ЗАҢДЫ ОРЫНДАУ – БАРШАҒА ОРТАҚ

Спорт, білім және денсаулық саласында орын алған жайсыз жағдайлар екі бірдей мекеме басшысының жұмыстан қуылуына әкеліп соқты. Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Атырау облысы бойынша Тәртіптік кеңесі кезекті отырысын осы мәселелерге арнады.

Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысына қатысты материал Қаржы полициясынан келіп түсіпті. Атырау облысы бойынша мемлекеттік қызмет істері департаментінің инспекция және бақылау бөлімінің меңгерушісі Мәлік Кариевтің айтуынша, облыстың бас спортшысы мекемеге қарасты ұйымдардың жетекшілерін тағайындауда қолданыстағы «ҚР-ның Еңбек Кодексін» және Үкімет бекіткен қаулы талаптарын бұзған. «Яғни, бұйрық шығару барысында басқарма басшысы бір үміткердің өтінішін ғана негізге алған. Ал, еңбекке тұрғызу кезіндегі қажетті құжаттар кейін толықтырылған» деп атап өтті Мәлік Кариев. Мәселен, кәсіпорын басшылығына үміткер қаңтарда тағайындалады. Ал, қажетті құжаттар ақпан, наурыз айларында тапсырылады. Осындай оқиға бес бірдей басшыны жаңа қызметке тағайындау кезінде орын алған. Кеңес барысында айқындалған тағы бір жайт, басқарма басшысы аудандардың біріндегі балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің жетекшісін заңсыз жұмыстан босатып жіберген. Кейін жұмыстан қуылған жетекші сот арқылы қызметіне қайта тағайындалған. Бір қызығы, Тәртіптік кеңес отырысына мәселесі қаралып жатқан басқарма басшысының өзі келмеді. «Оның тарапынан күні бүгінге дейін жазбаша да, ауызша да ешқандай өтінім не түсінік келіп түспеді» дейді Мәлік Кариев. Мәселені жан-жақты талқылай келе, кеңес мүшелері облыс әкіміне аталған басқарма басшысын қызметінен босату жөнінде ұсыным беретін болып шешті.
Кеңес отырысында, сондай-ақ, Құлсары қаласындағы мектеп директорына қатысты мәселе де қаралды. Қаржы полициясынан келіп түскен материалдарға қарағанда, оқу ордасының басшысы мектепке күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу кезінде «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңды бұзған. «Директордың қателігі сол, ол жұмысты уақытында аяқтамағаны үшін серіктестікке тиісті айыппұлды салмаған, әрі дер кезінде сотқа шағым түсірмеген. Бұл қателіктер орын алмағанда әлгі серіктестік жосықсыз жеткізуші ретінде танылып, екі жыл бойына мемлекеттік сатып алу конкурсына қатыса алмайтын еді» дейді мәселе бойынша баяндама жасаған Атырау облысы бойынша мемлекеттік қызмет істері департаментінің инспекция және бақылау бөлімінің меңгерушісі Мәлік Кариев. Заң баршаға ортақ. Сол себепті, Тәртіптік кеңес мүшелері Жылыой аудандық білім бөліміне аталған мектеп басшысын жұмыстан босату жөнінде ұсыным жолдайтын болды.
Қаржы полициясынан келіп түскен үшінші материал Атырау облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының бас дәрігері мен бас есепшісіне қатысты болды. Құзырлы мекеме тексеру кезінде медициналық мекеменің төрт қызметкеріне өткен жылдың төртінші тоқсанында артық ақы төленгендігін анықтаған. Әрқайсысына артығымен төленген 8,5 мың теңге тексеру кезінде кері қайтарылған. Сондай-ақ, тексеру барысында 2012 жылы қызметкерлерге заңсыз сыйақының төленгендігі де анықталған. Рас, кейін бұл қаржы да кері қайтарылды. «Сондай-ақ, осыдан екі жыл бұрын аталмыш мекеменің мемлекеттік сатып алу конкурсы кезінде заң бұзушылықтарға жол берілгендігі анықталды» дейді мәселе бойынша түсінік берген баяндамашы Мәлік Кариев.
Алайда, жауаптылар соңғы екі жағдай бойынша тәртіптік жазадан оңай сытылып шықты. Өйткені, орын алған оқиғалар үстіміздегі жылы ғана анықталғандықтан, заңда қарастырылған жауапкершілікке тарту мерзімі әлдеқашан өтіп кетіпті. Дейтұрғанмен, кеңес облыстық денсаулық сақтау басқармасына аталған мекеменің бас дәрігері мен бас есепшісін өткен жылы орын алған оқиға бойынша Еңбек Кодексінде қаралған тәртіптік жазаға тарту туралы ұсыныс бермек.

Баян ЖАНҰЗАҚОВА.
Суретті түсірген
Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз