Білім беруде алшақтық болмауы тиіс
Мемлекет басшының VII шақырылған Парламенттің 1-ші сессиясында сөйлеген сөзі еліміздің даму бағытындағы және жаңа құрамдағы мәжіліс депутаттарының жұмысына, сондай-ақ үкіметтің жаңартылған құрамына атқаратын жұмыстардың ауқымын анықтайды.
Президент атап өткендей, үшінші мыңжылдықтың жаңа онжылдығымен, ХХІ ғасырдың 21 жылымен бірге адамзат үшін жаңа бетбұрыс кезеңі басталды. Ел дамуындағы алдағы уақыта басшылыққа алынатын 7 басымдық атап өтілді.
Еліміздің саяси жүйесі кезең-кезеңмен жетілдіру сатысынан өтуде. Бұл орайда 10 қаңтарда өткен парламенттік сайлау нәтижесі саяси реформалардың дамуындағы маңызды көрсеткіш болды. Ендігі уақытта Парламент алдында сапалы заңдар қабылдау мен елдегі өзекті мәселелерді шешудегі маңызды орталыққа айналу міндетін орындау тұр. Жаңа құрамдағы депутаттар қазақстандық парламентаризмді одан әрі дамытуға күш сала отырып, қоғамдағы өзекті мәселелерді талқылап, ортақ шешім қабылдауға ықпал ететін болады. Президентіміз қазақстандық қоғам үшін маңызды мәселелердің парламент талқылауынан өтуіне және оған қоғам өкілдері мен сарапшылардың белсенді қатысуына мән беруді атап өтті. Осылайша еліміздегі демократияландыру үдерісі жаңа сатыға көтерілмек.
Мемлекет Басшысының депутаттар алдында сөйлеген сөзінің басты бағыты халықтың әл-ауқатын жақсарту, әлеуметтік сала, оның ішінде білім беру, денсаулық сақтау, спорт саласы, тұрғындардың құқықтық қорғалуы мен заң мәртебесінің сақталуы, қоғамның басты құндылығы болатын адам құқығын сақтауға арналды. Күрделі кезеңдегі экономика халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталып, Қазақстан Үкіметі пандемия салдарын еңсеріп, экономиканы жаңа деңгеуге жеткізу міндетін орындауға жұмылдырылады.
Біз білім саласында жастармен тығыз байланыста жүргендіктен Мемлекет Басшының сөзіндегі екінші басымдыққа назар аудардым. Тиімді әлеуметтік саясаттың қуатты және инклюзивті, барлық адамға тең мүмкіндік беретін қоғамды құрудың негізі құралы екендігі тағы да атап айтылды. Экономиканың көптеген салалары бойынша еліміздің позициясы мықты болғанымен де, әлі де болса дамыған елдермен салыстырғанда адам капиталын дамытуда кемшіліктер бар. Осыны атап өткен Қ.Тоқаев қазіргі жастардың білім сапасына, «Білім экономикасы» мәселесіне жете мән берді. Қазақстан жас ұлт болғандықан ел тұрғындарының басым бөлігін құрайтын жастардың сапалық деңгейі еліміздің де сапалық көрсеткіші болады. Осы орайда бұл артықшылықты тиімді пайдаланып, білімді жастарды дайындауға осы бастан мән беру аса маңызды. Еліміздің өңірлеріндегі және түрлі әлеуметтік топтардағы білім алуда алшақтықтарды жоюымыз қажет. Бұл Президент атап өткен стратегиялық басымдық деп қабылдаймын. Президеттің «Жаңа жағдайдағы Қазақстан. Іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында тек қана дарынды балаларға арналған мектептерге мемлекет тарапынан қолдау жасау балалар арасындағы әлеуметтік алшақтыққа әкелуі мүмкін деген еді. Сондықтан қарапайым мектептер арасындағы, ауыл мен қала мектептері, өңірлер арасындағы мектептердің алшақтығын барынша жою маңызды болып табылады. Қазақстандық еңбек нарығындағы қызметкерлердің сапасын жақсарту үшін Үздіксіз білім тұжырымдамасын жасауды Жолдауда үкіметке тапсырған Мемлекет басшысы сессияда сөйлеген сөзінде осы ұсыныстың жалғасы ретінде жұмысшылардың кәсіби дағдысын үздіксіз жетілдіруге және қайта даярлауға арналған жаңа саясатты сипаттайтын арнайы ұлттық жоба жасауды ұсынды.
Тәуелсіздіктің 30 жылдық белесінде өз жұмысын бастағалы отырған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі біздің қоғамның негізгі және басты күші жастар мәселесіне назар аударатын болады. Бұл орайда «Депутаттар «жастардың әлеуметтік қызметтері» деген ұғымды заң жүзінде рәсімдеуі керек. Әлемдік тәжірибеге сәйкес Қазақстанда «Жастардың даму индексін» енгізген жөн. Жергілікті атқару органдарының жастар саясатын жүзеге асыруға қатысты жұмысы соның негізінде бағаланады», — деп атап өтті Мемлекет басшысы.
Жоғары оқу орындары жастардың шоғырланған ортасы болғандықтан Президентіміздің жастар бағытында айтқан тапсырмаларын орындауға арналған жобаларды жүзе асыруға мүмкіндіктер бар. Біз жоғары кәсіби білім берумен қатар, жан-жақты дамыған, тілдерді меңгерген, коммуникативті, эмоционалды тұрақты, Отанымыздың тарихы мен мәдениетін құрметтейтін, үздксіз білісм алуға дайын тұлғаны қалыптастыруға мүдделіміз.
Университет базасындағы ISpace жобасы, «Samgar» театры, студенттік басқару, түрлі клубтар мен бірлестіктер, «Болашақ» спорт клубы өз жұмыстарында осы талаптарды басшылыққа алады.
Жастар сапасын арттыру ұлт сапасын арттыру мақсатындағы ең маңызды жұмыс. Сондықтан жастардың даму индексі арқылы да біз өз жастарымызды белсенділікке, өзін-өзі дамытуға ынталандырамыз. Бұл бастама елдегі жастар мәселесінің жан-жақты талдануына жаңа серпін берері сөзсіз деп ойлаймын.
Саламат ИДРИСОВ,
Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің Басқарма төрағасы – ректор