ШӘКІРТТІҢ СЫНАЛАР СӘТІ

Білім

Биыл облыста 4827 оқушы мектепті бітірсе, оның 3594-і, яғни, 74,5 пайызы Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысуға ниет білдіріп отыр. Былтыр бұл көрсеткіш 80,9 пайыз болды. Ағымдағы оқу жылында 105 түлек «Алтын белгіге» үміткер болса, 44 оқушы «Үздік аттестат» алу үшін білімдерін сынап көрмек.

Жыл сайын «Алтын белгіге» үміткерлер саны азайып келеді. Бұл бағытта зерттеу жұмыстарын жүргізіп көрдік. Өткен оқу жылында «Алтын белгіге» үміткер 152 оқушының 30-ы, «Үздік аттестатқа» үміткер 80 оқушының 8-і ғана өз білімдерін дәлелдеген. Ал, 2013 жылы 176 оқушы «Алтын белгі», 89 оқушы «Үздік аттестат» үміткерлері болды. Облыста білім сапасын сараптау қорытындысында бірінші кемшілік – баланың білімін асыра бағалаушылық екендігіне көзіміз жетті, – деді басқарма басшысының орынбасары Злиха Қадырбайқызы.

Ұлттық бірыңғай тест өткізу орталықтарында сақтық шаралары үшін 10 аркалы металліздегіш, 100 бейнежазу камерасы, 87 ұялы телефон сигналын тұншықтырғыштар орнатылған және 21 бейнетіркеу камералары қондырылды.

Тест тапсыратын түлектердің санына сәйкес 79 негізгі және 13 қосымша аудитория дайын.

Басқарма басшысы орынбасарының айтуынша, аудан орталықтарындағы Ұлттық бірыңғай тестілеу өткізу пункттері арқылы жыл бойына сынама тестілер ай сайын, сондай-ақ, Ұлттық тестілеу орталығынан 10-11 сыныптарға, ЮСТАИН орталығы тарапынан 7-9-11 сыныптарға сынақтар өткізілді. Яғни, ұлттық бірыңғай тестілеуге баланы 7-сыныптан бастап дайындау қолға алына бастады. Ағымдағы жылдың сәуір айында өткен сынақта облыстың орта балы 71,5 (өткен жылдың есепті кезеңінде 62,1) құрап отыр.

Ұлттық тестілеу орталығының №30 филиалының жетекшісі Айнагүл Дүйсекенованың мәлімдеуінше, білім сынағында биыл айтарлықтай өзгеріс жоқ. Бітірушілерге тестілеуге келген кезде калькуляторларды, фотоаппараттарды, ұялы байланыс құралдарын (пейджер, ұялы телефондар, планшеттер, т.б.), ноутбуктар, плейерлер,  шпаргалкалар және анықтамалық құжаттарды (Менделеев кестесі мен тұздардың ерігіштік кестесінен басқа) қолдануға және аудиторияға алып кіруге қатаң тыйым салынады. Түлек аудиторияға кірер алдында тексеру кезінде атап көрсетілген материалдар мен құралдар табылса, түлек   тестке жіберілмейді. Сондай-ақ, мектепбітіруші аудиториядағы тәртіп сақтау ережесін бұзған жағдайда бірқатар тәртіп шаралары қолданылады. Мысалы, министрлік өкілінің шешімімен түлек қайта тапсыру құқығынсыз аудиториядан шығарылады. Биылғы жылы ҰБТ-ға қатысушылар тест нәтижелерін үйде отырып-ақ Ұлттық тестілеу орталығының сайтынан  – www.testcenter.kz біле алады. Сол сияқты, көпшілік назарына ұсынылатын тестілеу қорытындысында бұрынғыдай оқушының аты-жөні емес, ЖСН және ТЖК (тест тапсырушының жеке коды) ғана көрсетіледі. 

Сондай-ақ, брифингте ата-аналар атынан сөз алған Светлана Сахаева балалардың қобалжып, үрейленбей, тыйым салынған заттарды қолданбай, өз білімдеріне сеніп тестілеуге қатысуға жағдай жасау қажеттігін айтты.

Айгүл  ЕРТІЛЕУ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған