Жарнама
Білім

Атырауда мектепке дайындыққа қанша қаражат кетеді 

Міне, зымырап жаз айлары да өте шықты, жаңа оқу жылының басталуына санаулы күндер қалды. Бүгінде елде азық-түлікпен қатар, киім-кешек тауарларының да қымбаттағанын ескерсек, балаларды мектепке дайындаудың оңай тимесі анық. Мектеп формасының құны былтырғыдан едәуір қымбат. Кеңсе құралдары да солай.

Жаңа оқу жылы қарсаңында базардағы бағаны бағамдап қайтқан біз басқасын айтпағанда кәдімгі 12 беттік дәптердің бағасы неліктен 40-45 теңгеге жеткенін түсіне алмай дал болдық. Мұндай құнды дәптерді бірнеше баласы мектепке баратын ата-аналар қалай алмақ?! Оған мектепке киетін киім мен басқа оқу құралдарын қосқанда, бағаның шарықтауы дегеніңіз сол болмақ. Ал, тұрмысы төмен отбасыларға мемлекет тарапынан нендей көмектер көрсетіледі?..

Қою көк түс сәннен кетпей ме?

Жылдар бойы Атырау облысындағы жекелеген мектептер өз ыңғайына қарай форма таңдап келсе, білім ұяларының былтырдан бастап барлығы бірдей бірыңғай мектеп формасына көшті. Бұған оқушылардың 90 пайыздан астамы қою көк түсті мектеп формасын киетіні себеп болса, бірыңғай түсте киіну балалар басқа мектепке көшкен жағдайда да тиімді болмақ. Арнайы жүргізілген талдау нәтижесі соңғы бес жылдан бері оқушылардың көпшілігі осы түсті киім киетінін көрсеткен. Сондықтан, барлық мемлекеттік мектеп оқушыларына ортақ талап – классикалық үлгідегі қою көк түсті киім. Ұлдар ақ жейде мен қою көк шалбар, оқушы қыздар ақ жейде мен қою көк түсті белдемше киеді. Бастысы мектеп формасы жолақсыз, бір түсті болуы тиіс.

Дегенмен, мектеп формасына орта білім беру мекемелерінің айырым белгілерін (эмблема, жапсырма, т.б.) орналастыруға рұқсат етілген. Ал, ата-ана өндірушіні таңдауда тәуелсіз және мектеп формасын кез-келген нарықта, дүкенде немесе жеткізушіден сатып алуға құқылы. Оқушының киімі бір түсті болуы оларды әлеуметтік статусқа бөлінбеуінің ұтымды әдісі демесек, бағасында өзге киімдерден айырмашылығы жоқ. Өйткені алыпсатарлар да әбден үйреніп алған, нарықта сұранысқа ие тауардың бағасын әйтеуір бір сылтау тауып, қымбаттата қояды.

Әр балаға – 100 мың теңге

Дәл осы күндері базардағы бағамен бір баланы киіндіру үшін орта есеппен 100 мың теңге қажет екен. Бізге Атырау қаласындағы «Көктем» базарынан кездескен төрт баланың анасы – атыраулық Айнұр Сәрсенғалиева мектеп жасындағы әр баласына осынша ақша жұмсағанын, баланы мектепке дайындау құны жыл өткен сайын шарықтап бара жатқанын айтты.

– Қызыма алған белдемше үшін 8 мың теңге төледім. Осыдан екі жыл бұрын бұл ақшаға екі белдемше алып едім. Мектеп формасы жылдан-жылға қымбаттап барады. Байқайсыз ба, ересектерге қарағанда балалар киімі анағұрлым қымбат. Осындай жағдайда оқушыға қандай да бір талап қою қаншалықты дұрыс?! Әрине, арнайы мектеп формасы болғаны дұрыс, оны қолдаймыз. Бірақ ол үшін оқушы киімі отандық өндірісте тігіліп, бағасы да тиімді болуы керек деп ойлаймын, — деп, ол енді ұлына шалбар іздейтінін айтып, келесі бутикке қарай бет алды.

Шалбар демекші, оның бәсі – 4-16 мың теңге аралығында. Кім-кім де өз баласына арзанқол дүниені әпергісі келмейтіні анық, өйткені «арзанның сорпасы татымас» деген бар. Оның үстіне, бағасы төмен шалбардың тігісі шала, жіптері әлден-ақ сөгіліп тұр екен. Іштей «қырғыздыкі немесе қытайлық тауар болар» деп ойлағаным сол еді, саудагер «бұл бишкекский» деп самп ете қалды. Қымбатшылықты олар да мойындап тұр.

– Ең қымбаты – Түркия мен Пекин тауарлары. Бішкек тауарлары қолжетімді. Бірақ, сапасы нашар, — деді жасы егде әйел.

Саудагерлерден отандық өнімді неге сатпайтынын сұрағанбыз. Сөйтсек, қазақстандық өнімнің көтерме бағасының өзі 12-13 мың теңгені шамалайды екен. Ал, ондай бағада тауар алып сатуға шағын кәсіп иелерінің шамасы жетпейді-мыс. Осылайша, ата-аналар отандық өнімнің өзімізге қолжетімсіздігінен, яғни, сапалы киімнің қымбаттығынан өзбек пен қырғыз киімдерін алуға мәжбүр.

40 теңгенің дәптері…

Базарда 12 беттік кәдімгі дәптер – 40 теңге, күнделік – 800 теңге. Алмасқа ата-ананың амалы жоқ. «Сендерге әзірге жеткілікті етіп аз данадан алмасам…», — деп қасындағы оқушы қызына сөйлеп тұрған Динара Жұмашева есімді жас ананың жанына біз де жақындап, оның оқу жылына дайындығын, бағаға қатысты пікірін де білдік.

– Сәлематсыз ба? Қалай ойлайсыз, сізге мына тұрған кеңсе тауарларының бағасы қолжетімді ме?

– Дәптер мен қаламнан бастап, барлық тауардың бағасы өскен. Алғашқы тоқсанға ғана жеткілікті құрал-жабдық алып жатырмын…

– Мектеп жасындағы балаңыз нешеу?

– Үш балам мектепте оқиды. Базарға келгенше, оқу құралын жеткілікті етіп, молынан аламын деп ойлап келіп едім. Бағасына қарасам, оған шамам жетпейді екен…

Кеңсе тауарлары мен киім-кешекті қолжетімді бағаға іздеп жүрген ата-аналардың базардағы бағаны көріп, көңілдері бұзылған. Дегенмен, дәптер «Глобус» кеңсе тауарлары мен «Fix Price», «Анвар» әмбебап дүкендерінде ғана сапасына қарай 16-35 теңге аралығында сатылып жатқанын естіп, кәдімгідей қуанып қалдық. Ал, балаларға арналған тауарлар сататын «Еркемай» дүкені жыл сайын жәрмеңке ұйымдастырып, дәптерді арзан бағамен сатуды дәстүрге айналдырған. Осындайда бізге «тек бір ғана дүкен емес, билік өкілдері қолға алып, жаңа оқу жылы қарсаңында үлкен бір жәрмеңке ұйымдастырылса ғой» деген ой келді. Балалар жылында балаларға базарлық болып, ата-ана да, бала да бір қуанып, көңілі марқайып қалар ма еді?..

Байқағанымыз, кеңсе тауарларының бәсі әр жерде әртүрлі. Саудагерлер көңілінің соққан бағасын қоя салған. Жай дәптер бір жерде 35 теңгеден сатылса, бір жерде – 45 теңге. Ал, 48 беттік қалың дәптердің ең арзаны 250 теңгеден басталады. Сызғыш – 150, қалам – 35 теңгеден басталып, қымбаттай береді.

Базарда баласына киім немесе оқу құралын іздеп жүрген ата-ана көп. Көпшілігі «негізгі форманы ғана түгендеп алсақ, спорттық киімін кейін ала жатармыз» деп өздерін жұбатқандай болып жүр. Базарда қалтасына да қарап, баласының көңіліне де алаңдап жүрген аналарды көргенде жазушы Шерхан Мұртазаның «Бiр кем дүниесі» бірден ойға оралды.

Қымбатшылық қос өкпеден қысқан қоғамда тұрмысы төмен, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасы балаларына нендей көмек көрсетіліп жатыр? Оларға мемлекет тарапынан қандай көмек тиесілі?

15 мың бала көмек алады

Биыл да әлеуметтік осал топқа жататын отбасылардың балаларына арнайы қолдау көрсетіліп, қажетті қаражат бөлініп жатыр. Республика Президентінің тапсырмасы негізінде әр облыстағы осы әлеуметтік санатқа жататын отбасылардың балалары оқу киімі және құралдармен қамтамасыз етілмекші. Бұл жерде басшылыққа алынатыны – Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 25 қаңтардағы №64 қаулысы. Ал, Атырау облысында осы санатқа енетін 14790 бала бар.

Жуырда облыстық білім беру басқармасының басшысы Ерлан Сламбеков «Мектепке жол» акциясы аясында сол балаларға киім-кешек пен кеңсе тауарларын сатып алу үшін қаржы бөлінгенін айтқан болатын. Яғни, облыстағы көмекке мұқтаж баланың әрқайсысына 40 567 теңге бөлінген.

– Үкімет тарапынан қаржылай көмекті мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар отбасылардан шыққан және АӘК алмайтын, жан басына шаққандағы табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің шамасынан төмен отбасылардың балалары, ата-ананың қамқорлығынсыз қалған бүлдіршіндер, сонымен қатар төтенше жағдай салдарынан шұғыл жәрдемді қажет ететіндер алады, — деді облыстық басқарма басшысы.

Ескерер жайт – ата-ана бұл қаржыны өзге мақсатқа жұмсай алмайды. Оны басқарма басшысының орынбасары Орынтай Биманова айтты: «Қазір көмекке мұқтаж отбасылардан шыққан балаларға мектепке қажетті заттарды алып беру үшін меценаттар мен кәсіпкерлерге акцияға қатысу жөнінде өтініштер жіберілуде. Сондай-ақ, ата-аналардан балалардың мектеп формасы мен кеңсе құралдарына арнайы бөлінген қаражатты мақсатты жұмсауды сұраймын».

Бір қуанарлығы, бұрынғыдай емес, енді мемлекет тарапынан берілетін қаражатқа мектеп формасы мен кеңсе тауарларын ата-аналар өздері баласының өлшеміне қарай таңдап алуы тиіс.

«Бауырдың киімінен кем болмайсың»

Бүгінде ата-ана мен баланың басым көпшілігі мектепке бірдей киінуді теріс көрмейді. Өйткені мектеп формасы – оның оқушы екенінің бірден-бір белгісі. Вальс королі Шәмші Қалдаяқовтың «Ақ бантик» әні осындайда әдемі әуезімен ойға орала береді:

Балауса қыз едің бір кезде

Шашыңа ақ бантик байлаған!..

Көз алдымызға басына әдемі ақ бантик байлап, оқушы құрбыларымен алаңсыз сөйлесіп тұрған періште қыздың бейнесі келеді, ә?!

Шынында, бірыңғай мектеп формасының болуы оқушыларды бір тәртіпке бағындырып, бір шаңырақ астына ұйыстыра да алады. Ал, тәртіп пен тәрбие бар жерде сапалы білім де болмақ. Елде киім түгілі матаның өзі тапшы тоқсаныншы жылдары да балаларын арнайы формамен киіндіріп, қатарынан қалдырмаған Күлән Ізімова бүгінде балаларды үлде мен бүлдеге орап, қымбат брендпен киіндіру қателік екенін түсіндірді.

– Біздің жастық шағымызда да қиындық болды. Мемлекетіміз енді-енді еңсесін тіктей бастаған жылдары балаларым мектеп қабырғасында оқып жүрді. Аралары бірер жас шамасы ғана. Бірінің киімін біріне кигізіп, амалын табуға тырыстық. Ешқайсысы қатарынан кем болған жоқ. Үлкендеріне қолдан тігіп, кішілері соны киіп өсті. Оларды ешкім «мынау апаңның, не ағаңның киімі» деп сөккен емес. Қызыма ақ фартук таба алмай үйдегі терезенің тюлінен тігіп бергенім де есімде. Қазір шүкір, киімде таңдау бар. Ақшаң болса қалағаныңды аласың. Бірақ баланың бәріне жыл сайын су жаңа киім әперу дұрыс емес. Балалар кішкентай кезінен бастап киімді де ұқыпты, үнемді киіп үйренуі керек. Ата-ана қолдағы барының қадірін біліп, жоқтан-бар жасауға тырысса деймін. Жыл сайын киім ауыстырудың өзі – ысырапшылдықтың көрінісі, — деп, зейнеткер үлкендік ақылын айтты.

Шынында да, Күлән әженің айтуының жаны бар. Бір үйдің балаларының бірінің киімін бірі киюінде еш әбестік жоқ. Керісінше, бауырларды бауырмалдылыққа тәрбиелейді. Ал, баланы қатарынан қалдырмау – оны соңғы үлгіде киіндіру емес. Бастысы – оқу үлгерімі жақсы болып, замана сұранысына сай мамандық алуына жағдай жасау. Сондықтан, қымбатшылық қысқан тұста қолда бардың қадірін біліп, қанағатшыл болған жөн. Ал, қанағат қарын тойдырады!..

Түйін:

Оқушыны өзгеден ерекшелеп тұратын – оның формасы. Баладан баланың айырмасы жоқ, демек оқушылардың бір түсті киінуі де дұрыс шешім. Әйтпесе мектепке де өз қалауымен киінетін баланың өмірде өзімшілдігі дендеп, өзінен басқаны елемей өсетіні қауіп. Рас, арнайы форма – баланы «тапқа» бөлуден сақтайтын ең тиімді жол.

Перзентінің киімі бүтін, қарны тоқ болса ата-ананың да көңілі жай болады. Сондықтан, ата-ана бақылауға көнбей жатқан базардағы бағаға бола еңсесін түсірмеуі керек. Қазіргідей жағдайда қоғамның көмегіне зәру отбасылар көп. Осындайда әр азамат – сақи жомарт жандар бір отбасына болса да көмек қолын созып, ізгілікті іске үлес қосса дейміз. Сіздің аз ғана көмегіңіздің өзі кішкентай жүректерді қуанта алатынын ұмытпаңыз. Ал, көп түкірсе, көл болар!..

Мәлике ҚУАНЫШЕВА

Мектеп формасын таңдаудағы негізгі ұсыныстар:

* Заттаңбадағы таңбалауды мұқият зерттеңіз. Онда өндіруші елдің атауы мен киім күтімі туралы ақпарат жазылуы керек;

* Матаның табиғи материалдан тігілгеніне назар аударыңыз;

* Матаның иісіне ден қойыңыз. Иісі күшті әрі өткір киімге әуес болмаңыз. Күшті иіс – зиянды химиялық затқа тән;

* Өлшемін дұрыс таңдау да маңызды. Мектеп киімі баланы ұялтпауы керек, киюге ыңғайлы болғаны абзал;

* Киім астары тек табиғи матадан болғаны жөн. Өйткені астар бала денесіне тиіп тұрады;

* Міндетті түрде өнімнің сапасы мен қауіпсіздігін растайтын құжаттарды талап етіңіз!

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button