Маман тапшы, мұнда ата-ананың да кінәсі бар…
Бүгінгі заман – сапалы білімнің дәурені. Өйткені, еңбек нарығындағы сұранысқа ие мамандықтар ғана енді өзіндік бедел-құрметін сақтап қалады. Ол үшін мамандық иесінің негізгі білім-білігі жоғары болуы шарт. Ал, оны адамның бойына жастайынан сіңіретін мектеп пен ондағы мұғалім. Осы тұрғыдан алғанда, қазір бәсекеге қабілетті ұрпақ қалыптастыру білім беру жүйесіне жүктеліп отыр. Әлемдік талапқа сай болуы үшін Қазақстан Республикасының да білім беру бағытындағы ұлттық моделі қалыптасуы тиіс.
Осыған байланысты педагогикалық қызметкерлер оқытудың әдіс-тәсілдерін үнемі жаңғыртып, оны тиімді қолдана білуі керек. Өйткені, заман талабына сай мұғалім жүктемесі мен талаптары да өзгеріп отырады. Бұл жөнінде облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары Орынтай Биманова арнайы сұхбат барысында кеңінен түсіндірді.
– Орынтай Молдашқызы, ұстаздар үшін біліктілікті арттыру курстары жиі ұйымдастырылады. Бірақ оның пайдасы мен тиімділігінен жұртшылық бейхабар…
– Біліктілікті арттыру – мұғалімнің өз қызметін нәтижелі атқаруы үшін және кәсіби деңгейін көтеру мақсатында арнайы оқу бағдарламалары арқылы оқыту, кәсіби даму іс-шараларына қатыстыру және өз білімін көтеру.
Қазір әлем көз ілеспес жылдамдықпен өзгеріп, ілгері дамып барады. Күн санап жаңа технологиялар, интернет және Big Data, яғни деректер базасының рөлі барған сайын артып, адамзаттың, жалпы қоғамның тыныс-тіршілігіне ықпал ететіні анық. Осындай өзгерістерге тез бейімделіп, заман ағымына ілесу үшін мұғалімдерге бес жыл емес, тіпті жыл сайын біліктіліктерін арттыру керек десем артық болмас.
Білім сапасы дегеніміз – мұғалімдер қызметінің айқын көрінісі. Ал осы сапаға қол жеткізу үшін біліктілікті жетілдіру үрдісін бүгінгі талапқа сай жаңаша ұйымдастыру мақсатында «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының Педагогикалық шеберлік орталықтары, «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ филиалы, Атырау облысы бойынша педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты бірлесіп, бірқатар жұмыс атқарып келеді. Жүйенің басшы және ғылыми-педагогикалық қызметкерлерінің біліктілігін арттыратын республикалық институт, «Бөбек» ұлттық ғылыми-практикалық білім беру және сауықтыру, «Түзеу педагогикасы» ұлттық ғылыми-практикалық орталықтары және «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы тарапынан өткізіліп жатқан көптеген қысқа және ұзақ мерзімді, деңгейлік, орта білім мазмұнын жаңарту аясындағы біліктілікті арттыру курстары педагогтердің кәсіби даярлығын арттырып, ісін жоспарлай білуіне, өз бетімен білім алуына, нақты мақсаттарын болжап, оны көріп, баланың әрекетін ұйымдастыру шеберлігін шыңдауда маңызды рөл атқарады.
– Бүгінгі жаһандану дәуірінде педагогтерге зор жауапкершілік жүктелген. Соған орай салада педагогтің білімін бағалау тестілеуі де енгізілді. Бұл жаңашылдық педагог болғысы келетін жастарға тосқауыл болмай ма?
– Сұрағыңыз орынды. Бұған қатысты бүгінгі қоғамда түрлі пікір айтылып жүргенін мойындау керек. Мұғалім болу үшін тек дипломның болуы жеткіліксіз. «Оның не қажеті бар?», «Біз жоғары оқу орнында төрт жыл бойы не оқыдық?» деп жоғары курс студенттері де тестілеуден қорқып жүргендері рас.
Бірақ бір нәрсе айқын, бұл тестілеу әрбір педагогтің өз пәні бойынша білім деңгейін және пәннің оқыту әдістемесін қаншалықты меңгергенін анықтауға мүмкіндік береді. Кез-келген жас маман біліктілік тестін тапсырғаннан кейін ғана жұмысқа тұра алады.
Педагогтің біліктілігі балаларды оқыту сапасына, жас ұрпақтың біліміне тікелей ықпал етеді. Сол себепті оны тексерудің құралдарын да үнемі жетілдіріп отырғанның әбестігі жоқ. Бұл сынақты тек мемлекеттік қана емес, сондай-ақ жекеменшік колледждер мен мектеп мұғалімдері, баланы дамыту орталықтарының педагогтері де тапсыруға міндетті. Тестілеу сұрақтарында өз пәні бойынша мектеп бағдарламасы мен сабақ беру әдістемесі қамтылған. Жоғары оқу орнын бітірген, қажетті білім алған студенттерге тесттен өту айтарлықтай қиындық туғызбайды.
Ел ертеңі – бәсекеге қабілетті ұрпақтың қолында. Сондықтан уақыт пен заман талабына сай ұрпақ тәрбиелеуді білікті де білімді, жауапкершілігі мол ұстаздар ғана жүзеге асыра алатынын ұмытпаған ләзім.
– Дәл қазір еңбек нарығына зерттеу жасалып, қай салаға қандай маман жетпейтіні анықталуға тиіс. Бүгінде осындай зерттеу жүргізіле ме, қандай мамандыққа сұраныс көп?
– Еңбек нарығы зерттелмей жүр деп айта алмаймыз. Өзім техникалық және кәсіптік білім беру саласына жауапты маман ретінде еңбек нарығында қандай мамандар жетіспейтінін зерттедім. Сонда техник-инженер, күзетші, санитар, жүк көліктерінің жүргізушісі, жол жұмысшылары, сатушы-кеңесшілер сияқты мамандар тапшы екен. Ең басты сұраныста медицина қызметкерлері мен ғалым-педагогтер тұр.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та елімізге осындай мамандар қажет екенін айтқан болатын. Соған байланысты техникалық университеттер мен колледждер көбейтіліп, қосымша білім гранты бөлініп жатыр.
Ал, нарықта сұранысқа ие әр маманның өз ерекшелігі бар. Мысалы, күзетшілік те біліксіз мамандықтар тобына жатпайды. Себебі, ол үшін де сертификат қажет. Қазіргі зерттеулер бойынша Қазақстанда әрбір төртінші адам өзі оқыған мамандықпен жұмыс істемейді екен. Көбінесе жастар дәрігер, мұғалім секілді мамандықтарды таңдайды, өйткені олардың жалақысы жоғары. Ал, Қазақстанда жұмысшылары ең аз сектор – ауыл шаруашылығы. Өйткені, бұл – жалақы мөлшері төмен салалардың бірі. Десек те осы салада жоғары айлық алатындар да аз емес. Сонымен қатар, өңдеу және тамақ өнеркәсіптері мен сыршы-сылақшы, ағаш шебері, тас қалаушы тәрізді құрылыс мамандары, қосалқы жұмысшылар, тіпті тігіншілік те тапшы мамандардың қатарында. Ақпараттық технологиялар саласында ең алдымен таргет және контекстік жарнама саласындағы шеберлер, электрондық поштаның маркетологтары, SMM мамандар, бағдарламашылар, мобильді қосымшаларды жасаушылар, жоғары білікті инженерлер, персоналды дамыту бойынша қызметкерлер қажет.
Бүгінде кейбір мамандардың орнына жасанды интеллект жұмыс істейді. Алайда, жасанды интеллект орын алмастыра алмайтын мамандарға сұранысты жабу қиын. Әсіресе IT мамандар мен дәрігерлер, жоғары санатты мұғалімдер мен мәдениет қызметкерлеріне жұртшылық аса зәру.
Техниканың қарқынды дамуы мен ақпарат ағымының сәт сайын өзгеріп, жаңарып отырған заманда компьютер, IT тәрізді көлемді ақпаратпен жұмыс істейтін мамандарға деген сұраныс әлі де арта түседі.
– Қоғамда тапшы мамандықтардың орнын толтырудың бірден-бір жолы – оқушыға кәсіптік бағдар беру. Бұл бағытта мектепте жұмыс жүйелі жүргізіле ме?
– Өте дұрыс айтасыз. Қазір заманауи білім беру кеңістігінде өскелең ұрпақты кәсіби бағдарлау мәселесі – өте өзекті тақырып.
Еңбек нарығындағы қордаланған мәселелердің бірі – жас түлектің мамандық таңдаудағы қателігі мен өз мамандығының қандай болатынынан бейхабар болуы. Қандай да бір салаға оқуға түспес бұрын мамандық туралы мәлімет беру маңызды қадам дер едім.
Ескерер жайт, бізде ата-аналар балаға мамандық таңдауда біраз кедергі келтіреді. Яғни, балада мамандық таңдауға қатысты таңдау болмайды, себебі бізде оны ата-аналар өздері шешіп қояды. Кейбір ата-аналар өзінің жүзеге аспаған арманын жүзеге асыру мақсатында баласының қарым-қабілетіне қарамай, өз қалауларын таңдауға мәжбүрлеп жатады. Оған баланың бейімі мен қызығушылығы бар ма, жоқ па, оған мән бермейді. Бастысы – «диплом алды» деген түсінік бар. Ал, оны бітіріп шыққан маман сол салаға бейімі болмаса қалай жұмыс жасамақ?!
Қазіргі еңбек нарығындағы басты проблема да осы. Қолына күрек алып, күш-қайрат пен қажырлы дене қимылын қажет ететін мамандықтарға сұраныс өте жоғары. Әсіресе өндіріс ошақтары мен зауыттар маманға өте зәру.
Біз жыл сайын жаңа мамандықтар пайда болып жатқанына мән бермейміз. Сол үшін жастарға саналы түрде кәсіби бағдар беріп, өз ісінің маманы атануына жағдай жасау керек деп ойлаймын.
– Орынтай Молдашқызы, орнықты ой айтып, орынды пікірлеріңізді білдірген әсерлі әңгімеңіз үшін рахмет!
Cұхбаттасқан Тоғжан ЕРМЕК