БІЛІМДІ ЕЛДІҢ БОЛАШАҒЫ ЗОР

Жаңалыққа кенде емес саланың бірі – білім беру ұйымдары. Сан түрлі  реформалар  жүзеге  асып   жатқан бұл саланың жұмысы жайлы сұрақ көп. Елбасының биылғы халыққа Жолдауынан туындайтын міндеттерді іске асыру мақсатында және облыстағы білім беруді дамытудың өзекті мәселелері хақында жақында облыстық білім беру басқармасының  басшысы   Б.Сәрсенғалиев интернет-конференция  өткізді. Онлайн  режимінде ұйымдастырылған конференцияға келіп түскен сұрақтар мен басқарма басшысының   жауабын   назарларыңызға ұсынып отырмыз.

 

Сұрақ: Облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов өз есебінде балабақшалар құрылысы көптеп салынады деген болатын. Қазір салынып жатқан балабақшалар бар ма?  

Мәди,

Атырау қаласының тұрғыны. 

Жауап:– 2010 жылдан бүгінгі күнге дейін облыс бойынша 12 балабақша құрылысы салынып, пайдалануға берілді. Бес балабақшаның құрылысы жалғасуда. Үстіміздегі жылы 1960 орындық 7 балабақшаның құрылысы басталды. Олар: Атырау қаласында, Махамбет, Құрманғазы, Жылыой аудандарында.

Сұрақ: – Мен жекеменшік балабақша ашқым келеді. Үкімет  тарапынан  қандай  жеңілдіктер бар?

Қаби,

Нұрсая елді мекенінің тұрғыны.

Жауап: Жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдарға республикалық бюджет қаражаты есебінен мемлекеттік тапсырыс орналастырылады. Мемлекеттік тапсырыс алу үшін жергілікті атқарушы органдардағы мектепке дейінгі ұйымдардағы мемлекеттік тапсырыс орналастыру бойынша комиссияға құжаттар тапсырылады. Ол құжаттар тізімін жергілікті білім беру бөлімдерінен алуға болады.

Сұрақ: – Менің төрт балам бар. Ең кіші балам үште. Балабақша кезегінде тұрмын. Жеңілдікпен балабақшаға жолдама ала аламын ба?

Ілия,

Құрманғазы ауданы.

Жауап: Иә, сіз көп балалы отбасы ретінде жеңілдікпен жолдама ала аласыз. Алайда, жолдама тек бос орынның болуына қарай беріледі.

Сұрақ: – Баламды балабақша кезегіне ғаламтор желісі арқылы қалай тіркетуге болады?

Қайырлы,

Индер ауданы.

Жауап: Өзіңіздің жеке электронды  қол  қою  құқығы  берілген кілтіңіз болса, www.e.gov.kz ақпараттандырылған жүйесі арқылы үйде отырып та тіркеле аласыз немесе жергілікті жердегі  ХҚКО-на  барып  өтініш беру  арқылы тіркелесіз.

Сұрақ:2013-2014 оқу жылында  қолданысқа енген  стандартқа байланысты жаңа пәндер мен бағдарламаларға сәйкес оқулықпен қамту жұмысы қалай жүргізілуде?

Ақлима,

Индер ауданы.

Жауап: Биылғы оқу жылында бірінші сыныпқа енгізілген ағылшын тілі пәнінің оқулығы алынды. Жаңа бағдарлама бойынша оқиытын ІІ және ІХ сыныптарға оқулықтар мүмкіндігінше алынуда. Жетіспейтін оқулықтар саны қосымша анықталып, қажетті қаражат көзі қарастырылуда.

Сұрақ: – Сәлеметсізбе, менің сізге қоятын сұрағым: Құлсары қаласындағы №9 жалпы орта білім беретін мектеп үш ауысыммен оқиды. Мектепте бала саны көп. Осы мәселе қашан шешімін табады?

Жаңабай,

Жылыой ауданы.

Жауап: Мәселені шешу мақсатында Құлсары қаласындағы «Автожолшылар» ықшамауданынан 624 орындық мектеп құрылысы салынды. 2013-2014 оқу жылында мектеп құрылысы берілуге тиіс болатын. Қазіргі таңда мемлекеттік комиссияға тапсыру үшін дайындық жұмыстары жүріп жатыр, барлық құжаттар дайын болғаннан кейін мектеп пайдалануға беріледі. №9 орта мектептің оқушылары жаңа мектепке орналастырылады және Жылыой ауданы бойынша үш ауысыммен оқыту жүйесі жойылады.

Сұрақ: – Жылыой ауданы білім беру ұйымдары бойынша мамандар жетіспеушілігі мәселесі шешілді ме?

Жұмағыз,

Құлсары қаласы.

Жауап: Жылыой ауданы білім беру ұйымдары бойынша 2013-2014 оқу жылында 40 жас маман және одан бөлек 20 мұғалім жұмысқа қабылданып отыр. Олар Атырау, Орал, Ақтөбе, Көкшетау, Алматы, Өскемен қалаларының жоғары оқу орнының түлектері.

Сұрақ: – Мақат ауданындағы Доссор поселкесінде орналасқан О.Сарғұнанов орта мектебінің бастауыш сыныптарына арналған ғимараты істен шығуына байланысты жаңа мектеп ғимараты салына ма?

Айжан,

Мақат ауданы.

Жауап:300 орындық мектептің сметалық жобасына қаржы бөлініп, құжаттары Мақат аудандық білім беру бөліміменжасақталу үстінде.

Сұрақ: Қызылқоға ауданының Сағыз селолық округіндегі халық саны 7517 адамды құрайды. Осы селодағы №3 қазақ ауылы село орталығынан бөліп жатқан теміржолдың күншығыс бетінде орналасқан. Ауыл балалары селода теміржолдың келесі бетінде орналасқан 2 мектепте оқиды. Бұл оқушылардың өміріне қатер болып отыр. Мектеп жасындағы 429 оқушы теміржолдың күншығыс бетінде тұрады. Қыс мезгілінде бастауыш сынып оқушыларының теміржолдан әрі-бері өтуі поезд санының өсуіне байланысты қиындап тұр. Сол себептен теміржолдың күншығыс бетінен 300 орындық мектеп салуды сұраймыз.

Мүфти,

Қызылқоға ауданы.

Жауап: Республика  көлемінде бекітілген «Тірек ауылы» өңірлік бағдарламасына сәйкес, аталған селолық округ тірек елді мекенінің тізіміне енуіне байланысты 2014 жылы 300 орындық  мектеп ғимаратын салу жоспарға енгізілді.

Сұрақ: – Менің немерем бесінші сыныпта оқиды. Өткен жылы мектепте ыстық  тамақ ішіп еді. Биыл неге тамақ бермейді?

Жәнібек,

Махамбет ауданы.

Жауап: – Өткен оқу жылында тегін ыстық тамақ мектептердің барлық 1-4 сынып оқушылары және аз қамтылған отбасы балаларына берілді. Биыл осы жұмыс жалғасын табуда. Егер Сіздің отбасыңыз аз қамтылған отбасы санатына жатса, немереңізге мектептен ыстық тамақ тегін беріледі. Ол үшін мектеп әкімшілігіне тиісті құжаттарыңызды тапсыруыңыз керек.

Сұрақ: – Біздер отбасымызбен осыдан бір-екі жыл бұрын «Геолог Казахстана» пансионатында демалған едік. Биыл жазда пансионатта жақсы жұмыстар ұйымдастырылғанын естідік. Пансионатта қыста балалар демала ма?

Бақтығали,

Махамбет ауданы.

Жауап: Балалар үшін пансионаттың қызметі жаз мезгілінде ұйымдастырылады. Қыста ересек адамдар үшін қызмет көрсетіледі. 2014 жылдан  бастап балалар үшін де каникул мезгілінде топ жиналған жағдайда демалыс ұйымдастырылу қарастырылады.

Сұрақ: – Жас мамандарға бюджеттік несие қандай жағдайда беріледі?

Жанаргүл,

Құрманғазы ауданы.

Жауап: Бюджеттік несиелер облыстардың жергілікті атқарушы органдарына мынадай жағдайларда:

– кейіннен ауылдық елді мекендерге жұмыс істеу және тұру үшін келген денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет және спорт мамандарына, олардың тұрғын үй сатып алуы үшін теңгемен 15 (он бес) жыл мерзімге жылдық 0,01 % мөлшеріндегі сыйақы ставкасы бойынша бере отырып несиелік  шарттар жасасу арқылы беріледі;

– несиені игеру кезеңі несие алушының шотынан несие аударылған сәттен бастап есептеледі және 22 (жиырма екі) айды құрайды;

– бюджеттік несиені беру, өтеу және қызмет  көрсету  бойынша  қосымша  шарттар несие шартында белгіленеді.

Сұрақ: – Ауылдық елді мекенге келген жас мамандарға қандай жеңілдіктер беріледі?

Жасұлан,

Исатай ауданы.

Жауап:Ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергілікті өкілді органы (мәслихат), аудан (облыстық маңызы бар қала) әкімі мәлімдеген денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет және спорт салаларының мамандарына қажеттілікті ескере отырып, жыл сайын мамандарға көтерме жәрдемақы және тұрғын үй сатып алу үшін әлеуметтік қолдауды ұсыну туралы шешім қабылдайды.

Сұрақ: – 2011 жылы орыс тілі және әдебиеті пәнінен бірінші санатты алған едім. Мерзімінен бұрын жоғары санатты алу үшін қандай талаптар қойылады?

Нұрғайша,

І санатты мұғалім.

Жауап:Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің 2010 жылғы 22 қаңтардағы №16 «Педагог қызметкерлерді аттестаттау Ережесін бекіту туралы» Бұйрығының 14-тармағына сай, мерзімінен бұрын біліктілік санаттарын жоғарылататын немесе растайтын тұлғалар ерікті біліктілік тестілеуден өтеді.

Сонымен қатар, жоғары білікті санатқа: бірінші білікті санаты бар, облыстық, республикалық немесе халықаралық деңгейдегі пән олимпиадаларының, шығармашылық конкурстардың, ғылыми және спорттық жарыстардың қатысушыларын дайындаған тұлғалар;

бірінші білікті санаты бар, республикалық немесе халықаралық деңгейдегі кәсіптік конкурстардың жеңімпаздары болып табылатын тұлғалар;

немесе бірінші білікті санаты бар, аралық аттестаттау кезеңінде ғылым кандидаты (докторы) ғылыми дәрежесін, немесе магистр академиялық дәрежесін, философия докторын, сабақ беретін мамандығының бейіні бойынша докторын алған тұлғалар жедел аттестаттаудан өтеді.

Сұрақ: – 2012-2013 оқу жылында мерзімінен бұрын аттестаттаудан өту үшін арыз берген едім. Бірақ педагог қызметкерлерді біліктілік тестілеуге денсаулығыма байланысты қатыса алмадым. Мектеп әкімшілігі келесі оқу жылында аттестациядан өтеді деп шешім қабылдапты. Осы дұрыс па?  

Сағираш,

мұғалім.

Жауап: Егер де педагог қызметкер белгіленген мерзімде дәлелді себептермен білікті тестілеуден өтпесе, оның ішінде Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 4 желтоқсандағы қаулысымен бекітілген екі айдан астам еңбекке уақытша жарамсыздық мерзімі белгіленуі мүмкін ауру түрлерінің  тізбесі  бойынша  еңбекке  қабілеттілігін жоғалтқан кезде аттестаттау комиссиясы аталған педагог қызметкерді келесі оқу жылында аттестаттау туралы шешім қабылдайды.

Сұрақ: – Бұрынғы кәсіптік лицейлер қазір колледжге ауысып жатыр. Бұрын балаларымыз оқу үшін қалаға баратын, ал қазір ауылымызға жақын Сағыз станциясындағы агро-техникалық колледжде білім алуда. Қалаға оқытуға шамамыз келмейді. Алайда әттеген-ай дегізетін жағдайлар әлі бар. Оқу орнының материалдық базасы нашар. Қанша жерден ұста болсын, қолында құрал-сайманы жоқ болса, ондай ұстаның шеберлік көрсетуге шарасыздық танытары хақ. Дұрыс маман дайындап шығару үшін алдымен құрал-саймандарын сайлап беру керек шығар?

Оқитын жердің есік-терезесі ауыспаған. Қыста терезеден жел соғады. Ауылдағы  мектептердің  бәріне  пластик терезе қондырылып, жөндеу жүргізілген. Ал, Сағыздағы колледжге қашан қазіргі заманға сай қылып жөндеу жүргізіледі?

Әбежан,

ата-ана.

Жауап: 2010 жылы АДЖИП компаниясының демеушілік көмегі арқылы Қызылқоға ауданы Сағыз селосындағы Қызылқоға аграрлы-техникалық колледжі шеберханасының материалдық-техникалық базасын жақсарту мақсатында жаңа үлгідегі құрал-жабдықтар сатып алынды.

2012 жылы осы аграрлы-техникалық колледжінен түскен сұраныс бойынша, жатақхана мен шеберханасының төбе шатырын күрделі жөндеу үшін бюджеттен 11,0 млн. теңге бөлініп, жұмыстары жасалды.

2013 жылға аталған мекемеден күрделі жөндеу қажеттілігі туралы тапсырыс түскен жоқ.

Дайындаған Б.БАБАШ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз