Жаңа өмірге – жарқын мақсатпен мектеп бітірушілер соңғы байқау сынағын тапсырды

Санаулы күндерден кейін алтын ұя мектептерімен қоштасатын түлектер үшін білімі сыналар сәт – Ұлттық бірыңғай тестілеу басталады. Кеше мектеп бітіруші түлектер Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде Ұлттық бірыңғай тестілеу бойынша соңғы рет байқау сынағын тапсырды. Он бір жыл бойына алған білімдерін көрсететін шешуші сәттің алдында аталмыш университетте кең көлемде салтанатты рәсім ұйымдастырылды.

Салтанатты сәтте аталмыш университет ректорының міндетін атқарушы, химия ғылымдарының докторы, профессор Абзал Талтенов мектеп бітіруші түлектерді оқу орнына білім алуға шақырса, Ақтау қаласындағы Әзербайжан Республикасы елшілігінің өкілі Эльхан Зейналов білім, ғылым саласындағы Қазақстан мен Әзербайжан елі арасындағы ынтымақтастыққа тоқталды. Сондай-ақ, университеттің бес студентіне Әзербайжан Республикасының тұңғыш Президенті, Гейдар Әлиев атындағы шәкіртақыны табыстады. Айта кетейік, бұл шәкіртақы студенттерге осымен үшінші жыл қатарынан беріліп келеді. Сонымен қатар, шарада университетте ұйымдастырылған пәндік олимпиаданың жеңімпаздары атанған тоғыз мектеп бітіруші осы оқу орнының білім грантына ие болды. Олар физика, математика, бастауыш сынып, музыка, дизайн, тарих, орыс тілі мен әдебиеті пәні мамандығына оқитын болып отыр.

Облыстық білім беру басқармасының басшысы Нұрсәуле Сайлауова өз сөзінде биылғы оқу жылында Ұлттық бірыңғай тестілеу соңғы рет өткізілетіндігін мәлімдеді. Сондықтан, атыраулық мектеп бітірушілерге үлкен жауапкершілік жүктелмек. Нұрсәуле Сайлауқызының айтуынша, 192 орта мектептің бітірушілері тоғыз тест орталығында білім сынағын тапсырады.

Биыл облыс бойынша 4633 түлек мектеп бітірмекші. 3170 оқушы тест тапсыруға тілек білдіріп отыр.

– Биылғы мектеп түлектерінің орта білім алып, үлкен өмірге жолдама алатын жауапты кезеңін жоғары деңгейде өткізу тек білім саласының, не болмаса мұғалімдер, ата-аналар қауымының ғана емес, жергілікті атқарушы билік пен құзырлы орындардың маңызды міндеттерінің бірі саналады. Соған орай, аудандар мен қала әкімдеріне, облыстық ішкі істер, төтенше жағдайлар департаменттеріне, облыстық телекоммуникациялар дирекциясына, денсаулық сақтау басқармасына, тұтынушылар құқықтарын қорғау департаментіне өз салалары бойынша жүргізетін жұмыс көлемі белгіленіп берілді, – дейді Нұрсәуле Сайлауқызы.

 Облыстағы білім беру мекемелерінде Ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындық жұмыстары заман талабына сай жүргізілуде. Барлық мектептер интернет жүйесіне қосылған, оқушының дайындығына қажетті компьютерлер, арнайы бағдарламалар жеткілікті.

Қазіргі уақытта мектеп бойынша дайындық қалыпты жүруде. Кесте бойынша Атырау қаласында «Дамыту оқыту орталығында», «Достық-Атырау» орталығында, Исатай ауданындағы «Алтын білім беру» орталығында, Жылыой ауданындағы «Білім», «Кемел» оқу орталықтарында оқушылар дайындалды.

 Нұргүл ЫСМАҒҰЛОВА.

Суретті түсірген:т Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз