
Атыраулық оқушылар республикалық олимпиадада үздік команда атанды
Атырау облысының оқушылары республикалық білім сайысында ерекше жетістікке қол жеткізіп, «Ең үздік олимпиадалық команда – 2024» атағын иеленді. Бұл туралы облыстық білім беру басқармасының баспасөз хатшысы Эльмира Тұңғатарова хабарлады.

Ауыл мектептерінің 9-11 сынып оқушыларына арналған жалпы білім беретін пәндердің қоғамдық-гуманитарлық бағыты бойынша ұйымдастырылған олимпиаданың қорытынды кезеңінде Атырау облысынан 21 оқушы бақ сынады. Үздік нәтижелері үшін команда ІІ орынды иеленіп, еліміздің үздік білімпаздары қатарынан табылды.
Олимпиада қорытындысы бойынша атыраулық оқушылардың 12-сі жүлделі орындарға ие болды. Дана Аманқосова (Жылыой), Нұрхан Мирманов (Құрманғазы), Тұрсынгүл Беркін (Мақат) алтын медальға ие болды.
Саяжан Саламатова (Атырау қаласы), Зарина Нұртазаева (Индер), Мөлдір Мұса (Атырау қаласы), Айзере Қуат (Исатай), Исламия Жәнібекқызы (Қызылқоға), Мейрамбек Ізбасар (Атырау қаласы), Айнара Тасқалиева (Құрманғазы) күміс медальді еншіледі. Ал қола медаль индерлік Жарқынай Ибат пен атыраулық Бекзат Жолдасқа бұйырды.
Сонымен қатар, 3 оқушы Нұрилла Тасқынбай, Альмира Қуанова, Ақмаржан Әмір арнайы грамотамен марапатталды.
Оқушылар Олимпиададағы бұл жетістіктері арқылы өздерінің деңгейін дәлелдеп қана қоймай, аймақтың білім саласындағы жоғары деңгейін көрсетті.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА