«Ауылдан базарлық» – құнды жоба

sosh55 Білім

Atr.kz/4 маусым, 2019 жыл. Атырау қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде 2016 жылдан бері «Ауылдан базарлық» жобасы жүзеге асып келеді. Мектеп оқушылары елге танымал тұлғалар туралы зерттеу жұмысын жүргізіп, еңбектерін зерделеп, слайд, бейнематериалдарымен бірге көрермен назарына ұсынады.

Облыстың жеті ауданын түгел қамтитын аталған жобаның кейіпкерлері оқушылармен кездесіп, өзінің шығармашылық жолын ортаға салса, ата-аналар да мектеп шәкірттеріне және қонақтарға мерекелік үстел дайындайды. «Ауылдан базарлық» аталуының да мәні осында болса керек. Зияткерлік мектеп шәкірттерінің дені – ауыл балалары. Олар мектеп жатақханасында тәрбиеленеді.

К е з е к т і « А у ы л д а н базарлықта» Махамбет ауданы, Таңдай ауылында кіндік қаны тамып, бүкіл қазақтың мақтанышына айналған Мемлекеттік сыйлықтың иегері Қаршыға Ахмедияровтың өмірі жайлы айтылды.

Сонымен қатар Исатай ауданының түлегі, құсбегілікпен, атбегілікпен Атырау емес, республика көлеміне танымал дәрігер-кардиолог Өнербек Жанбала, Қызылқоға ауданынан Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері Жәния Ізбасқанова, Атырау жұртына атағы мәлім журналист Тасмағамбет Текеевтің қызы, филолог Жанша Текеева, «Сармат» фольклорлық-этнографиялық ансамбілінің көркемдік жетекшісі, арқалы музыкант, Димаш Құдайбергеновтің әндеріне өңдеу жасаған Бауыржан Ақтаев қатысты.

Зияткерлік мектептің оқушылары өз кейіпкерлерін жұртшылыққа таныстырды, олардың өздеріне ұнаған қырлары жөнінде емін-еркін пікір алмасты. Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, «Жетісудың Сарасы» атанған Гүлмайдан Сүндетова да осы мектепте дәстүрлі ән сабағынан үйірме жұмысын ұйымдастырып жүр екен. Танымал әншінің шәкірттері Нұрпейіс Байғанин мен Ғарифолла Құрманғалиевтің термесін айтып, көңілдерді жадыратты.

Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз