Жарнама
Білім

ҰБТ: 215 талапкер тест тапсыру мүмкіндігінен айырылды

Қазақстанда негізгі Ұлттық бірыңғай тестілеу 5 шілдеде аяқталады. Бүгінге дейін 215 талапкер тест тапсыру мүмкіндігінен айырылды.

ҰБТ-ның аралық нәтижесін ұсынған Ұлттық тестілеу орталығының мәліметіне сәйкес, бүгінге дейін түлектердің 75% – қазақ тілінде, 24,8% — орыс тілінде, 0,1% ағылшын тілінде емтиханнан өтті.

Шекті балды 67% жуық талапкер ғана жинай алған. Орташа балл – 66 балды құрады. Бүгінгі таңда смартфон, шпаргалка және басқа да тыйым салынған заттарды алып өтпек болған 215 талапкер тест тапсыру мүмкіндігінен айырылды. Тестілеу кезінде ережелерді бұзғаны үшін аудиториядан 199 адам шығарылып, олардың да нәтижелері жойылды.

«Тестілеудің бесінші аптасы аяқталды, барлығы штатты режимде өтіп жатыр. Жалпы негізгі Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысуға 290 мыңға жуық өтініш келіп түсті, олардың ішінде 160 мың өтініш бірінші мүмкіндікке, 130 мың өтініш екінші мүмкіндікке берілген. Қазір 170 мың рет тест тапсырылды, яғни, талапкерлер екінші мүмкіндігін пайдалана бастады. Өткен аптамен салыстырғанда орташа балл 1 балға жоғарылады», деп атап өтті Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев.

Еске салайық, ҰБТ-ға кіргізу кезінде үш деңгейлі жүйе қолданылады: Face ID жеке басын сәйкестендіру арқылы, жеке куәлік бойынша, сондай-ақ отырғызу орнында жеке басын сәйкестендіру. Биыл тестілеу «1 компьютер – 2 камера – 1 тестіленуші» қағидатымен өтеді. Егер бұған дейін тестілеу процесін әр компьютердің жоғарғы жағынан бақылап отыратын бір камера ғана болса, енді тестіленушінің жеке басын сәйкестендіруге және бөгде адамдардың кіруіне жол бермеуге мүмкіндік беретін екінші (фронталды) камера орнатылған.

Талапкерлер тестілеу аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде апелляцияға бере алады.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button