Әр оқушы мектеп формасын сақтауы тиіс
Әлеуметтік теңсіздік пен діни көзқарастағы пікірдің сан алуандығын сақтауда білім беру ұйымдарында бірыңғай мектеп формасын сақтау – басты фактор. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтылды.
– Белгіленген заң талаптарына сәйкес әр білім алушы мектеп формасын сақтауы тиіс. Бұл ретте ата-аналар оқушыға жүктелген қағидаларды орындауға міндетті. Мектеп формасы жас ерекшеліктеріне қарай күнделікті, мерекелік, спорттық болып бөлінеді. Биыл облыста бірыңғай мектеп формасы енгізілді. Стандарт бойынша оның түсі қою көк, ұлдар үшін тобықты жабатын шалбар мен жилет, қыздарға ұзындығы тізеден бес см-ден жоғары, не төмен емес юбка мен жилет ұсынылды. Алайда, аймақта біркелкі мектеп киім үлгісі ережесін сақтамай отырған діни көзқарастағы бірнеше ата-ана бар, — деді облыстық білім беруді бақылау департаментінің басшысы Сатқан Есенғалиев.
Мұндай ата-аналармен мектеп әкімшілігі түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, талапқа көнбесе білім беруді бақылау департаментіне шағым түсіреді. Облыс бойынша білім сапасын сырттай бағалау бөлімінің басшысы Әділ Мұхамбеттің айтуынша, бүгінде 59 ата-анаға байла-нысты шағым бар. Оның ішінде 16-сына айыппұл салынып, үшеуіне ескерту берілді. Қалған құжаттар қайта қаралуда.
«Биылғы оқу жылының басында департаментке 12 арыз түсті. Бұл көрсеткіштердің тоғызы – Атырау қаласына, үшеуі Жылыой ауданына қатысты. Екі ата-ана мектеп әкімшілігінің түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде балаларының діни бағыттағы киімдерін шешіп, талапқа сай форма кигізді», — деді Әділ Жолдасұлы.
Құзырлы орган өкілдерінің айтуынша, «Қазақстанның білім беру, дене шынықтыру және спорт саласындағы заңнамасын бұзу» заңдылықтарына сәйкес, мұндай ата-аналарға бес айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады немесе ескерту беріледі. Бүгінде алты іс сотқа жолданып, барлығы департаменттің пайдасына шешілді.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА