Тағы да бес атыраулық тұрғын коронавирустан көз жұмды

COVID-19: Соңғы поштадан... Жаңалықтар

Atr.kz/23 маусым, 2020 жыл. Атырау облысында тағы жергілікті бес тұрғын коронавирустан көз жұмды.

​«Аймақта қауіпті дерттен көз жұмғандар саны 14 адамға жетті» деп хабарлайды Атырау облысының ​ денсаулық ​ сақтау басқармасы. Басқарманың мәліметінше, көз жұмған бесеудің барлығы 1978, 1976, 1960, 1943, 1963 жылы туған әйел адамдар.

42 жастағы Атырау қаласының тұрғыны облыстық №2 аурухананың реанимация бөліміне 18 маусым күні түскен. Пневмонияның екі жақты полисегментарлы ауыр формасы диагнозымен ауруханаға жатқызылған науқастан COVID-19 инфекциясына сынама алынды. Сонымен бірге, науқаста «тік ішектің қатерлі ісігі» диагнозы да болған. 19 маусым күні науқастың жағдайы ауырлап, сол күні сағат 22.30-да клиникалық өлім дерегі тіркелді. Марқұмға коронавирус инфекциясы, септикалық шок, полиорган жетіспеушілігі диагнозы қойылды.

Құлсары қаласының ​ 44 жастағы​ тұрғыны облыстық №2 ауруханаға Жылыой аудандық орталық ауруханасынан​ 12 маусым күні әкелінді. Ауыр формалы екі жақты полисегментарлы пневмония диагнозымен қабылданған науқаста үшінші дәрежелі демалу қиындығы жағдайы да тіркелген. Ауруханаға түскен науқастың жағдайы өте ауыр әрі тұрақсыз деп бағаланды. Себебі, науқаста ауа жетіспеушілігімен бірге, интокискация, жүрек қан тамырларында жетіспеушілік болды. Науқас ем шара барысында ИВЛ аппаратына қосылды. Бірақ, пневмония септицемия, токсиндік нефрит түрінде асқынды. Науқастың жағдайы 22 маусым күні нашарлап, кешкі сағат ​ 21.30 шамасында клиникалық өлім тіркелді.

60 жастағы әйел адам облыстық №2 ауруханаға​ 21 маусым күні екі жақты пневмонияның ауыр формасымен түсті. Ауруханаға түскенге дейін науқас стенттеуден кейінгі постинфаркт жағдайында болды. Және де науқас артериалды гипертонияның 3 дәрежесі, 2 типті қант диабеті ауруына да шалдыққан.

Ауруханаға түскен кезде науқастың жағдайы өте ауыр болған. 22 маусым күні сағат 6.10 шамасында клиникалық өлім тіркелді. Соңы ажалмен аяқталған оқиға себебі – ​ жүрек қан тамырлары, тыныс алу жолдарындағы жетіспеушілік, организмнің интоксикациялануы, полисегментті ​ екі жақты пневмонияның ауыр формасы, үшінші дәрежелі ауа жетіспеушілігі болып отыр.

77 жастағы атыраулық зейнеткер ​ 18 маусым күні инфекциондық стационарға екі жақты полисегментарлы пневмония диагнозымен жатқызылды. Мұнымен қоса, зейнеткер​ жүрек ишемиясы, артериалды гипертония ауруларына шалдыққан. Нәтижесінде пневмония асқынып, науқас ағзасы интоксикацияға ұщырады, үшінші дәрежелі ауа жетіспеушілігі тіркелді. Ауруханаға түскен кезде пациенттің «жағдайы ауыр» деп бағаланды.

Себеп ауа жетіспеушілігі әрі жүрек қан тамырлары ауруының болуы еді. 22 маусым күні сағат ​ 10.30 да клиникалық өлім жағдайы тіркелді.​ Өлімге өкпе, жүректегі жетіспеушілік себеп болды. COVID-19 ​ ​ диагнозы расталды. ​

57 жастағы​ Жылыой ауданының тұрғыны аудандық орталық ауруханаға 22​ маусым күні жедел жәрдем арқылы әкелінді. Бұған дейін ол тұмау белгілері бойынша ​ учаскелік емханаға​ жүгінген. ​ ​ Онымен қоса, коронавирус инфекциясына шалдыққан науқаспен байланыста болған емделушіге тиісті диагностика жасалды. КТ аппаратының нәтижесі екі жақты полисегментарлы пневмония диагнозын растады. Әрі науқастың өкпесі 50 ​ пайызға дейін зақымданған.

Бұдан басқа науқас глаукомаға шалдыққан, үшінші топ мүгедегі. Тұрғылықты жері бойынша, науқас инфекциондық бөлімнен интенсивті терапия палатасына ауыстырылды. Атырау облыстық №2 аурухананың реанимотологының ұсынысымен науқас ИВЛ аппаратын қосылды. 23 маусым күні науқастың жағдайы ауырлап, клиникалық өлім тіркелді. Марқұмның көз жұмуына коронавирустық ​ инфекция себеп болды.

Еске сала кетелік, күні бүгінде Атырауда коронавирус инфекциясынан 14 адам көз жұмды.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған