Жарнама
Білім

Атыраулық колледж студентінің бизнес-жобасы республикалық байқауда таныстырылады

Атырауда техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары арасында «Бизнес аруы – 2025» атты үздік жобалар байқауы өтті. Іс-шараны облыстық білім беру басқармасының әдістемелік орталығы мен Атырау энергетика және құрылыс колледжі бірлесіп ұйымдастырды. Байқау жеңімпазы енді облыс намысын республикалық додада қорғайды, — деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Сайысқа өңірдегі 10 колледждің студенттері қатысып, үш кезең бойынша бақ сынады. Қатысушылар өздерінің кәсіпкерлік қабілетінен бөлек шығармашылық мүмкіндіктерін де көрсетті. Жобаларды Атырау облысы Кәсіпкерлер палатасының сарапшылары бағалады.

– Байқаудың негізгі мақсаты – көшбасшылық қасиеті мен кәсіпкерлік бастамасы бар дарынды қыздарды анықтап, қолдау көрсету, сонымен қатар олардың бизнес-идеяларын жүзеге асыруына жол ашу. Әр қатысушы өз жобасын таныстырып, оны іске асыру жолдарын ұсынды. Жастардың кәсіпкерлікке деген қызығушылығын арттыру – басты міндетіміз. Бұл бағытта колледж тарапынан ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Осы байқау – соның бір дәлелі, — деді Атырау энергетика және құрылыс колледжінің оқытушысы Айсұлу Бағытова.

Қазылар шешімімен байқау жеңімпазы болып С.Мұқашев атындағы жоғары политехникалық колледждің студенті Арайлым Әділетова атанды. Оның «Touch Vision» атты жобасы көру қабілеті төмен адамдарға көмек көрсетуге және мүгедектігі бар жандардың мәселелеріне қоғам назарын аударуға негізделген.

Айта кетейік, биылғы байқау Мемлекет басшысы жариялаған «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында өтті.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button