың орнына көбейіп жатқан қазіргі жағдайда мұғалім жұмысы екі есе қиындап кеткені жасырын емес. Сабық жоспарын қағазға жазғаны аздай, ноутбуктерін арқалап жүруге мәжбүр, «электронды бағалау» дегеніңіздің өзі де оларға тағы да көптеген жұмысты үстеп тұрғаны анық.

Ал, сайлау болса, мұғалім тұрғындардың тізімін жасап, итке қабылып, әркімнің есігін қағып, дірдектеп жүргені. Бұл үшін олардың жалақысына ешнәрсе қосылмайтыны тағы рас.  Мұғалімді қолбалаға айналдырудан не ұтамыз?!

 Алматы облысы, Қарасай ауданындағы  Жаңатұрмыс орта мектебінің мұғалімі Айман Сағидуллиева мектепте мәжбүрлеп  сайлау науқанында жұмысқа жегуге, айналаны тазалауға қарсы болғаны үшін мектеп директоры Бекжан Нүсіпбековадан ескерту алыпты. Мектеп директорының үстінен сотқа шағымданған мұғалім жеңіске жетті. Бұл да қоғамдағы алғабасушылық шығар, бәлкім! Шындығында да, жоғарыда айтқан жайлар мұғалім атқаратын  жұмыс емес, оның қызмет функциясына кірмейтіні анық.  Соттың мұғалімді жақтауы — халық арасында қолдау туғызып отырған фактор. Мұғалім беделі осылай көтеріле бастар деген үміт қылаң беретіні де жасырын емес.

Мен де ата-ана ретінде мектеппен көп байланыс жасаймын. Осы орайда мұғалімдерге «айтсам» деген ұсынысым аз емес. Ең алдымен, кейбір жас мұғалімдер ата-ана алдында өздерін паң, тәкаппар ұстайды. Иә, бес баланы дүниеге әкеліп, оларды бағып-күту, үй шаруасын, қызмет жасау оңай емес. Сондықтан, бар ақшаға балаларға киім алып, өзіміз жастарға оғаштау көрінетініміз  рас.

Тағы бір маңызды нәрсе, балалардың жеке ерекшеліктері ескерілмейді. Мәселен, бір оқушы сабақты оқып келсе де қол көтермеуі мүмкін, әйтпесе, даусын жай шығаратын бала да болады. Кейде қол көтеріп отырған балалар сабақты оқымай, өтірік белсенділік те көрсетіп отырады, орнынан тұрғызса, ештеңе айта алмай  қалады. Сондықтан, баланың таудай талабына тосқауыл қойылмаса екен.

Айымгүл ТІЛЕКҚАБЫЛҚЫЗЫ,

ата-ана,

Атырау қаласы

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз