ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫНА – ЖАҢА МЕКТЕП

Қыркүйектің 1-і – Білім күнінде Атырау қаласына қарасты Геолог кенттік округіндегі «Мирас» мөлтек ауданында (Геолог-2) жаңа мектеп ашылды. 
624 оқушыға арналған үш қабатты, сәулетті де сәнді білім беру мекемесінің салтанатты ашылу рәсіміне облыс әкімінің міндетін атқарушы Ғұмар Дүйсембаев қатысты. Ол салтанатты шараға қатысушыларды жаңа оқу жылының басталуымен, жаңа мектептің ашылуымен құттықтады.

Қазіргі таңда облыста 142 жалпы және арнаулы орта кәсіби білім беретін мектеп пен колледж болса, оларға жалпы көлемі 290 млн. теңгенің жөндеу жұмыстары жүргізілген, 2274 сынып кабинетіне компьютер орнатылған, 30 мектеп бүкіләлемдік интернет байланыс желісіне қосылған.
Өткен 2012-2013 оқу жылында 4141 мектеп бітіруші немесе барлық түлектің 82 пайызы ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысып, сынақ қорытындысы бойынша орташа білім көрсеткіші 74,1 пайызды құраған. Алтын белгіге үміткер 116 түлектің 68-і өздерінің сол деңгейге сай екендігін дәлелдеп шықса, үздік аттестатқа үміткер 89 өреннің 58-і сол межелерін ұстаған. Мұның сыртында республика бойынша ең жоғары-125 балл жинаған жеті түлектің үшеуі атыраулық болып отырғандығы да үлкен мақтаныш.
– Жаңа оқу жылы қарсаңында Индер ауданында жаңаша үлгіде бой көтерген, заманауи технологиялармен жабдықталған мектеп үйі шәкірттерге есігін айқара ашса, Мақат кентінде жаңа балабақша пайдалануға берілді. Енді міне, бүгінгі күні бәріміз тағы да ерекше маңызды оқиғаның, салтанатты рәсімнің куәсі болып отырмыз. Мұнда тек осы «Мирас» елді мекенінің ғана емес, жақын маңдағы ауылдардың да балалары білім алады. Еліміздің Ата Заңы мерекесімен, Білім күнімен орайлас келген қуанышты сәттеріңізбен құттықтай отырып, өрендерге өрелі білім, ұстаздарға шығармашылық табыс, ата-аналарға жақсылық тілеймін, – деді Ғұмар Ислямұлы.
Ойын осылайша сабақтаған ол мектеп директоры Зәуре Жолдасоваға білім беру мекемесінің рәміздік кілтін тапсырды. Өз кезегінде Зәуре Базылқызы осы салаға қамқорлық пен қолдау көрсетіп, ауыл балаларына осындай үлкен сый жасап, тарту етіп отырған ел ағаларына, құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізген мердігер мекемелердің өкілдеріне, қол көмегін беріп, жаңа нысанның мезгілінде ашылуына септігін тигізген жергілікті кәсіпкер азаматтар мен ауыл тұрғындарына ұстаздар мен шәкірттердің, ата-аналардың атынан алғысын арнап, ризашылығын білдірді.
Көптен күткен қуанышты сәт те келіп жетті. Облыс әкімінің міндетін атқарушы Ғұмар Дүйсембаев пен еңбек ардагері Тұрсынбай Бахтияров жаңа мектептің кіреберісіне керілген көгілдір лентаны қиып, білім ордасының тұсауын кесті. Сонан соң ол Атырау қаласы әкімінің міндетін атқарушы Жұмабай Қарағаев, қалалық білім бөлімінің басшысы Алпамыс Ғилымов және мектеп басшыларымен бірге жаңа ғимараттың ішін аралап көріп, танысып шықты. Мектеп директоры Зәуре Жолдасова жоба бойынша 624 орындық болғанымен, мұнда екі ауысымда барлығы 840 бала білім алатынын мәлімдеді. Соның ішінде, гимназия сыныптарының ашылып, физика, химия, биология пәндері, сондай-ақ лингафон кабинеттерінің талапқа сай жабдықталғанын, санитарлық торабының іске қосылғанын алға тартты.
Бұдан бөлек, өзіміз де көріп, куәсі болғанымыздай, мектептің аумағы атшаптырым акт және спорт залдары, бір мезгілде 360 баланың тамақтануына мүмкіндік беретін кең асханасы, үлкен кітапханасы бар. Сол сияқты мектепте төрт-бес жастағы балғындарға арналған екі шағын орталық, мектепалды даярлық тобы, үйірмелер мен факультативтер ұйымдастырылады. Мұндағы 74 дәріскердің 24-і жоғары және бірінші санатты мұғалімдер болса, 30-ы – екінші санатты, тәжірибелі мамандар. Жаңадан жоғары оқу орындарын тәмамдаған жеті мұғалім жұмысқа қабылданған. Мүмкіндікті пайдаланып, бір сәт салтанатты шараға қатысушы ата-аналардың да пікірін біліп, тілегін тыңдағанбыз.
Бақыт БИСЕНҒАЛИЕВА, ардагер ұстаз:
– Өзім де қырық жылға жуық осы салада еңбек етіп, зейнеткерлікке шыққан едім. Ауылымыздан ашылған жаңа мектептің бірінші сыныбына Іңкәр есімді немеремді алып келіп отырмын. Оның осында ойдағыдай білім алып, өрелі де өнегелі өрен болып өсеріне бек сенімдімін. Өте қуаныштымын, осындай жақсылықты сыйлаған басшы-қосшы азаматтардың баршасына рахметімді айтамын.
Мейрамгүл КАШЕНОВА, зейнеткер:
– Мен де немерем Мейірбекті бесінші сыныпқа алып келдім. Бұған дейін бастауыш сыныпты қаладағы №16 орта мектепке апарып оқытқанбыз. Қиындығы көп еді, екі-үш автобуспен қатынайтынбыз. Әсіресе, қыстың күндері оңай тимейтін. Міне, енді Мейірбегім осында оқитын болды. Осы күнге жеткізген аймақ басшылығы мен құрылысшылар ұжымына шексіз ризашылығымды білдіремін.

Дәулетқали АРУЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз