
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде ерекше жобалар іске асырылуда
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде «Гранттық қаржылдандыру» бойынша төрт және «Жас ғалымдарға» арналған сегіз жоба қолға алынған.

Ғылымды дамыту экология, қоршаған орта және табиғатты ұтымды пайдалану, энергия, озық материалдар мен көлік, елдің зияткерлік әлеуеті және агроөнеркәсіптік кешенді тұрақты дамыту бағыттары бойынша орындалуда.
-Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің негізгі стратегиялық бағыттарының бірі – ғылымды дамыту. Оқу орнымызда көптеген жоба өңірдегі мәселелерді шешуге ықпал етуде. Сондай-ақ жас ғалымдарды ғылымға бейімдеу мақсатында жыл сайын университетішілік жобалар конкурсын жариялайды. Былтыр байқау нәтижесінде 11 жоба іске асырылды. Өңірлік ғалымдардың ғылыми ізденістерін насихаттау және таратуда ғылыми басылымдар маңызды орын алады. Осы орайда «Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің хабаршысы» ғылыми журналы «Тарих және археология», «Педагогика және психология», «Экономика», «Құқық» бағыттары бойынша Ғылым және жоғары білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті басылымдар тізбесіне енгенін атап өткіміз келеді. Бұл университет ғылымының және ғалымдарының соңғы жылдардағы үлкен жетістігі. Ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру бойынша «Софмая» түйе сүтінен жаңа сусын өндіру технологиясын ұйымдастыру және коммерцияландыру» жобасы және «Физикадан толықтырылған шынайылықтың динамикалық бейнелері мен интерактивті модельдері негізінде оқу құралын әзірлеу» жобалары іске асырылуда,- деді Ғылым және халықаралық байланыстар жөніндегі проектор Қансұлу Өтепқалиева.
Айта кетейік, қазір Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің ғалымдары өңірдің әлеуметтік-экономикалық, экологиялық жағдайын ескере отырып, 2025 жылғы жергілікті бюджеттен қаржыландыруға арнайы бес жоба ұсынып отыр.
Өңірлік коммуникациялар қызметі