Атыраудағы BINOM мектебі эвакуацияланды
Атыраудағы Әл-Фараби атындағы BINOM мектебінің қызметкерлері мен оқушылары эвакуацияланды. Мектеп ғимаратына арнайы қызмет мамандары жұмылдырылды, деп хабарлайды atr.kz тілшісі.
Атырау облысы ТЖД-нің хабарлауынша, мектеп ғимаратында жарылғыш зат бар деген хабарлама түсуіне орай 6 қызметкер 1 техника; апаттар медицинасынан 3 қызметкер 1 бірлік техникасы жағдайды анықтауға жұмылдырылған.
Атырау облысы полиция департаментінің мәліметіне сәйкес, полицияның 102 операторына түскі сағат 12.35-те Атырау қаласындағы мектептердің бірінде жарылғыш зат бар деген хабарлама түскен. Хабарлама бойынша дереу анықтап-тексеру және эвакуациялау жұмыстары жүргізілді. Оқиға орнына құзырлы құқық қорғау органдарының қызметкерлері жұмылдырылды. Жүргізілген жедел әрекет нәтижесінде ғимараттан ешқандай жарылғыш зат анықталған жоқ. Жалған хабарлама беру дерегі бойынша тергеп-тексеру жүргізілуде.
“ ҚР Қылмыстық кодексінің 273-бабы, яғни терроризм актiсi туралы көрiнеу жалған хабарлау дерегі бойынша бес мың айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бес жылға дейінгі мерзімде бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады”,- деп жазылған ПД таратқан хабарламада.