«МЕКТЕПКЕ ЖОЛ» – БОЛАШАҚҚА НЕГІЗ ҚАЛАЙДЫ
Балалардың әлеуметтік себептермен мектепке бара алмауының алдын алуды көздейтін акция шеңберінде республика бойынша бес жыл ішінде бір миллионнан аса бала материалдық көмекпен қамтылған.
Облыстық балалардың құқықтарын қорғау департаменті ғимаратында өткен «Мектепке жол» акциясы шарасының алғашқы күнінде қаладағы отыз екі балаға көмек көрсетілді. Атап айтқанда, облыстық әділет департаменті, облыстық кәсіпкерлер мен жұмыс берушілер одағы, «Көшекова» ЖК және «Астана финанс» банкі қызметкерлері келіп, балаларға оқу құралдары мен киім-кешектер табыстады.
-Биылғы акцияның ерекшелігі – бірінші сыныпқа баратын оқушылардың отбасы жағдайы алдымен назарға алынады, — дейді облыстық балалар құқықтарын қорғау басқармасы басшысының орынбасары Гүлфариза Ғұбашева. — Акция аясында облыс, қала бойынша «гуманитарлық көмек бекеті» ашылып, мектепке, отбасына қажетті заттарды, киімдерді қабылдап жатырмыз. Қала көшелерінде жарнама, автобустарға плакаттар ілінді. Онда «сенім телефондары» көрсетілді. Қазір «сенім телефоны» арқылы 12 отбасынан қоңырау түсіп, сұраныстары қанағаттандырылуда. Рейд нәтижесінде, аз қамтылған он үш отбасына қамқорлық жасалды.
Көп балалы отбасында тәрбиеленген Мейірім Төлеуішова биыл да акция аясында қамқорлыққа ие болып отыр. Ол енді мектеп киімі мен оқу құралдарын түгендеп, алғашқы қоңырау соғылар күнді асыға күтіп жүргенін айтады. Мейірім секілді бірнеше бала мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан игі шара ұйымдастырушыларына, жомарт жандарға ризашылықтарын жеткізді. Көп балалы ата-ана Нұрсәуле Тормағамбетова да аналар атынан алғысын жаудырды:
— Мен 11 баланың анасымын. Биыл кенже балам бесінші сыныпқа барады. Қазір үш балам мектепте оқиды. «Мектепке жол» акциясы — жастардың толыққанды білім алуына мемлекет тарапынан жасалып жатқан игі шара деп білемін.
Акция аясында «Иманғали» орталық мешіті де облыстық балалардың құқықтарын қорғау департаментімен бірлесе отырып қайырымдылық шарасын жасады. Жалпы мешіт қызметкерлері аталмыш акцияны екінші жыл қолдап отыр. Бұған өткен жылы мешіт жанынан құрылған «Зекет» қоры демеушілік көмек көрсетіп келеді.
Балаларды мектепке даярлауға көмек көрсету мақсатында мешітте ұйымдастырылған шараға жиырма сегіз аз қамтылған, көп балалы отбасылар балалары мен мүгедек балалар шақырылды. Мешіттің найб имамы Нұрлан Рамазанов құран оқып, балаларға денсаулық тілеп, ата-аналары арқылы мектеп құралдары мен сөмкелер сыйлады.
— Балалар өздеріне жасалып жатқан қамқорлықтарды дұрыс түсінуі керек. Жастардың бүгінгі ойлауы мүлдем басқа. Сондықтан, олардың санасына, психологиясына кері әсері тимегенін қалаймыз. Мешітте материалдық көмектермен қоса, рухани да түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Сондықтан, бұл шараға балалардың өздері емес, ата-аналарының келгенін қаладық, — дейді Нұрлан Бекболатұлы.
Облыстағы «Зекет» қорының жасап жатқан игілікті істері мұнымен шектелмейді. Олар қорға түскен қаражаттан өзін-өзі қаржылық тұрғыдан қамтамасыз ете алмайтын ауыл мешіттеріндегі дін қызметкерлеріне де жалақы беріп отыр. Халық саны аз ауылдарда қазіргі таңда мешіттерді ұстап тұру өте қиын. Имамдардың еңбекақысын айтпағанда, оның отын-суы, жөндеу жұмыстары да бар. Сол себепті, осы қор арқылы бұл мәселенің шешімі табылып келеді.
«Мектепке жол» арқылы кәсіпкерлермен қатар жекелеген адамдар, компаниялар да қайырымдылық көрсете алады. Жаңа оқу жылына әр баланың жаңа киіммен, көтеріңкі көңіл-күйде барғаны жақсы болғанымен, бұған мүмкіндігі жетпейтіндер аз емес. Қамқорлық жасаудан сіз де қалыс қалмаңыз.
Нұргүл ЫСМАҒҰЛОВА.