Баннер 9 мая от газеты Атырау

Атыраулық Динара «Болашақ» бағдарламасымен қалай оқып келгенін айтты

dinara Жаңалықтар

«Мен үшін «Болашаққа» жол IELTS емтихандарын тапсыруға дайындалудан басталды» дейді атыраулық «Болашақ» бағдарламасының түлегі Динара НҰРЫШЕВА.

«Талап бойынша, халықаралық тест кезінде әр үміткердің тілді меңгеру деңгейі тексеріледі  Әдетте «болашақтықтардың» көп бөлігінің таңдауы Ұлыбританияға түсіп жатады. Оған себеп, Ұлыбритания университеттеріндегі оқу бағдарламасының тиімділігінде болса керек. Ал, менің бұл елді таңдауыма ағам қатты ықпал етті. Себебі, ол сол кездің өзінде-ақ Лондонға ғашық еді. Оның үстіне, лондондық оқу орындарының бағдарламаларын қарай отырып, өзіме ыңғайлы көрінген тамаша жобаны таптым. Осылайша, бакалавриатты тәмамдаған соң, 2011 жылдың жазында Лондон университетінен шақырту алып, «Болашақ» бағдарламасына құжат тапсырдым. Қуанышты хабар арада бір ай өткенде ғана келді» дейді ол.

Біз Динарадан шетелдегі қазақ жастарының «өзге елде өмір сүрудің өзі  кез келген адам үшін оқу, өмір мектебі саналады» деген сөзге түсінік беруін сұрадық.

«Расымен де, шетелде жасаған әр қадамың сайын, мейлі ол университет, кітапхана, жолдан өтіп бара жатқан қарапайым ғана уақыт, тіпті кезекте тұрған сәтте де сіз еңбекпен келген технологиялық жаңғырудың адам өмірін қаншалықты жеңілдеткеніне куә боласыз.

Әдетте, Ұлыбританиядағы магистрлік бағдарламалар бір жылға созылады. Бірақ, сол бір ғана жылдың өзі менің жеке тұлға ретінде және кәсіби тұрғыда өсуіме зор ықпалын тигізді. Басты түйгенім, мұндайда жауапкершіліктің барлығын оқу орнына артып қою артықтау. Себебі, сапалы білім алу, жауапкершілік жүгі деген мәселелер студенттің өзіне де байланысты.

Мәселен, Ұлыбританияның оқу орындарында, жалпы өзге де батыс елдерінің университеттерінде жұмысы «үштікке» бағаланған студент пен Қазақстанда осындай бағамен оқитын студенттердің арасындағы айырмашылық жер мен көктей. Айталық, батыс елдерінде «үш» деген бағаны әдетте күн ұзаққа кітапханада отырып оқығандар, консультациялық сабақтарға барғандар, тақырып бойынша сарапшылармен кездескен студенттер алады. Ал, Қазақстанда дәл осы бағаны сабаққа мүлде келмегені өз алдына, курс бойынша тіптен материал оқымайтындар алуы мүмкін.

Тағы бір айта кетерлігі, Ұлыбритания елінде студенттер семинар, лекцияға қатысу деңгейіне қарай емес, жазба жұмысты орындау сапасына қарай бағаланады.  Ол елдің оқу жүйесі негізінен студенттің жеке жұмысын салмақтауға бағытталған. Тағы бір ерекшелігі, әр студентке жеке супервайзер бекітіледі. Оған кез келген уақытта оқу ғана емес, өмірлік мәселелерге қатысты сұрақтармен баруға болады» деді Динара.

«Егер сен өзің жасамасаң, сен үшін оны ешкім жасамайды». Динараның айтуынша, Лондон университеті қазақстандық жастарды осы принципке берік болуға үйретті.

dinara nurusheva

«Тіпті, магистрлық диссертацияны жазар кездің өзінде ғылыми жетекшілеріміз бізге олардың жұмыстағы үлесі тек 5 пайызды ғана құрайтынын айтумен болды. Ал, жұмыс сапасының 95 пайызы түгелімен студенттердің өзіне байланысты.

Әрине, бұл жағынан келгенде студенттерге барлық жағдай жасалған. Әдебиетке бай кітапханалардың есігі таң азанынан қас қарайғанға дейін ашық тұрады.

Осы кезге дейін жинақталған тәжірибелерімді сараптай отырып, баршаңызды әлемдегі ең басты құндылық болып саналатын адами ресурсты бағалай білуге шақырамын. Мысал үшін айта кетсек, Лондон автобустарында кетіп бара жатып, дүниежүзілік жылыну, белгілі бір елдегі мәдени шаралар немесе Африкаға сапар туралы әңгімелерге әбден қанығуға болады. Ал, бізде ше? Бізде де қоғамдық көліктер және оған тұрақты мінетін жолаушылар бар. Тек, олардың әңгімесі негізінен нанның немесе өзге де азық-түлік түрлері бағасының қымбаттауына, одан қалды коммуналдық қызмет төлемдерінің бағасына арналып жатады. Яғни, біз әлі күнге күйбең тірліктің, қазан-ошақ әңгімесінің айналасынан шыға алмай келеміз» деді Динара.

Баян ЖАНҰЗАҚОВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз