БІЛІМ САПАСЫ – БАСТЫ ӨЛШЕМ
— Елбасы ұсынған білім саласындағы біліктілік пен кәсіби машық, заманауи білім беру, кадрлар даярлау жүйесінің негізгі бағдарлары күнделікті жұмысымыздың алтын қазығы болуы тиіс, — деді қала әкімі Серік Айдарбеков, — «Балапан» бағдарламасын 2023 жылға дейін ұзарту, білім беру саласындағы әлеуметтік жауапкершілік жүйесін дамыту, білім беру әдістемелерін жаңғырту секілді мәселелер де назардан тыс қалмауы керек. Мемлекет тарапынан білім беру саласының дамуына қажетті барлық жағдайлар жасалуда. Әлемдік деңгейде білім беретін университеттер, зияткерлік мектептер ашылып жатыр. Елбасының салиқалы саясатының арқасында және облыс әкімінің қолдауымен Назарбаев зияткерлік мектебі биылғы қыркүйекте алғашқы шәкірттерін қабылдайтын болады.
Қаладағы апатты жағдайда тұрған №18 мектеп, Құрсай ауылындағы Ы.Алтынсарин атындағы мектеп бұзылып, орнына жаңа мектептер салынып жатыр. М.Отаралиев атындағы орта мектептің орнына да салынатын жаңа мектептің жобалау сметалық құжаттары жасалу үстінде. Қыркүйек айында Геолог селолық округінде №36 жаңа мектеп пайдалануға берілетін болады.
Қаламыздағы мектептерді күрделі жөндеуден өткізу үшін тиісті құжаттарды дайындауға бюджеттен 44 390 мың теңге бөлінді. «Балапан» бағдарламасы бойынша Авангард ықшамауданында «Шұғыла», Ақжар селосында «Ақбөбек», Жұлдыз ықшамауданында «Жұлдыз», Орталық ықшамауданында «Еркемай», Атырау ықшамауданында «Ақыл» балабақшалары пайдалануға берілді. Алмагүл ықшамауданында да жаңа балабақша ашылады деп күтілуде. КТК мекемесінің демеушілік көмегімен №17, №21, Амангелді атындағы орта мектептердің күрделі жөндеу жұмыстары аяқталып, іске қосылды. 2013-2014 оқу жылына қаланың 56 мектебі дайын.
Жыл сайын аз қамтылған отбасы балалары мен қамқорлыққа алынған балалардың оқу орындарында тегін білім алулары үшін қала әкімінің әлеуметтік білім беру көмегі тағайындалып келеді. «Үйден оқытылатын 223 мүгедек балаға 4,6 млн. теңгеге материалдық көмек төленді», — деп атап өтті қала әкімі.
Өткен оқу жылының басты жаңалығы болған бастауыш сынып оқушылары мен әлеуметтік аз қамтылған отбасы балаларына мектептен ыстық тамақ беру жағдайы биыл да жалғасын табатын болады. Білім беру қызметкерлерінің әлеуметтік мәселелері де назардан тыс қалмақ емес, оларды пәтермен, жер телімімен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізіледі.
Осындай жаңалықтарымен бөліскен қала әкімі Серік Айдарбеков бір топ білім беру қызметкерлерін Алғыс хаттармен марапаттады. Олардың арасында Гүлмайда Химақызы, Вера Зайкина, Мәдина Хайруллина есімді өнегелі мұғалімдер бар.
ҚОЛ ЖЕТКЕНГЕ ТОҚМЕЙІЛСУГЕ БОЛМАЙДЫ
Қалалық білім бөлімінің меңгерушісі Алпамыс Ғилымов кеңестің басты тақырыбы аясында баяндама жасап, саладағы жаңашылдық жайлы кеңінен сөз қозғады. Мектептердің материалдық-техникалық жағдайлары жыл сайын жақсарып келе жатқанын айтқан бөлім басшысы ақпараттық технологияларды тиімді пайдалануға ерекше мән берілгендіктен мультимедиялық кабинеттердің жасақталып жатқанынан, өткен оқу жылының қорытындыларынан хабардар қылды.
Облыстық білім беру басқармасының басшысы Берікқали Сәрсенғалиев салаға мемлекет тарапынан жасалып жатқан қамқорлықтарға тоқталды. Облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтің басшылығымен білім беру саласына қатысты біраз игі істер қолға алынып жатқанын айтқан Берікқали Жоланұлы мұндай істердің жалғасын таба беретініне сендірді. Облыс бойынша білім сапасы өткен жылы жақсы нәтиже көрсетті.
Кеңес барысында ағылшын тілін тереңдетіп оқытатын техникалық гимназия директоры София Әлібаева, Ж.Қаражігітов атындағы №16 орта мектеп директоры Светлана Исмагулова мен №1 мектепке дейінгі авторлық гимназия директоры Алтынгүл Өтебалиева, №17 балабақша директоры Гүлайым Көшкіновалар сөз сөйлеп, іскерлік тәжірибелерімен бөлісті.
Зерделі де зерек, парасатты тұлғаларды тәрбиелеп, білім беру жолында жетістікке жетіп жүрген ұстаздар бұл күні де атаусыз қалған жоқ. Жас ұрпақты оқыту және тәрбиелеу ісіндегі табысы үшін Дәмелі Ізбасқанова Ы.Алтынсарин атындағы төсбелгімен марапатталды. Сәуле Жұмаханова мен Айша Баетоваларға «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің Құрметті қызметкері» төсбелгісі табыс етілді. Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасымен Күлшара Қошмағамбетова, Алғыс хатпен Мая Жұмабаева марапатталды. Облыстық білім беру басқармасының Құрмет грамотасына бұл жолы Фазила Абдолова, Жеміс Әжіғалиева, Айымгүл Оңғарбаева, Бибінұр Ламғалиева, Ақмарал Білгелиевалар ие болды.
Атырау қаласы мәслихатының Алғыс хатын қалалық мәслихат депутаты Болат Рысқалиев табыстады. Бұл құрметке ие болғандар арасында Сәния Үмбеталиева, Жұмабике Сейдеғалиева, Светлана Байрамова, Бақытгүл Мұқашева, Нұргүл Мұқамбетқалиева, Дариға Сұлтанова есімді ұстаздар бар.
Үлкеннің еңбегі жасқа тәлім. Саналы ғұмырларын ұрпақ тәрбиесіне арнаған ардагер ұстаздар да атаусыз қалған жоқ, оларға гүл шоқтары мен ескерткіш сыйлықтар табыс етілді. Жаңа оқу жылында ұстаздық қызметке кіріскелі отырған жас мамандарға да құрмет көрсетілді.
Бақытгүл БАБАШ.