«БІЛІМДІ МЫҢДЫ ЖЫҒАДЫ»
Бес күнге созылатын білім сынында еліміздің 16 өңірінен, Назарбаев зияткерлік мектептерінен, О.Жәутіков атындағы республикалық физика-математикалық және Абай атындағы республикалық мамандандырылған мектеп-интернаттарынан барлығы 556 оқушы қатысып, тоғыз пән бойынша өз білімдерін сынап көрмекші. Атап айтсақ, олар — қазақ, орыс, неміс, ағылшын, француз тілдері, Қазақстан тарихы және құқық пәндері.
Олимпиаданың ашылу салтанаты 24 наурыз күні сағат 16.00-де Махамбет атындағы қазақ драма театрында өтеді. Білім додасының турлары 25-26 наурыз күндері Атырау қаласының №35 мектеп-гимназиясы базасында өткізіледі деп жоспарлануда.
— Олимпиада барысында 45 қазылар алқасы, 19 команда жетекшілері жұмыс жасайтын болады, — дейді Атырау облыстық білім беру басқармасының бөлім басшысы Роза Қабдолова. — Білім додасына қатысушылардың алғашқы легі облысқа ертеңнен бастап келеді. Оларды қарсылап, орналастыруға дайынбыз. Олимпиада аясында өзге облыстардан келген қонақтарға мұнайлы астанамызды таныстыру жоспарымызда бар. Осыған орай, облыс орталығындағы өндіріс және білім беру нысандарын аралатып, саяхат ұйымдастырамыз.
Айта кетсек, жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың III кезеңі, яғни, облыстық олимпиада Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің және Атырау облыстық білім беру басқармасының бұйрықтарына сәйкес ағымдағы жылдың 9-10 қаңтарында Атырау қаласы №35 мектеп-гимназиясының базасында өткізілген болатын. Естеріңізге сала кетсек, мұнда Атырау облысынан барлығы 673 оқушы қатысқан еді. Облыстық олимпиаданың қорытындысы бойынша 300 оқушы жүлделі орындарға ие болып, дипломдармен марапатталды. Жоғары ұпай жинаған оқушылар (жаратылыстану-математика бағытында – 36 оқушы, қоғамдық-гуманитарлық бағытында – 42 оқушы – ред.) республикалық олимпиаданың IV кезеңіне жолдама алды. Мамандардың айтуынша, олардың ішінде басым көпшілігі – халықаралық, республикалық олимпиадалардың жүлдегерлері мен қатысушылары.
Осы жерде жағымды жаңалықпен бөліскенді де жөн санап отырмыз. Күні кеше ғана Орал қаласында өткен жаратылыстану бағыты бойынша республикалық пән олимпиадасына қатысқан 36 атыраулық оқушының үшеуі жүлделі орындарға ие болды. Информатика пәнінен қазақ-түрік лицейінің оқушылары Айбын Хайреден мен Бекет Баямиров және химия пәнінен ағылшын тілін тереңдетіп оқытатын техникалық гимназия оқушысы Іңкәр Мақсот ІІІ орынды иеленді.
— Бүгінгі оқушылардың білім деңгейі – өте маңызды мәселе. Өмір бойы білім алу жас жеткіншектердің жеке кредосына айналуы тиіс. «Дарынды оқушылар, табиғат берген ерекше сыйды қастерлеп, дамыта біліңдер. Кемері толған кемелді ой мен білікті білімдеріңді, өнерлеріңді туған елдің керегіне жаратыңдар. Келешектің кілті – өздеріңде!», — деп Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, біз де дарынды балаларға үлкен үміт артамыз, — дейді облыстық білім беру басқармасы басшысы Берікқали Сәрсенғалиев.
Білімімен дараланған дарабоздар
Атырау облысы бойынша республикалық пән олимпиадасына 42 оқушы қатысады. Атап айтсақ, облыс орталығынан – 7, Ж.Досмұхамбетов атындағы облыстық лицейінен – 5, Кіші өнер Академиясынан -1, облыстық дарынды балаларға арналған ұлттық гимназиядан – 4, қазақ- түрік лицейінен – 6, облыстық дарынды балаларға арналған мектеп -интернатынан – 3 және аудандардан 16 оқушы өз білімдерін республикалық додада сынап көрмек.
Түрлі халықаралық додаларда шашаларына шаң жуытпаған олардың әрбір жетістігі – облыс үшін үлкен мақтаныш. Солардың қатарында қазақ-түрік лицейі ұстаздары өз білімімен ерекше дараланып жүрген шәкірттерінің бірі Жеңіс Жанғалиевті ерекше атайды.
Өткен жылы сегізінші сыныпта оқып жүрсе де облыстық деңгейдегі олимпиадаға 9-сыныптың бағдарламасы бойынша қатысып, ІІІ орын еншілеген Жеңіс биыл 10-сынып бағдарламасымен топты жарып, жеңіс тұғырынан көрінді. Республикалық олимпиадада да зор жетістікке жетеді деп ұстаздары үміттеніп отыр.
Сондай-ақ, олимпиадада бақ сынайтын жерлестеріміздің басым бөлігін облыстық Ж.Досмұхамбетов атындағы дарынды балаларға арналған лицей менұлттық гимназия шәкірттері құрайды.
Үміт алға шақырады…
Атырауда өтетін республикалық олимпиадаға Батыс Қазақстан облысынан 32 оқушы қатысады. Олар – дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернат, мектеп-гимназия, қазақ-түрік лицейі және жалпы білім беретін мектептер оқушылары. Мамандардың айтуынша, республикалық олимпиадаға іріктелген оқушылардың барлығының деңгейлері мен жетістіктері жоғары, басым көпшілігі – халықаралық, республикалық олимпиадалардың жүлдегерлері.
— Республикалық білім додасында Жамбыл облысы 28 шәкіртіне сенім артуда. Олар облыстағы жеті гимназия, 17 мектеп-гимназия, үш мектеп-лицей және төрт дарынды балаларға арналған білім мекемелерінде тәрбиеленіп, дәріс алуда. Жалпы білім саласында шәкірттеріміздің түрлі жарыстардағы көрсеткіштері жақсы деуге болады. Мәселен, облыс бойынша халықаралық, республикалық интеллектуалдық іс-шараларға 33151 оқушы қатысып, оның 4085–і, яғни, 12,3 пайызы жеңімпаз атанды. Өткен оқу жылы бойынша республикалық олимпиада қорытындысымен Жамбыл облысының командасы командалық есепте І орынды иеленіп, «Ең үздік олимпиадалық команда» және ғылыми жобалар жарысында «2014 жылғы республикалық ғылыми жарыстың үздік командасы» атанған. Биылғы білім бәсекесінде де оқушыларға зор сенім артып отырмыз, — дейді Жамбыл облыстық білім беру басқармасының басшысы Сұлушаш Құрманбекова.
Білгеніміздей, Қарағанды облысынан олимпиадаға 36 оқушы өз білімін сынауға келмекші. Бұл оқушыларды тек мектептің білімді ұстаздары ғана емес, сонымен қатар, Е.А.Букетов атындағы Қарағанды мемлекеттік, Қарағанды медициналық және Қарағанды мемлекеттік технологиялық университеттерінің ұстаздары да дайындауға өз үлестерін қосқан.
Қарағанды облысындағы Балқаш қаласының №15 мектеп-лицейінің директоры Қарлығаш Дүбірбекованың айтуынша, аталған қаладан екі оқушы олимпиадаға қатыспақшы.
— Абылайхан – біздің биылғы түлегіміз. Қазақ тілін өзі сүйіп оқиды. Ақпанда өткен республикалық ғылыми жобалар сайысында шәкіртіміз «Көркем шығарма және өнердің аудиовизуалды түрлері» атты зерттеу еңбегі арқылы ІІІ орын еншіледі. Алматыда өткен «Қазақ журналистикасының бүгіні мен болашағы» атты ғылыми-тәжірибелік конференцияға ұсынған мақаласы арқылы Бас редакторлар клубының сертификатын иемденді. Бұдан басқа да көптеген жетістіктері бар, — дейді мектеп-лицей директоры Қарлығаш Шәкәрімқызы.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, республикалық олимпиада бес күнге созылады. Оқушылардың терең білімдері мен жоғары деңгейге жеткен шығармашылық жетістіктері оларды алға жетелейтініне күмән жоқ. «Білімді мыңды жығады» дейді дана халқымыз. Сондықтан, білім сынағында оқушыларға сәттілік тілейміз!
Жеңіс ЖАНҒАЛИЕВ, Атырау қазақ-түрік лицейінің 9-сынып оқушысы:
— Ағылшын тіліне деген қызығушылығым облыстық дарынды балаларға арналған мектеп-интернатында оқып жүргенімде оянды. Кейін қазақ-түрік лицейіне келіп, дайындықты жіті қолға алдым.
Ұстаздарымның маған деген сенімі, білім нәрімен сусындатқан еңбектері арқасында біраз нәрсені меңгеріп, түрлі білім жарыстарында бақ сынап келемін. Халықаралық «Бридж Бульдог» байқауында жеңіске жетіп, «Золотое руно» сайысында ІІ орын иелендім. Сонымен қатар, «Ақбота» байқауына да бірнеше мәрте қатыстым. Бұл олимпиадаға дайындығым жаман емес, үйде ағаммен, лицейде мұғалімдеріммен бірігіп дайындалып жүрмін. Қиынға соқпайды деп ойлаймын.
Абылайхан ӨМІРБАЕВ, Балқаш қаласының №15 мектеп-лицейінің 11-сынып оқушысы:
— Қазақ тіліне деген сүйіспеншілігім 7-ші сыныпта оқып жүрген кезімнен бастап оянды. Мемлекеттік тілге деген құрметім ел додасында бақ сынауға жетеледі. Дайындығым жүйелі түрде жүріп жатыр. Болашақта да өмірімді филология және журналистика саласымен байланыстырғым келеді. Тағы бір қуантарлығы, еліміздің мұнайлы астанасы саналатын Атырауды көруге асықпын.
Александра ГРАЖДАНКИНА, Тараз қаласындағы №1 гимназияның 11-сынып оқушысы:
— Атырауда өтетін республикалық олимпиадада орыс тілі және әдебиеті пәнінен екінші мәрте бағымды сынағалы отырмын. Бұл дода өткен жылы Шымкент қаласында өткен болатын. Мұнда ІІІ орынды еншіледім. Бұл мен үшін үлкен жетістіктерімнің бірі болды. Өйткені, талай мықтылардың білім деңгейін саралайтын олимпиадада үздік үштік қатарына кірдім. Осы жолы бұдан да жоғары жетістікке жетуге тырысамын.
Орыс тілі пәніне деген қызығушылық бастауыш сыныптан басталғанымен, тыңғылықты дайындалуды сегізінші сыныптан бастап қолға алдым. Содан бері қалалық, облыстық білім сындарына қатысып келдім. Болашақта да өмірімді осы саламен байланыстырып, журналистика мамандығының қыр-сырын меңгергім келеді.
Айгүл ЕРТІЛЕУ.