ҰРПАҒЫ ҰЛЫҚТАҒАН ҰЛЫ АҚЫН

құрметіне жыр дүлдүлдерінің
облыстық сайысы Индерде өтті

Орақ тілді айтыскер ақын Мұрат Мөңкеұлының 170 жылдығына орай облыстық мәдениет басқармасының қолдауымен, Қазақстан Жазушылар Одағы облыстық филиалының ұйымдастыруымен ауданда жыршылар сайысы өтті.
Кенттегі «Борат» мәдениет үйінде өткен сайыста алғаш сөз алған аудан әкімінің орынбасары Мұхамбетқали Алдерзин баба есімін келешек ұрпақ санасында жаңғырту бағытында аудандағы жұмыстарды баяндап, облыстық сайысқа сәттілік тіледі.

Өз кезегінде сөз алған Қойшығұл Жылқышиев: «Өткеннен бүгінге жеткен ұлы мұрамыз-айтысты дамытуда ұлан-ғайыр іс атқарылды. Соның нәтижесінде тасада қалған көптеген таланттарымыз жарыққа шығып облыс, республикаға кеңінен танымал болып үлгерді. Аяғынан тұрған асыл мұрамызды одан әрі өрістету бағытында көптеген жоспарларымыз бар. Әсіресе жас ақындарымыздың адымы көңіл қуантады. Ал, айтыстан кем түспейтін жыршылық өнеріміз, шыны керек, өте кенже қалып қойды. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында Жазушылар одағының облыстық филиалы мен «Талант» қоғамдық қорының ұйытқы болуымен көптеген іс-шаралар жоспары жасақталды. Сол шаралардың беташары ретінде бүгінгі сайыс қолға алынып отыр. Оның басында зар заман өкілі атанған Мұрат ақынның тұруы, сөз жоқ, құптарлық, өйткені ақынның ой толғамдарынан тұратын толғаулары мен дастандары осы өнерді дамытуға толық сұранып тұр»,- дей келе осынау бастаманы қолдаған аудан басшылығымен жұртшылығына алғыс сезімін білдірді.
Сонан соң сахнаға күміс көмей жыршылар көтерілді. Оларға ақын шығармаларын орындау үшін 20 минут уақыт берілді. «Үш қиян», «Сарарқа», «Қарасай-Қази»» «Әрайна» дастандарын шырқап өткен жыраулар көшін алдымен жерлесіміз, бірнеше конкурстар мен фестивальдардың жеңімпазы Айдар Иманғалиев бастады.
Мақаттан келген Болатбек Сатыбалдиев, теміржолшы: «Мамандығым өнерге қатысты болмаса да термешілік өнерді әу баста жаныма серік етіп келемін. Ауылдағы құймақұлақ қарттардан өткен ата-бабаларымыздың тағылым мен өнегеге толы жырларын жасымнан жаттап өстім. Ал, осы жыршылар сайысына қатынасып, жүлде алуды мақсат тұтпасам да, өзімнің бойымдағы сол өнердің қаншалықты деңгейде екенін бағамдау. Оның бағасын қазылардан бөлек, өнерсүйер қауым береді деп ойлаймын», – деді ол. Осы жыршылар сайысында махамбеттік Тұрлан Бисембаевтың өнері көпті тәнті етті.
Сайыстың бас жүлдесін жылыойлық Нұргүл Жұмағалиева жеңіп алса, жүлделі 1 орынды Еркебұлан Оспанов иемденді. Одан кейінгі орындарда Б.Сатыбалдиев, Т.Бисембаев, А.Иманғалиев, А.Төреханова, П.Тапаева, Б.Жұмабаева, Б.Құбашева, А.Ғаббасова көрінді. Қатынасушылардың дені Атыраудағы Д.Нұрпейісова атындағы өнер академиясының өрендері екен. Олар да алдыңғы буын ағаларымен бірге өнер көрсетті.
Өзінің емес, елінің мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған Мұрат ақынның құрметіне өткен жыр сайысы осылайша дүбірлеп өтіп, көптің есінде қалды.

Сүйеу ХАЛЫҚОВ.
Индер ауданы.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз