…Қыз сұлу көрінеді арыменен

20170709152417460 big Жаңалықтар

Atr.kz/4 тамыз, 2020 жыл. Дана халқымыз қыз дүниеге келгеннен кейін ата-бабаларымыздың салт-дәстүр, ырым-тыйымдарымен тәрбиелеген. «Қыс сұлу көрінеді қарыменен, Қыз сұлу көрінеді арыменен» деп қыз баланы жас кезінен әдептілікке, ибалылыққа тәрбиелей отырып, еркелетіп өсірген. Бірақ, еркінсітпеген, есіртпеген.

Жастайынан «Есті қыз етегін қымтап отырады» деген қағиданы құлағына сіңіріп, қыздың сыртқы келбетін сұқ көздерден қорғаған, үлкеннің, ер адамдардың алдын кесіп өтпеуге, құрмет көрсетуге, кішілерге ізет, қамқорлық танытуға тәрбиелеген. «Қыз – өріс, ұл – қоныс» деп білген халқымыз өрісін кеңейтер қыз тәрбиесіне айрықша көңіл бөлді. Тәрбиесіне анасы жауапты болып, «Қызға қырық үйден тыйым» деген қағидатқа сай оны болашақ ана ретінде ізгілікке, сыпайылыққа, инабаттылыққа тәрбиелеп, жағымсыз мінезқұлықтардан сақтандырып отырған. Оның киім-киісіне, жүрісіне баса мән берген.

Қынама қамзол, дүрия бешпет, қос етек көйлек, биік өкше етік тіктіріп, сырға, білезік, шашбау, шолпы, жүзік сияқты әшекей бұйымдар таққызды. Аналары «Қызым үйде, қылығы түзде» деп оның әр қадамын бақылаумен қатар, «Шешесі қыдырмашы болса, қызы бастаңғышыл болады» деген халық нақылын басшылыққа ала отырып, өзіне де шектеу қойып, қызына үлгі көрсетіп отырды. Бойжеткеннің еркімен қыдыруын шектеп, құрбыларымен көңіл көтеруі үшін алтыбақан, ақсүйек, басқа да жастар бас қосатын жерге жеңгесімен бірге жіберетін болған. Қызға ғашық жігіттер қызбен жолығу үшін ең әуелі қыз жеңгесінің көңілін табуға тырысқан. «Қалмады баста бөрік, белде белбеу, Жеңгесін көрші ауылдың сыйлай-сыйлай» деген қара өлең жолдары сол кездерден қалған.

Шолпы  сыңғырының құпиясы Қыз баланың тәрбиелі болып өсуіне оның өскен ортасына, бірге жүрген дос-құрбыларының әсері күшті болатынын ертеден білген халқымыз «Қызың жақсы болсын десең, қызы жақсымен ауылдас бол» деген тәмсіл қалдырған. Әрбір нақыл сөз, мақал-мәтел, ырым-тыйымдар арқылы  тәрбиелеп, қызды дұрыс жолға салып, қателігін айтып, түзеп отырған.

Үлбіретіп өсірген қызы 13 жас алғашқы мүшелге толғанда қызын отбасы, ошақ қасы емес, халқының алғысы мен бата-тілектерінің арқасында тәрбиелі қазақ қызы атанатындай жолға салу үшін оның төсегін бөлектеп, «Қызды оң босағаға шығару» дәстүрі жасалған. Киіз үйдің оң жағына перде-шымылдық тартылып, қыздың төсек-орны шымылдықтың ар жағына жиналған. Бұл шымылдық – «көсеге», ал шымылдықты бөліп тұрған жер «қосаға» деп аталған. Киіз үйдің ішіндегі қыз төсегі үйдің оң жағында болғандықтан, халқымыз тұрмысқа шықпаған қызды  «Оң жақта отырған қыз» дейді. Үй шаруасына икемделуіне, тәрбиесіне көз болатын сырлас жеңгесі тағайындалған. Қыз бұрымына шолпы тағылып, енді оның жүрістұрысына ел сыншы екенін қыз жеңгесі оған ескертіп отырған. Киіз үйдің ішінде отырған адам сырттан келе жатқан қыздың шолпысының сыңғырынанақ оның мінезін бағамдаған. Шолпысының сыңғырын бабымен келтіріп ақырын жүрген қыздың  сыпайы, тәрбиелі қыз екенін үнсіз аңғарған. Бір ғана шолпының өзінің қыз тәрбиесіне тигізер әсері осындай болған.

Құсмұрын  жүзіктің сыры  неде? Қыз тұрмысқа шықпай тұрғанда оның сол қолының аты жоқ саусағына құсмұрын жүзік салған. Құсмұрын жүзік – еркіндіктің белгісі. Оның тұмсығы жоғары қарап тұрса, ол қыздың басы бос екенін білдірген. Анасы қыз ұзатылған кезде қызының жасауымен бірге құсмұрын жүзікті орамалға түйіп, салып жіберетін болды. Арада уақыт өте келе, құдағиы осы құсмұрын жүзікті қыз анасына қайтарып жіберсе, жүзіктің қайтарылғанына қыз анасы ерекше қуанған. Себебі, жүзікті қайтарып жіберу арқылы қыз енесі, яғни, құдағайы, қыздың барған жерінде сыйлы, жақсы келін болғанын білдірген.

Қыз оң жақта отырғанда қыз ағасы қарындасына арнап арнайы таза күмістен қымбат тастармен көмкерілген белдік жасатып, қарындасына сыйға тартқан. Бұның мәні «беліңді де, белдігіңді де ешкімге ұстатпа» деген қыздың арлы, пәк болып босаға аттауына  меңзелген тұспал болған. Ата-бабаларымыз текке ештеңе жасамаған, әрбір әшекейдің өзінде үлкен мәнмағына, тәрбие жатыр. Сонымен, осындай әшекейлер ешқандай әңгімесіз-ақ қыздың өмірдегі орнын білдірген.

Қыз бойжеткеннен кейін оған құда түсушілер ұлдарына келін таңдар алдында ең алдымен құда түсетін қыздың үйінің ауласына, ошақ айналасына назар аударған. Егер ошақ басындағы көсеудің екі жағымен бірдей от көселсе, аула шашылып жатса «Бұл үйдің әйелі салақ екен, қызы да сондай шығар» деп кірмей кететін болған. «Анасын көріп, қызын ал, Аяғын көріп асын іш» деген мақал осыдан қалса керек. Қызға құдалар жағы сырға салып, құда түскеннен кейін қыз ұзатылуына екі ай қалғанда қызға арнап үйінің қасынан бөлек киіз үй тігілетін. Ол үй «Доғалай үй» деп аталды. Доғалай үйде қыз бен  оның жеңгесі тұрып, жеңгесі қызды келіндік өмірге дайындап, шай құю, қонақ күту секілді тұрмыс тірліктеріне бейімдеген.

Ұзатылар алдында доғалай үйде ауыл жастары, құрбылары, жеңгелері бас қосып той өткізген. Ол тойды «Доғалаң той» деп атаған. Қазақ халқының мақсаты – әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерін қыз баланың бойына жастайынан сіңіре отырып, қыз-келешекте ақ босағаның аруы, ана, шаңырақтың құт-берекесі екенін ұғындырып, төзімділікке, адалдыққа тәрбиелеу. Бойында намыс оты ойнаған, ұлт тәрбиесін бойына сіңірген, иманды да инабатты, тәрбиелі, ана тілін ардақтаған қазақтың текті қыздары ғана ұлттық құндылықтарды қастерлеп, шыншылдық, арнамыс, ізгілік қасиеттерді бойына жинақтары сөзсіз. Қазақ қызына қарапайымдылық, сабырлылық, тәрбиелілік, білімділік, тазалық пен жинақылық қасиеттері тән. Осы қасиеттерді бойына сіңіруіне әр ата-ана өз қызын өнегелі етіп өсіру үшін бар күшін салады. Әр қыз өз отбасының тәрбиесімен ұядан ұшып, өмір деген үлкен әлемге қанат қағады. Қазақ ғасырлар бойы қыздарына осындай отбасылық тәрбие берумен өсірді.

Бүгінде ұрпағымыздың бойына ұлттық тәрбиені, имандылық қасиеттерді сіңіре білсек, халқының әдепсалтын жақсы білетін, атаанасын сыйлайтын, еңбекқор ұрпақ тәрбиелесек еш нәрседен ұтылмасымыз анық. Өйткені, қыз баланың тәрбиесімен ұлттық болмыстың іргетасы қалыптасады. Ендеше, осынау халықтық қағиданы бүгінгі таңда қалтқысыз ұстануымыз қажет. Ұлтымыздың салтдәстүрімен тәрбие алған қыздар келешекте ел қорғайтын ұлтжанды ұрпақты тәрбиелей алатынына сенім мол. Ал, сіз отбасында қызыңызды қалай тәрбиелеудесіз?

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз