«Worldskills Atyrau-2022» чемпионаты басталды

img 20220516 wa0103 Білім

Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары студенттері арасында жыл сайын өтетін дәстүрлі «WorldskillsAtyrau-2021» өңірлік чемпионаты басталды.

Елімізде 2015 жылдан бері тұрақты өтіп келе жатқан Worldskills қозғалысы Атырау өңірінде биыл жетінші рет ұйымдастырылып отыр.

WorldSkills құрамына 82 ел және өңір кіретін халықаралық қозғалыс. Жұмысшы мамандықтарды кеңінен таныстыру, олардың мәртебесін арттыру мақсатында өңірлік деңгейде жыл сайын өтетін бұл шараның берері мол. Бүгінде жұмысшы мамандығына қызығушылық артып келеді.  Оның дәлелі ретінде жыл сайын техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарындағы білім алушылардың қатары молайғанын айта аламыз. Сол сияқты әлемдік маңызға ие WorldSkills қозғалысына қатысуға ниет білдірушілердің саны жыл санап артып келе жатқаны қуантады. Осы орайда еңбек нарығына бәсекеге қабілетті мамандарды даярлауда ерен еңбек етіп жүрген сала қызметкерлеріне алар орындары ерекше.

«Жұмысшы қолдар олимпиадасы» деп аталатын чемпионатта 200-ден астам студент кәсіби шеберлігін сарапқа салмақ.

Аталған іс-шараға облыстық басқарма басшылары мен кәсіпкерлер палатасы, «Талап» КЕАҚ өкілдері, жұмыс беруші әлеуметтік серіктестер арнайы қатысты.

Салтанатты шараны «Талап» КЕАҚ өкілі Ардақ Бегатаров ашып, құттықтау сөзін айтты.

Бес күнге жалғасатын чемпионатта сайыскерлер 47 біліктілік бойынша бақ сынайды. Қатысушылардың жұмысын 200-ге жуық сарапшы бағалайтын болады.

Айта кетелік, кәсіби шеберлік байқауы жастар үшін әлемдік деңгейдегі озық тәжірибелермен алмасуға, біліктілікті шыңдауға, құзыреттілікті дамытуға зор мүмкіндік береді.

Жеңімпаздарды марапаттау рәсімі 20 мамыр күні өтеді.

Алмас БАУЫРЖАНҰЛЫ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз