Атырауда 5770 орындық 11 мектеп пайдалануға беріледі

izobrazhenie 2021 08 27 114248 Білім

Бұл туралы Атырау облысы әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаев мәлім етті, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Келер жылы жергілікті бюджет есебінен аудандарда екі балабақша мен НКОК компаниясының демеушілігімен бір балабақша салынады деп жоспарланып отыр. Ал биыл облыс аумағында 5 мектептің құрылысы аяқталды. Олар Қызылқоға, Жылыой, Индер және Атырау қаласындағы «Береке» ықшам ауданында.

-Сонымен қатар демеушілер қаржысы есебінен 1200 орындық екі мектептің құрылысы басталып, 2023-2024 жылдары пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз. Ал 2024 жылы 4000 орындық екі мектеп пайдалануға берілмек. Бұл жұмыстар мемлекеттік-жекешелік әріптестік механизмі аясында жүзеге асып отыр. Одан бөлек білім беру сапасын жақсарту мақсатында облысымызда 12 мектептің құрылысы және жергілікті бюджет қаражаты есебінен 4100 орындық 6 мектептің құрылысы да жүргізілетін болады,-деді Қ.Нұртаев.

Оның айтуынша, бюджет қаражаты есебінен Атырау қаласының Томарлы ауылында саз мектебі, Исатай ауданы Аққыстау селосында 250 орындық өнер мектебі, Мақат ауданы Доссор кентіндегі Мұнай және Газ технологиялық колледжінің дене шынықтыру және сауықтыру кешенінің құрылыстары басталды. Бұл нысандар 2023 жылы пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр.

Сондай-ақ Исатай ауданы Аққыстау селосында 320 орындық кәсіптік лицей мен 100 орындық жатақхананың құрылысы аяқталмақшы. Келер жылы 600 орындық орта мектеп құрылысы ТШО компаниясының демеушілік қаржысы есебінен Жылыой ауданы Құлсары қаласында салыну жоспарланып отыр.

-Балабақшалар қатары да көбеймек. Мәселен, Атырау қаласында 2610 орындық 9 балабақшаның құрылысы мемлекеттік-жекешелік әріптестік негізінде салынып, жақын арада пайдалануға беріледі. Сонымен қатар демеушілер қаражаты есебінен 320 орындық екі балабақшаның да құрылысы аяқталады. Оған қоса 440 орындық екі балабақшаның да құрылысы жүргізіліп жатыр, олар 2023 жылы пайдалануға беріледі,- деді ол.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз