«Табысқа апарар жол» NIS-тен басталады
«Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымында «Жас ұстаз: Табысқа апарар жол» атты бірінші республикалық жас мұғалімдер форумы өз жұмысын тәмамдады.
«Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының Басқарма төрайымы Күләш Шәмшидинова форум қатысушыларын өзінің табысты және шығармашыл әріптестері ретінде атай алатынын мақтанышпен жеткізді:
– Біз, ұстаздар, болашақ премьер-министрлер мен президенттерді, ұлт қаһармандары мен әлем жұлдыздарын, ең бастысы, нағыз патриоттар мен бақытты адамдарды кездестіріп, оқытамыз. Бүгінде еңбек жолын бастаған әрбір жас маман өз өмірін мектепке, балаларға арнайды.
Республикалық форум жас мұғалімдердің біліктілігін арттыруға арналған NIS-тің ауқымды жобасын жалғастырды. Идеяның өзі жас ұстаздардың «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының Басқарма төрайымы Күләш Шәмшидиновамен кездесуден кейін туған. Елордада, Өскеменде, Қарағандыда, Алматыда, Павлодарда, Қостанайда бірқатар кейс-сессиялар өтті.
TEDTalk-те форумға қатысушылар мотивациялық спикерлерді ыстық ықыласпен қарсы алды, жас ұстаздар алдында өз кәсібінде табысқа жеткен беделді қазақстандықтар сөйледі.
Екі күн шығармашылық талпынысқа, жаңа таныстықтарға, кәсіби жаңалықтарға, өршіл жобаларға, шабыттандыратын тренингтер мен шеберлік сағаттарына толы болды.
Форум қатысушыларымен«галстуксыз кездесуге» Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов,«Назарбаев Зияткерлік мектептерін» Дамыту қорының директоры, «SHARE орта білім берудегі ғылым» жобасының жетекшісі Назипа Аюбаева, Қазақстан Республикасы цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің кеңесшісі Әсел Молдабекова келді.
Алматылық математика пәні мұғалімі Темірбек Сағындықовтың сөзінше, бүгінгі таңда әр мұғалім цифрлы болуы керек, бұл – сән емес, қажеттілік. Темірбек өзінің шеберлік сабағында әріптестермен пікір алмасты:
– Әлемде табысты мұғалімге қойылатын басты жеті талап бар, олардың үшіншісі – цифрлы сауаттылық және оқу процесіне жаңа технологияларды енгізу.
Тik-Тоk-та 14 мың жазылушыны есептерді тез шешуге үйреткен және балалардың математикаға деген қызығушылығын қолдаған Темірбектің үлгісі барлық жас мұғалімдерді шабыттандырды.
Семей қаласындағы Зияткерлік мектептің физика пәні мұғалімі, Қазақстаннан алғаш болып Global Teacher Prize жаһандық сыйлығының топ 50 иегері қатарына кіріп, амбассадоры атанған Асхат Жұмабеков жаңа буын ұстаздарының мерекелік көңіл күйіне ерекше үн қосты. Асхат өз мамандығын саналы түрде таңдағанын айтып, нағыз мұғалім ретінде форум қатысушыларына олардың әрқайсысы өзінің ең үздік нұсқасы бола алатынын нық сеніммен жеткізді.
Жас ұстаздар форумына қатысқан Атыраудағы NIS-тің химия пәні мұғалімі Мөлдір Дюсенғалиеваның да шарадан алған әсері ерекше.
– Форум аясында білім беру саласында және басқа да өз кәсібінде табысқа жеткен беделді қазақстандық тұлғалармен кездесулер болды. Ақпараттық технологияларды тиімді пайдалану, инсайт зертханалары, функционалдық сауаттылықты қалыптастыру, эмоционалды интеллект тақырыбында тренингтер өткізілді. Өзім үшін өте көп тың ақпараттар, керемет тәжірибе, жаңа идеялар алдым, және жаңа орта қалыптасты, – дейді ол.
Еліміздің әр өңірінде Педагогикалық шеберлік орталығы «Жасампаз жас ұстаз» жас мұғалімдер клубтарын құрып, кәсіби алаңға айналып үлгерді. «Шамшырақ» онлайн-платформасы негізінен ауыл мектептерінен келген үздік жас мұғалімдердің тәжірибесі туралы бейнематериалдар жариялай бастады.
Бүгінде «Табысқа апарар жол» бірінші форумы тарих бетіне жазылды, педагогтердің кәсіби дамуы мен байланысы үшін бірегей платформа құрылды және еліміздің үздік жас мұғалімдері NIS-пен бірге табысқа жету жолын жалғастырады.
Орынгүл Махмуд, баспасөз хатшысы