Облыста Ілиястанушылар іріктелді

whatsapp image 2022 04 15 at 17.45.44 Білім

Атырау облысы Білім беру басқармасы «Таланттарды анықтау және қолдау орталығының» ұйымдастыруымен Жалпы білім беретін ұйымдардың VII-XI сынып оқушылары арасында ақын шығармаларын насихаттау, оқушылардың шығармашылық қабілеттері мен табиғи дарынын анықтау мақсатында «Ілияс Жансүгіров оқуларының» облыстық кезеңі өтті.

Байқаудың облыстық кезеңіне барлық аудандар мен Атырау қалалық білім бөліміне  қарасты жалпы білім беру мекемелері, сондай-ақ мамандандырылған  мектептерден 24 оқушы қатысты.

̶  Бүгін поэзия, проза, драма саласында өнімді еңбектеніп, өзіндік қолтаңбасы айқын көркем шығармалардың маржан шоғырын дүниеге әкелген әмбебап қаламгер Ілияс Жансүгіровтің шығармаларын кеңінен таныту мақсатында оқушылар арасында облыстық мақсатында «Ілияс Жансүгіров оқулары» өткізілуде. Байқаудың тағы бір ерекшелігі әрі мақсаты  ̶  оқушының дарыны мен талантын анықтау. Оқушылар бүгін өте жақсы дайындықпен келгенін байқауға болады. Оған негізде жоқ емес.Өйткені, Ілияс қарапайым ақын емес, ол  ̶  драматург, фельетоншы, сатирик, журналист, аудармашы әрі қоғам қайраткері,- деді Таланттарды анықтау және қолдау орталығының директоры Руслан Сарбалин.

Байқау қатысушылары үш бағыт бойынша бақ сынады.  «Ілияс эпик ақын» бағытында оқушылар І.Жансүгіровтің поэмаларын жатқа айтты. Ал, «Сұлу сөздің сүлейі» бөлімінде қатысушылар  ақынның бір өлеңін, прозалық, драмалық шығармаларын мәнерлеп оқиды немесе үзінді орындайды. «Ағынды менің – Ақсуым» атты үшінші бағытта үміткерлер ақынға арнаған шығармалар жинағын алдын ала қазылар алқасына тапсыру керек. Қазылар алқасының ұсынысымен оның ішінен бірнеше өлеңін жатқа, мәнерлеп оқиды.

Қатысушылардың жұмысын 3 адамнан құрылған қазылар алқасы сарапқа салды. Оның қорытындысы бойынша «Ілияс эпик ақын» бағытында Қызылқоға ауданы Ш.Еркінов атындағы орта мектептің VIII сынып оқушысы Нұрдана Қабыл, «Сұлу сөздің сүлейі» бөлімі бойынша Жылыой ауданы №7 Е.Халықов атындағы №7 орта мектептің X сынып оқушысы Меруерт Мадланова, сонымен қатар Исатай ауданы Исатай орта мектебінің XII сынып оқушысы Дана Амангелді  «Ағынды менің – Ақсуым» бағытында жүлделі І орынды иеленіп, республикаға жолдама алды.

Айта кетсек, «Ілияс Жансүгіров оқуларының» республикалық кезеңі мамыр айында Алматы облысы Ақсу ауданы Жансүгіров ауылында өтеді.

Жан-Ерке ХАЛИУЛЛИНА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз