СӘНДІК ҚОЛДАНБАЛЫ ӨНЕР – ҰЛТ МЕРЕЙІ
Биыл «Сәндік қолданбалы өнер» мамандығын 43 түлек тәмамдап отыр. Оның жетеуі – үздік дипломға үміткер. Мемлекеттік аттестациялық комиссияның төрағасы болып «Ақ желкен» шығармашылық орталығының директоры Нұрберген Дәулетов бекітілген. Комиссия құрамына колледж директоры Айжан Қарабаева, педагогика ғылымдарының кандидаты Баянсұлу Тыныбаева, Ш.Сариев атындағы өнер музейінің директоры Жайдарбек Зайдуллин және колледж мұғалімдері енген.
Бұл бөлімнен «Бейнелеу өнері және сызу», «Дене тәрбиесі және спорт» мамандары дайындалып шығады. Байқағанымыз, «Сәндік қолданбалы өнер» мамандығына негізінен қыздар көп түседі екен. Биылғы жылы небәрі төрт-ақ ер бала тәмамдайды. Ал, студенттердің дені – Құрманғазы, Қызылқоға аудандарынан келген түлектер. Олардың көпшілігі әлеуметтік жағдайына қарай жатақханамен қамтылған. Студенттерге Клара Бектемірова, Еркін Бозжігітов, Смағұл Қарабалин, Айгүл Шамарова, Жанар Дурашева секілді білікті оқытушылар сабақ береді.
«Өнер және мәдениет» бөлімінің меңгерушісі Дәулет Салимовтың айтуынша, «Сәндік қолданбалы өнер» мамандығында негізінен мәдени демалысты, әлеуметтік-мәдени қызмет және мектептердегі үйірме жұмыстарын ұйымдастырушылар оқытылады.
Болашақ өнер иелері мемлекеттік емтихан тапсыру кезінде жоғары нәтижелерге қол жеткізуде. Мысалы, бітіруші түлек Әсемгүл Мұқанова «Махаббат әуені» аталатын шығармашылық жұмысын гобелен әдісімен берсе, Ұлжан Әбуғалиева табиғи ағаштан, қағаздан, жүннен қиыстырып, «Қыз ұзату» аталатын күрделі композициясын ұсынды. Талғат Рысқалиев «Сандық және қобдишалар жинағын» шеберлікпен жасапты. Түлектердің шығармашылық жұмыстары бірінен-бірі өткен күрделілігімен ерекшеленді.
Бітірушілерге «Сәндік қолданбалы өнер» мамандығын бітіргендігі туралы дипломдар тапсыру салтанаты шілде айында болады.
Нұргүл ЫСМАҒҰЛ.