АҚ ЖАЙЫҚТАН АСТАНАҒА ЖЕТКЕН ДӘМ

Атырау мен Батыс Қазақстан облыстары Астанада ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесін өткізді.
Жәрмеңкеге Атырау облысының жеті ауданынан, Батыс Қазақстан облысының 12 ауданынан және Орал мен Атырау қалаларынан ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер келді. Олар жалпы көлемі 800 тоннаға жуық өнімдер әкелген. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеумен айналысатын 13 кәсіпорын 5 тонна ет, қалбырланған балық және көкөніс, 5 тонна шұжық, 5 тонна еттің дүмбіл өнімдерін, 2 мың литр өсімдік майын, 100 мың дана жұмыртқа, 5 мың литр қымыз және 200 келі мия тамырынан жасалған өнімдерді Астана тұрғындарына ұсынды.

«Бүгінгі Батыс Қазақстан мен Атырау облыстарының әкелген өнімдеріне елордалықтар дән риза. Әрине, әр өңірдің өз ерекшелігі бар. Мәселен, Атырау облысы 40 тонна балық өнімдерін әкеліп отыр. Екі облыстың әкелген барлық өнімдері Астана базарларының бағасынан 20-25 пайызға арзан», – деп атап өтті Астана қаласының әкімі И.Тасмағамбетов.
Сонымен қатар, ол бұл шараның басты мақсаты ел мен Елорданы, Елорда мен елді жақындату екенін баса айтты. Жәрмеңкеге Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары Ғұмар Дүйсембаев қатысты.

Өз тілшіміз.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз