Жарнама
Білім

Атырауда ұстаздарға пәтер берілді

МҰҒАЛІМДЕР ТАПШЫЛЫҒЫ БАР ӨҢІРЛЕРГЕ ҮЗДІК ПЕДАГОГТАРДЫ ТАРТУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮЗЕГЕ АСЫП, АРНАУЛЫ БАҒДАРЛАМАНЫҢ КОНКУРС НӘТИЖЕСІ БОЙЫНША АТЫРАУ ҚАЛАСЫНА 8 ПЕДАГОГ КЕЛДІ. ОЛАРДЫҢ БАСЫМ БӨЛІГІ БАТЫС ҚАЗАҚСТАН, ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСТАРЫ МЕН АҚТӨБЕДЕН ШАҚЫРЫЛҒАН.

Бұл бағдарлама тек кадр тапшылығын шешу үшін емес, облыстағы білім сапасын арттыру мақсатында да қолға алынып отыр. Сондықтан, педагогтар арасында бастауыш сынып және тарих пәнінің мұғалімдері де бар. Ұстаздарды арнайы қабылдаған Атырау облысы әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев олардың ұсыныстілектерін тыңдап, облыстағы білім беру саласында жетілдіретін тұстармен танысты.

«Сырт көз – сыншы» деген рас-ау, келген педагогтар «мұндай мамандар облыста да бар емес пе еді?!» деген ойымызды өзгертті. Батысқазақстандық бастауыш сынып пәнінің мұғалімдері мектептерде жаңа заманға лайықты интерактивті тақтаның жоқтығын айтып қынжылды. Орал қаласындағы мектептердің әр кабинеті интерактивті тақта, ноутбук және су жаңа принтерлермен қамтамасыз етілген екен. Ұстаздары «жаңа құрылғыларды қайдан аламын, қалай жөндетемін?» деген мәселелерге уақыт жоймайды. Барлық күш-қабілетін жаңа сабаққа дайындалуға және баламен жұмыс жасауға арнайды. Олар бірауыздан «көрнекіліксіз кабинетте, бұрынғы тақтамен жұмыс жасап, қазіргі заман балаларының зейінін аударып, сабаққа ынтасын арттыра алмайсыз» деді. Жиынға қатысқан сала басшылары ескі мектептер түгілі, соңғы жылдары жаңадан ашылған білім ұяларының да әр кабинетіне қоюға интерактивті тақта тапшы екенін айтты. Жасұлан Орақұлы облыстық білім беру басқармасының басшысы Гүлнар Сәдуақасоваға 2023 жылғы 15 қаңтарға дейін облыстағы барлық мектепке қажетті жабдықтарды анықтап, ақпаратын беруді тапсырды.

Жиын соңында арнаулы бағдарлама бойынша келген 5 мұғалімге «Береке» шағынауданындағы коммуналдық үйден бір бөлмелі пәтердің кілті табыс етілді. Ақтөбе өңірінің тумасы, Ж.Қаражігітов атындағы №16 мектеп-лицейінің тарих пәнінің мұғалімі Қайсар Нұртанов Атырауға келіп еңбек етіп жатқанына және баспаналы болғанына ризашылығын білдірді. Қалған үш ұстаз да алдағы уақытта пәтермен қамтамасыз етілетін болды.

Салтанат АҚТӘЖИЕВА

Суретті түсірген Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button