ФАРИЗА АҚЫННЫҢ АҚ ТІЛЕГІ

Облыстағы іргелі білім ордаларының бірі – Жұбан Молдағалиев атындағы облыстық дарынды балалар мектеп-интернатында да 25-ші мамыр күні соңғы қоңырау мерекесі болып өтті.
Осы білім ұясындағы соңғы қоңырау салтанатына сонау Астанадан Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Қазақстанның Халық жазушысы Фариза Оңғарсынованың арнайы келіп қатысуы болашаққа қанат қаққалы отырған түлектер үшін есте қаларлық елеулі оқиға болды.
- Осы сәттен бастап сіздерге,-деді Фариза ақын, – жауапкершілігі мол өмір есігін ашады, оның қандай болатыны тек өздеріңізге байланысты. Үлкен өмірдің негізін сіздер өздеріңіздің білім ошақтарыңызда қаладыңыздар. Ең маңыздысы, қалаған мамандықтарыңызды таңдап, еліміздің жоғары оқу орындарына түсу үшін білім нәрімен сусындадыңыздар. Бүгінгі күні қазақстандық жастарға сапалы да, қолжетімді білім алуларына мүмкіндік бар. Сондықтан, сендердің қандай оқуды мақсат етсеңдер де, ағылшын, жапон, француз, өзге де елдердің мамандарымен тең түсетін азаматтар болып өсулеріңе тілектеспін...

Осылайша ол үлкен өмірге аяқ басқалы тұрған түлектерге ақ жол тілеп, халықаралық, республикалық білім, өнер, спорт сайыстарынан жүлделі орынмен оралған оқушыларды марапаттады.
Бұдан соң мектеп-интернаттың директоры Амангелді Шалабаев сөз алды. Білім ұясы басшысының айтуынша, 2012-2013 оқу жылын 366 оқушы тәмамдап, оның ішінде 68-і үздік бағалармен аяқтаса, төрт түлек «Алтын белгіге», алты түлек «Үздік аттестат» алуға үміткер болып отыр. Алдағы міндет – ҰБТ-дан барынша жоғары балл жинау, қалаған оқу орнына түсу, таңдаған мамандықтарының иесі болу.
Түлектердің сынып жетекшісі Гуля Марданова, ата-ана Сара Жұматова, түлектер атынан сөз алған Шолпан Қанатова балаларға «алда тұрған мемлекеттік сынақтан сүрінбей өтіп, қалаған мамандықтары бойынша оқуға түсіп, елдің дамуына өз үлестерін қосатын білікті маман болыңдар» деген жүрекжарды тілектерін жеткізді. Соңғы қоңырау сыңғырын естіген түлектер «Мектеп вальсін» билеп, тілектерін жазған түрлі шарлар мен көгершіндерді аспанға ұшырды.
Ғайнолла ЗИНУЛЛИН.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз