ЕСТЕ ҚАЛАР ЕРЕК КҮН

Каспий өңірінің қазіргі замандағы колледжі ұйымдастырған жаңажылдық шараға осы оқу ордасы ұстаздарының балалары мен студенттер, «Шаңырақ» балалар ауылының тәрбиеленушілері қатысты.
- Бақытты балалық шақта ешбір сәби мұңаймауы қажет. Әрбір бала есінде мәңгі сақталар шырша тойын көңілді өткізуге тиіс, - деген Каспий өңірінің қазіргі замандағы колледжінің директоры Бақытгүл Хаменова Аяз атаға керек-жарағын көрсетіп, хат жазған бүлдіршіндердің тілектерін орындап, сыйлықтарын табыстады. Қайырымдылық шыршасы осындай гуманистік идеямен ұйымдастырылды.

«Берсең, балаға бер» демекші, жаңа жылдың символы – жасыл шыршаны айнала, қызықты думанның көрігін қыздыруға асыққан бүлдіршіндер Аяз ата мен Ақшақарға өз өнерлерін көрсетті.
Ертегілер еліне таяғын сүйреткен мыстан кемпір де келіп жетті. Өнерлерін көрсетсе ғана мыстанның әлсіреп, кішірейетінін естіген балақайлар жарыса шыршаны айнала қол ұстасып би билеп, әуелетіп ән салды. Көп ұзамай тұс-тұстан андыздаған ертегі әлемінің кейіпкерлері – Таусоғар, Саққұлақ, Өрмекші адам, Желаяқтар көмекке келіп, жаңа жылдық думанның көрігін қыздырды.
Бұл сахналық қойылым балаларға мейірбандық пен татулықты тағылым еткендей. Ал, мерекенің кішкентай қонақтары болса, Аяз атадан сыйлықтар алып, мәз болысты. Колледждің студенттері мың бұрала билеп, әнін әуелете, жырдан шашу шашып, көңілді көтере түсті.

Рита ЖАЙҒАЛИҚЫЗЫ.
Суреттерді түсірген
Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз