Білімді дамытудың бірегей үлгісі

89 Білім

Қазір жас ұрпақтың білім-білігі терең, заманауи бәсекелестікке түсе алатындай жан-жақты, интеллектуалды болуы үшін мүмкіндік мол. Бұл мақсатқа өңірдегі алпауыт мұнай компаниялары да мүдделі. Сенбі күні Жылыой ауданының орталығы – Құлсары қаласында «Caravan of Knowledge» корпоративтік қорының «Zhylyoy steam mekeni» жобасы аясында өткен алғашқы «Steam fair Zhylyoy» ғылыми-білім беру фестивалі де оның айқын айғағы. Бұл – Жылыой ауданында және Маңғыстау облысының Бейнеу ауданындағы Боранқұл ауылында ғылым мен заманауи технологияларды, роботтық техниканы насихаттау және STEAM білім беруді дамытуға арналған бірегей жоба.

Атырау қаласы мен Жылыой ауданындағы жалпы орта білім беретін мектеп оқушыларынан жиналған 13 топ бәсекеге түскен фестиваль «ZhasSTEAM» және «Steam Ustaz» атты екі негізгі бөлімнен тұрды. Онда Қазақстанның түкпір-түкпірінен арнайы шақырумен келіп сөйлеген спикерлердің ішінде AIFC бұрынғы басшысы, физика олимпиадасының әлем чемпионы Ернұр Рысмағамбетов, STEAM мектептеріндегі медиа менеджмент саласының сарапшысы Әнуар Оңайбеков және «Urban School», cosmos Npio КЕҰ директоры Александр Лукашевич болды. Олар баланың дамуына қажетті  факторлар, «Contest based learning» әдістемесі және бәсекелестік, жеке қасиеттер мен білімді жақсартудың жолдары туралы әңгімеледі.

Сонымен қатар «Zhylyoy steam mekeni» жобасының қатысушылары, Жылыой ауданының педагогтары роботтық техника бойынша команданың жаттықтырушысы E=mc2, FGC Central Asia финалисті Нұрсәуле Төлеуова, математик әрі YouTube блогері Жамбыл Қабдешев, математика пәнінің мұғалімі Амангүл Тәжбенова мен биология пәнінің мұғалімі Мәдина Сағынғалилар да дәріс берді. Дәріс барысында жаңа технологиялар мен роботтық техника туралы, YouTube-тің баланың білім алуына қалай көмектесе алатындығы және жаңа технологиялардың объективі арқылы математика мен биология пәндеріне жаңа көзқараспен қарауға болатындығы туралы айтылды.

Айта кетелік, жоғарыда аталған мұғалімдер аталған жоба аясында бір жыл ішінде роботтық техника, жаратылыстану-ғылыми пәндер мен математика мұғалімдерінің біліктілігін арттыру, басқа да бағдарламаларда оқып, білімін жетілдірген.

Қолданысқа енгеніне көп бола қоймаған STEAM дегеніміздің өзі – оқытудың біріктірілген тәсілі. Яғни, осы арқылы академиялық ғылыми-техникалық тұжырымдамалар шынайы өмір контексінде зерттеледі. Мақсаты – мектеп, қоғам, жұмыс және бүкіл әлем арасында STEAM-сауаттылықты дамытуға және әлемдік экономикадағы бәсекеге қабілеттілікке ықпал ететін нық байланыстарды орнату.

Біздің елде де STEAM білім беруді дамытудың белсенді кезеңі басталды. Аталған фестивалге қатысқан облыстық білім беру басқармасының басшысы Ерлан Сламбеков те білім берудің бұл түрінің өмірімізге етене еніп, оқушыларға арналған арнайы жобалардың жүзеге асып жатқанына ризашылығын білдірді, жүйенің сала қызметінің сапасын арттыруға өзіндік септігін тигізерін де атап өтті.

90

Фестиваль бір бөлімі түрінде FIRST робототехника бойынша халықаралық жарыстың облыстық кезеңі өтті. Бұл жыл сайын әлемнің әр елінен келген түрлі жастағы балаларды жинайтын халықаралық турнир – FIRST Global Challenge бас жарысына қатысуға жол ашады. 10-16 жас аралығындағы балаларға арналған турнирдің облыстық  кезеңіне 13 команда қатысып, оза шапқан Атырау Білім-инновация лицейінің «Aziza» және «Seventeen» топтары Central Asia FIRST Championship жолдамасын жеңіп алды.

Шараға қатысқан «Білім керуені» корпоративтік қорының басшысы Зарина Биюмбаева жоба негізінде бір жылда атқарылған жұмыстар туралы айтты.

– «Zhylyoy steam mekeni» – Жылыой ауданын дамыту бағдарламасы шеңберінде іске асырылған өңір үшін маңызды жоба. Жергілікті атқарушы орган мен «Теңізшевройл» компаниясының қолдауымен STEAM зертханасын жарақтандыру, бейімделген оқулықтарды дайындау, мұғалімдер мен оқушылар үшін жылдық циклдің білім беру бағдарламасын жүргізу секілді кешенді шаралар іске асты. Облыстағы білім саласының үлкен әлеуеті бар, оған FIRST халықаралық жарыстарының республикалық деңгейіне дейін өткен оқушылар командалары мен ел деңгейіндегі жобаларға қатысатын белсенді педагогтарымыз дәлел. Ал бұл жолғы шараның мақсаты – біз бірге қаншалықты нәтижелі жұмыс істегенімізді және қаншалықты алысқа бара алатынымызды көрсету. Әр оқушыға, ата-анаға, ұстаздар, мектеп және облыс басшылығына аймақтың бәсекеге қабілеттілігіне қосқан үлесі үшін алғыс айту. Жылдың қорытындысы бойынша аудан Қазақстандағы STEAM даму картасында өзінің лайықты орнын алды деп нық сеніммен айта аламын, – деді ол.

«Zhylyoy steam mekeni» жобасы аясында ашылған зертхананың аумағы 100 шаршы метр және үш кәсіби бағытқа бөлінген. Олар: химия-биология, физика-математика бағыттары бойынша кешендер және əлемдегі ең ауқымды FIRST ғылыми-инженериялық қозғалысының халықаралық стандарттарына сай бөлек инженерия аймағы. STEAM зертханасын мектепте оқушылар үшін тек тəжірибелер мен мектеп бағдарламасы бойынша сабақ өткізетін орын ғана емес, заманауи жобаларды іске асыруға, топтық жұмыс пен креативтілікті, ғылыми жəне инженериялық ойлау қабілеттерін дамытуға мүмкіндік беретін ғылыми кеңістік деуге болады.

92

«Теңізшевройл» ЖШС үкіметпен және қоғаммен байланыс жөніндегі бас менеджері Дәрмен Аронов өз сөзінде білім беру ісі – компанияның әлеуметтік бағдарламаларының басым бағыттарының бірі екенін атап көрсетті. «Мақсатымыз – білім беру жүйесін қолдау. Біз болашақты білімді жастардың қолында деп санаймыз және әлеуметтік жауапты компания ретінде біздің қызметкерлер мен олардың отбасылары тұратын және жұмыс істейтін Жылыой ауданының дамуына өз үлесімізді қосамыз», – деді компания өкілі.

Фестиваль барысында оқушылардың жобаларын насихаттаған арнайы көрме де ұйымдастырылыпты. Ондағы көпшіліктің назарын аударған жұмыстың бірі – Атырау қаласындағы IT мектеп-лицейінің оқушысы Бекарыс Ерікұлы жасаған климаттық жағдайларды көрсететін бейнестанция. Ол желдің жылдамдығы мен бағытын және жауын-шашын мөлшерін көрсетеді. Құрылғы қайта өңделген пластинадан жасалған.

– Құрылғыны жасағанда әуелі экологияға зиянсыз болуын ойладым. Станция күннен қуат алады. Мұны көбінесе егін шаруашылығына қолдануға болады. Бұған дейін  өрттен сақтандыру жүйесі мен smart-қалам жобасын әзірлеген едім, – дейді жас ғалым.

Көрмеден күннен қуат алатын автокранды да көзіміз шалды. Мұндағы күн энергиясы автокранға орнатылған аккумуляторда сақталады. Бұрын алып кран күннен қуат алып жүреді дегенге ешкім сене қоймас еді. Мұны Әл-Фараби атындағы BINOM SCHOOL мектеп-лицейінің оқушысы Құрмет Айыпқалиев білімі мен ой ұшқырлығын ұштастырып ойлап тапты. Ойы жүйрік, интеллекті жоғары қазіргі заман балаларының жұмысына қарап көңілің тояды. Ал жобаларға сүйсінгеніңіз соншалық, бірі бірінен асып түспесе кем емес.

Болам деген баланың белін буып отырған «Zhylyoy steam mekeni» секілді жобалардың қазіргі қоғам үшін қаншалықты қажеттілігін осыдан-ақ ұғынуға болар. Фестивалге қатысушылар бір жылға ғана арналған бұл жобаның жалғасын табуына тілектестігін білдіріп тарқасты.

…Біз де бұқарамен біргеміз. Өйткені балаға жұмсалған қаржы – болашаққа құйылған инвестиция.

Шах-Мұрат Ордабаев,

театр және кино әртісі, дубляж режиссері:

– «Болашақ» корпоративтік қорының «Өзіңнен баста!» атты жобасы 2011 жылдан басталды. Жоба аясында А категориясындағы шетелдік «Disney», «Warner Brothers», «Paramount», «Universal» секілді компаниялардың үздік фильмдері қазақшаға дыбысталады деген шешім қабылданды. Жеке кәсіпкерлердің көмегімен көптеген фильмдер қазақшаға дыбысталды да.

Өзім 2015 жылдан бастап дубляж режиссері ретінде осы жобаларға қатысып келемін. Қазір 30-дан астам фильмнің дубляж режиссерімін, басым көпшілігі «Disney» және «Sony» компанияларының фильмдері. Мұнда балаларға осы мамандығым туралы айтуға келдім.

Дубляж режиссері – сирек кездесетін мамандық. Шетелде оқыған қазақстандық дубляж режиссерлерінің саны төртеу ғана. Бәсекелестік ортаны жоқ десек те болады. Оны қалыптастырып, саланы дамыту мақсатында білім қуып жатқан жастарға мамандығымның ерекшелігін айтып, ой салсам деймін.

Әнуар Оңайбеков,

Steam мектептеріндегі медиа менеджмент саласының сарапшысы, кәсіпкер:

– Оқушы кезімізде мамандықтар туралы бағыт-бағдар берілген жоқ. Сондықтан бүгінде оқушылармен кездесу барысында қандай бағытта даму керек, мотивацияны қалай алуға болады және қазіргі сұранысқа ие мамандықтар, болашақ дағдылар мен өмірімізге жасанды интеллекттің енуі туралы түсіндіріп келемін.

Мәлике ҚУАНЫШЕВА

Құлсары қаласы

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз