БОЛАШАҚ ЖОЛШЫЛАР ЗЕРТХАНА ЖҰМЫСЫМЕН ТАНЫСТЫ

whatsapp image 2021 09 20 at 18.34.31 2 Білім

«Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК Атырау облыстық филиалында болашақ жолшыларға арналған ашық есік күні өтті.

Ашық есік күніне Атырау энергетика және құрылыс колледжінің «Автомобиль жолдары мен аэродромдар салу және пайдалану» мамандығы бойынша білім алып жатқан 1 және 2 курс  студенттері келді. Оларға зертхана меңгерушісі Ж.Шарипов, инженер С.Қанатова, зертханашылар С Жолдаева, Д.Хайруллин жол құрылысы кезінде пайдаланылатын материалдардың сапасын тексеруді, қиыршықтас, битум, асфальт-бетонның тығыздығын, төзімділігін анықтауды көрсетті. Жаңарған құрылғылармен таныстырды. Филиал зертханасы жыл басында  күрделі жөндеуден өтіп, типтік үлгідегі зертхана арнайы жасақталған болатын. Ашық есік күнінің мақсаты – студенттердің өздері таңдаған мамандыққа қызығушылығын оятып, жол салу жұмыстарының қыр-сырын тәжірибе негізінде үйренулеріне мүмкіндік жасау. Зертхана меңгерушісі, кәсіби маман Жантас Шарипов Атырау облысында бұрын жол саласы мамандарын даярлайтын оқу орнының болмағанын, салдарынан маман тапшылығы барын айтты. Енді Атырау энергетика және құрылыс колледжінде ашылған жаңа мамандық жолшыларға, әсіресе, жол құрылысшыларына деген сұранысты жояды деген пікірін білдірді. Бір қуанарлығы бұл студенттердің болашақта «дуалды білім» жүйесі бойынша жұмыс жасап, қаражат табуларына да мол мүмкіндік бар.

 Қазірдің өзінде филиалда О.Көшеков атындағы Атырау агро-техникалық колледжінің 3 студенті еңбек етіп, табыс тауып жүр.

whatsapp image 2021 09 20 at 18.34.31
Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз