Мектептің тірегі де, тілегі де – мұғалім

screenshot 9 1 Білім

МҰНАЙЛЫ ӨЛКЕДЕ АТАДАН БАЛАҒА МИРАС БОЛЫП КЕЛЕ ЖАТҚАН ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАРЫМЫЗ ҰЛЫҚТАЛҒАН АУҚЫМДЫ ШАРАДА ТАЛАНТТЫ ШӘКІРТТЕРІНІҢ БОЙЫНДАҒЫ ҚАРЫМ-ҚАБІЛЕТІН ЕРТЕ ТАНЫҒАН, БАҒЫТ-БАҒДАР БЕРГЕН ҰСТАЗДАР МАРАПАТТАЛДЫ. ҰРПАҚ ТӘРБИЕСІНЕ ҚОСҚАН ӨЛШЕУСІЗ ҮЛЕСІ МЕН ЕРЕН ЕҢБЕГІНЕ АЛҒЫС БІЛДІРГЕН ОБЛЫС ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ ЖАСҰЛАН БИСЕМБИЕВ МАРАПАТ ИЕЛЕРІНЕ САЛТАНАТТЫ ЖАҒДАЙДА ТӨСБЕЛГІ ТАҚТЫ.

Иә, ұстаз – ұлағатты есім. Ұстаз – жас ұрпақтың рухани сәулеткері. Ұстаз қашанда қоғам өмірінде үлкен сенімге ие болып, зерделі де зерек, парасатты, ұлттық құндылықтарды бойына дарытқан тұлғаларды тәрбиелеп келеді. Мұғалімнен өнеге-білім алып, өмір теңізіне құлаш ұрған кез келген шəкірт ұстазын биік шыңға балайды.

Ғабит Мүсірепов айтпақшы, мектептің тірегі де, тілегі де – мұғалім. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, жүзінен нұры, жүрегінен шуағы төгіліп, әрбір іс-қимылынан өнеге өрбіген ұстаздар туралы көптеп айтуға болады.

screenshot 10

«Қызмет қылсаң халқыңа, игі ат қалар артыңда» дегендей, ұзақ жылдар бойы өз мамандығының игілігін көріп, ұрпақ тәрбиелеу ісінде өлшеусіз қызмет еткен, өңірдің білім саласын өркендетуге сүбелі үлес қосқан ардагер ұстаздар марапатқа ие болды. Педагогика саласында ғұмыр бойы еңбек етiп, бар өмірін ұрпақ тәрбиесіне арнаған бір топ ұстаз «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды. Олардың қатарында Жайғали Өтеуғали, Нұрлыбек Даумов, Оңайша Қарашева, Гаухар Серікбаева және тағы басқалары бар. Айталық, Қызылқоға ауданынан келген, айтыскер ақын, ұстаз Жайғали Өтеуғали жұртшылыққа жақсы таныс. Одан білім алған шәкірттер облыстың ғана емес, республикалық деңгейдегі сайыстардан жүлделі оралып, қоғамныңәр саласында табысты еңбек етіп жүр.

 Жайғали Зинелұлынан тәлім алған оқушылар түрлі мемлекеттік награда, төсбелгілерге ие болған. Жас шыбықтай шәкіртінің бойындағы қабілетін дамытуға сүбелі үлесін қосқан ұстаз барлық марапатқа лайық екені даусыз.

Ал, «Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің Құрметті қызметкері» төсбелгісіне Сәуле Әзербаева ие болды. Сондай-ақ, шара барысында республикалық «Үздік педагог–2022» байқауының облыстық кезеңіне қатысып, білім додасында оза шапқан бір топ ұстаз да марапатталды.

 Айбөпе САБЫРОВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз