Колледждер жұмыс берушілермен бірлесіп 2 мыңнан астам білім беру бағдарламасын әзірлейді
Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Үкімет отырысында республикада техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін дамыту үшін бизнес-құрылымдар мен инвесторларды тарту жоспарланып отырғанын мәлімдеді, — деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметі.
Ол бұл дуальды оқыту жүйесін дамытуға және кәсіпорындардың тапсырысы негізінде экономикаға қажетті мамандарды мақсатты түрде даярлауға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Қазіргі таңда небәрі 518 кәсіпорын колледждерге шефтік қамқорлық көрсетіп отыр. Алдағы уақытта колледждермен ынтымақтастық орнатып, олардың қызметіне қолдау көрсететін кәсіпорындар санын 4000-ға жеткізу жоспарлануда.
«Биыл колледждер жұмыс берушілермен бірге 2 мыңнан астам білім беру бағдарламасын әзірлейді, 1,5 мың педагог өндіріс базасында тағылымдамадан өтеді. Нәтижесінде бизнеспен ынтымақтастық жаңа деңгейге көтеріліп, колледждер нақты экономика салалары үшін жұмысшы маман даярлаудың негізгі буынына айналады», — деп атап өтті Ғани Бейсембаев.
Сурет: gov.kz