IV тоқсан: ОҚУШЫЛАР ҚАЛАЙ ОҚИДЫ?

izobrazhenie 2021 03 30 121729 Жаңалықтар

1 сәуірден оқу жылының IV тоқсаны басталады. Бүгінгі эпидемиологиялық ахуалға байланысты, бұл кезеңдегі оқу үдерісін ұйымдастыруда өзгерістер бар. Оқушылардың саулығын қауіпті індеттен қорғай отырып, білім сапасын төмендетпеудің мүмкіндігі де қарастырылуда. Бұл туралы кеше облыстық білім беру басқармасы басшыларының қатысуымен өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте кеңірек айтылды.

Аралас оқу форматы

Бүгінде облыстағы 197 мектепте барлығы 134 838 оқушы білім алып жатыр. Өңірдің бас санитариялық дәрігерінің қаулысына сәйкес, оқу жылының басынан бастап мектептердегі оқу процесі 4 бағытта ұйымдастырылған.

– Алдымен, 166 мектепте 42 725 оқушы қашықтан оқытылды. Ауылдық жерлердегі 30 шағын мектепте 3098 бала штаттық режимде білім алды. Одан әрі ІІІ тоқсанда 1-5 сыныптар аралас форматқа ауысып, 163 мектепте 74 342 бала оқыды. Бұл көрсеткіш осы сыныптардағы бала санының 98,5%-ын құрайды, қалған оқушылар атааналарының өтінішімен онлайн форматқа ауыстырылды. 9 және 11 сыныптарда барлығы 10846 бала аралас оқыту форматымен білім алды, – деді облыстық білім беру басқармасының басшысы Сатқан Есенғалиев.

Бұл – коронавирус инфекциясының таралу көрсеткіші бойынша облыстың «жасыл» аймақтағы кезеңінде іске асырылған жұмыстар. Ал, қазіргі эпидемиологиялық ахуал өзгеше болып тұр. Атырау облысы – «қызыл» аймақта. Кешеден бастап өңірдің бас санитариялық дәрігерінің жаңа қаулысы күшіне енді. Соған сәйкес, келесі тоқсанда білім беру мекемелеріндегі оқу ІІІ тоқсандағыдай форматта жалғасады.

– Контингенті 300 оқушыға дейінгі қалалық және ауылдық мектептерде сыныптардағы бала саны 25 адамнан асырылмай дәстүрлі форматта оқытылады. Жалпы білім беретін мектептерде 1-5 сыныптарда, халықаралық мектептерде 1-7 сыныптардағы балалар санын 25 адамнан асырмай аралас форматта оқыту жүзеге асырылады. Ал, 9, 11 (12) сыныптар үшін аптаның 6 күні ішінде: пәндердің 70%-ын штаттық режимде, 30%-ын қашықтан аралас форматта оқытуға рұқсат етіледі. Бұл жағдайда сыныпта оқушы санын 15 адамнан асырмай, «1 сынып – 1 кабинет» қағидаты бойынша оқыту басшылыққа алынуы керек. Санитариялық-дезинфекциялық жұмыстар жүргізіліп, бетперде кию режимі тұрақты сақталуы тиіс, – деді Сатқан Ыбырайұлы.

Облыстың бас педагогының айтуынша, сабақтан тыс уақытта топтарда оқушыларды жеке оқыту, балаларды түзету кабинеттері, білім беру, балаларды дамыту орталықтары, үйірмелер, балаларға арналған курстарда 15 адамнан аспайтын топтардың жұмысы кестеге сәйкес сағат 09.00-ден 18.00-ге дейін жүргізіледі. Ол жазылу бойынша жүзеге асырылады.

1 сыныпқа құжат қабылдау басталады

Жаңа тоқсандағы басты жаңалықтың бірі – келесі оқу жылында 1-сыныпқа баратын балалардың құжаты 1 сәуірден электронды форматта қабылданады. Мемлекеттік грантқа оқуға түсушілер үшін 11 сәуірде Ұлттық бірыңғай тестілеу басталады. Бұл сынақ арнайы тестілеу орталықтарында электронды форматта жүзеге асырылады. Ал, 9 және 11 сыныпты бітірушілер орта және негізгі білім аттестаты үшін оқу жылының аяғында әдеттегідей мемлекеттік емтихан тапсырады. «Алтын белгі», «Қызыл аттестат» үміткерлері бұл мәртебелерін мектептегі емтихан нәтижесінде қорғай алады. Сондықтан, түлектер мен ата-аналар осы 2 сынақтың айырмашылығын шатастырып алмауы керек.

– Биыл 9-11 сыныптар үшін орта және негізгі білімді аттестат алудағы емтихандар негізгі ережелерді сақтай отырып өткізіледі. Егер қазіргі эпидемиологиялық ахуал осы қалыпта тұрса, оқушылар мемлекеттік емтихандарды мектепке барып тапсырады. 9 сынып бітірушілер әрі қарай таңдаған колледждерінде бекітілген сынақтардан өтіп, оқуға құжат тапсыра алады. Былтырғы ахуалға байланысты 9-сынып бітірушілер мемлекеттік емтихандар тапсырмаған болатын. Бұл бағыттағы жұмыстар үшінші тоқсанның қорытындысымен жүргізілген еді, – деді Атырау облысының білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Болат Атыбай.

Облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары Айнагүл Дүйсекенова жаңа оқу тоқсанында барлық мұғалімдер мен оқушыларға, ата-аналарға сәттілік тілеп, мектептер санитарлық талаптарды қатаң сақтауы керектігін қадап айтты.

– Қандай кезең болса да «саулық – сақтықта» қағидасын басты назарда ұстауымыз керек. Эпидемиологиялық ахуал тұрақтанса, оқушылар толық мектепке баратын болса, арнайы министрліктің бұйрықтары мен нормативтік құжаттарына сәйкес, бүгінде онлайн форматта ғана оқып жатқан 6, 7 және 8, 10 сыныптар да дәстүрлі оқу форматына көшіріледі. Қазір бізде онлайн және офлайн форматта оқытудың әдіс-тәсілдері жетілдірілді. Төртінші тоқсанда 1-5 және 9-11 сыныптар үшін кезекші сыныптарды қайтадан ұйымдастыруға мүмкіндік бар. Бұл ата-аналардың өтініші негізінде жүзеге асады, – деді Айнагүл Байғанинқызы.

Брифинг барысында жұртшылық өздерін толғандырып жүрген сұрақтарын жолдаған еді. Жауапты орын өкілдерінің жауаптарымен бірге, оның бірқатарын оқырман назарына ұсынғанды жөн көрдік.

– Интернеті жоқ, шалғайда жатқан ауылдарда білім беру жұмысы қалай ұйымдастырылып отыр?

– Өңірде 197 мектептің барлығы интернет желісімен толықтай қамтылған. Шалғай ауылдарда 30 мектеп бар. Олардың ішінде интернет желісімен қамтылмағаны аз. Бұл білім ордаларында пандемия жарияланғаннан бері «1 сынып – 1 кабинет» қағидасына сәйкес, оқушылар мектептен дәріс алуда. Яғни, оларда бала санының аздығына байланысты жұмысы онлайн форматқа көшірілген жоқ. Жалпы, облыст а интернет мәс еле сі толықт ай шешілген деуге болады. Атырау қаласында жаңадан салынған 27 шағынаудан бар. Оларға интернет желісі біртіндеп жүргізілуде. Соған қарамастан, мұндағы оқу процесі жүйелі ұйымдастырылып отыр. Үйде интернетке қосылуға мүмкіндігі жоқ оқушыларға қосымша роутерлер алынып берілді. Қадағалушы департамент те барлық мектептердің, оқушылардың интернетпен қамтылуын қадағалауда. Бұл бағытта қордаланған проблема жоқ деуге болады.

– Бүгінде ерекше балалардың саны аз емес. Оларды оқыту процесі қалай ұйымдастырылып отыр?

– Қазір білім беру мекемелерінде ерекше білімді қажет ететін 7000-ға жуық бала есепте тұр. Олар үшін арнайы бағдарлама жасақталған. Бірнеше мектепте инклюзивті білім беру жүзеге асырылуда. Мұндай оқушылардың денсаулық жағдайына ерекше маңыз беріледі. Білім ордасына келуге мүмкіндігі болмаса, жиі-жиі ауырып қалса оқытушы оқушыны үйіне барып оқыта алады.

– Бұған дейін балабақшалардағы кезекші топтағы бала саны 25-ке дейін болған еді. Жаңа қаулыға сәйкес, бұл көрсеткіш 15-тен аспауы керек. Бұл жағдай енді қалай реттелмек?

– Жаңа қаулыға сәйкес, балабақшадағы кезекші топтардағы бала саны 15-тен аспауы керек. Бұл үшін ата-аналармен түсіндірме жұмыстары жүргізілуі маңызды. Балабақша басшылығы отбасылардың жағдайын ескере отырып, кезекші топтағы балалардың санын белгіленген көрсеткіштен асырмауы қажет.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз