Көп тілді білім беру мүмкіндігі

0741d9eb68ed0f85bbc1e1dda784f4cc XL Білім

Қ.Дүтбаева атындағы Атырау гуманитарлық колледжі білім беру саласының жаңа стандарттарына сай жүйелі жұмыс жасап келеді. Соның бір тетігі аталмыш білім ордасында өткен «Заманауи оқыту – көп тілді білім берудің мүмкіндігі» атты облыстық семинарда көрініс тапты.

0741d9eb68ed0f85bbc1e1dda784f4cc_XL-960x460

Семинарда аймақтағы 17 мектеп мұғалімдері мен агротехникалық, көп салалы «Болашақ» колледждерінің қазақ, орыс және ағылшын тілі пәндерінің оқытушылары тәжірибе алмасты. Шараны аталмыш колледждің директоры Айжан Қарабаева ашып, қазақ тілі мен әдебиеті пәні оқытушысы Самал Масатованың жетекшілігімен ұйымдастырылған драматург Р.Отарбаевтың «Сұлтан Бейбарыс» тақырыбындағы қойылыммен жалғасты.

Елбасы «Қазақстан бүкіл әлемде халқы үш тілді пайдаланатын мәдениетті ел ретінде танылуға тиіс. Бұлар: қазақ тілі – мемлекеттік тіл, орыс тілі – ұлтаралық қатынас тілі, ағылшын ­­– жаһандық экономикаға ойдағыдай кірігу тілі» деген болатын.  Осы орайда колледждің «Көптілді оқыту» орталығының әдіскері Р.Есенғариева «Көптілділік ­– кемел келешек кілті» тақырыбында баяндады. Ол жастардың үш тілді өзара ұштастырып, орнымен қолдана білудің заман талабы екенін баса айтып, бұл бағытта атқарылған жұмыстарға тоқталды.

Тілдерді оқытудың жаңа әдіс-тәсілдері талданған тәжірибе алмасуда педагогтар ­– К.Шалабаева, Ж.Мағазова, Р.Есенғариева «Тұрақты сөз тіркестері» тақырыбында «Ұлы даланың жеті қырына» байланыстырылған кіріктірілген сабақ өткізді. Ал, географ Р.Оспанова мен ағылшын тілі пәнінің оқытушысы Қ.Досқариева «Бразилия және оның халқы» CLIL әдісімен, С.Мұқанов атындағы орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі А.Мұстажапова Ш.Құдайбердіұлының «Жастарға» өлеңінің идеялық құндылығы» тақырыбында сабақтар ұйымдастырды. Бұл студенттер үшін қызықты, әрі пайдалы болды. Ағылшын тілін оқыту орталығының оқытушысы Абасс Олайоденің шеберлік сағаты, ағылшын тілі пәнінің оқытушысы Ш.Опаның «Тіл – ­­мәдениет алмасу айнасы» атты тренингі көпшіліктің көңілінен шықты.

Латын әліпбиіне көшудің қазақ ұлты үшін маңыздылығы қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы Ж.Жалғасбаеваның «Жаңғыру – жазудан басталады» атты тренингте талқыланды. Қазақ тілінің рухын асқақтататын, заман талабына сай үш тілде жетік сөйлейтін жас ертеңгі еліміздің қарқынды дамуына септігін тигізері сөзсіз. Ел игілігі үшін атқарылып жатқан осындай игілікті істерге біздің колледждің де қосар үлесі мол.

Жанар  МАҒАЗОВА,

Қ.Дүтбаева атындағы Атырау гуманитарлық колледжінің

бөлім меңгерушісі.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз