Көкейде жүрген көп сұрақ, жауабын тапсам деп едім…

EAC6979 Жаңалықтар

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев халыққа Жолдауында бизнесті өркендетудің тұрақты көздерін қалыптастырып, жеке инвестицияны ынталандыру және нарық еркіндігін қолдау қажеттігіне баса назар аударды. Сондықтан, қазір ел азаматтарының кәсіпкерліктегі үлесін арттыру міндеті туындап отыр. Осы орайда, «Атырау» газеті ұйымдастырған «қауырт желіде» оқырман тарапынан түскен сауалдарға облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Айқын Елеусізов жауап берді.   

????????????????????????????????????

Телефон арқылы қойылған сауалдар

– Мен жеке кәсіпкермін. Ауыл шаруашылығына байланысты жаңа жобаларды қолға алғым келеді. Осы орайда, өз идеяларымды кіммен бөліскенім жөн? Мәселен, сізбен кездесе аламын ба?

– Әрине, біздің басқарма сіздермен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасау үшін құрылған. Өзіңіз секілді кез келген тұрғынды қабылдап, мәселесінің шешілуіне атсалысуға дайынмын. Жалпы, әр аптаның бір күнін осыған арнаймын.

Жасыратын несі бар, кейбір кезде «әкімдіктегілер аяқтай келген адамды қабылдамайды» деген сөздерді естіп жатамын. Бұл – сырттай айтылған негізсіз әңгіме. Яғни, жалған ақпараттың бірі деп ойлаймын. Өйткені, мемлекеттік қызметкер өзіне келген адамның мұң-мұқтажын тыңдап, нақты жауап беруге міндетті. Бұл заңда егжей-тегжейлі көрсетілген. Мен де сол қағиданы қатаң ұстанамын. Сондықтан, облыстық әкімдікке келіп, менімен жолыға аласыз. Тек алдын-ала қызметтік телефоныма қоңырау шалып, нақты кездесу уақытын келісіп алғаныңыз жөн. Сондай-ақ, электрондық пошта арқылы да жауап беремін.

– Өңірге құйылып жатқан инвестицияның дені шет елдердің үлесіне тиесілі. Алайда, қазақстандық қамту мәселесі назардан тыс қалып жатады. Мәселен, мен бір инновациялық жобаны жүзеге асыруды бастадым. Қазір инфрақұрылым жүйесінің жүргізілмеуіне байланысты, жұмыс тоқтап тұр. Бұған қатысты не айта аласыз?

– Бүгінде «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы өз күшін жойып, оны «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту – 2017-2021» атты жаңасы алмастырды. Бұл мәселені Елбасы өзінің тікелей бақылауында ұстап отыр. Осы орайда, инфрақұрылым жүйесін тартып үлгермегендер бар. Соған байланысты, біз басқарма тарапынан мәселе көтердік. Нәтижесінде, жаңа қаулы шығып, аталған проблема толықтай шешілді.

Бұдан бөлек, жергілікті қазынадан қаражат бөлініп, қала мен аудан деңгейінде күн және жел генераторлары алынып жатыр. Осыған байланысты кәсіпкерлер бізден көмек сұрап жатады. Қолдан келген көмекті береміз. Жыл басынан бері 5,4 млрд. теңгеге 95 жоба субсидияланып, 185 жұмыс орны құрылмақ. Жалпы сомасы 892,8 млн. теңге болатын 73 жоба кепілдендірілді. Мемлекеттік гранттар бойынша 29 млн. теңгеге 14 жоба мақұлданды.

– Туризм саласында түйткіл көп. Оны шешу үшін қандай жұмыстар атқарылуда? Аққыстау ауылының аймағын туристік зонаға айналдыруға бола ма?

– Жалпы, бұл бағытта кәсіпкерлер тарапынан ұсынылған идея да, жоба да жеткілікті. Тек қосымша қаражат көзі қажет. Нақты бір жобаға тоқталсам, жастарға арналған жаңа саябақ салу жоспарлануда. Аты айтып тұрғандай, жастардың бос уақытын тиімді өткізу үшін бұл – таптырмас мүмкіндік. Көлемі 6,5 гектар аумақты құрайды. Қазір жобалық-сметалық құжаты әзірленіп, сараптамадан өтуде. Облыстық құрылыс басқармасының мамандары қажетті құжаттарын дайындап жатыр. Әкімдік тарапынан да құжаттама жұмыстары жүруде.

Ал, Аққыстауға келсек, онда бірқатар демалыс орындарын салу жоспарда бар. Әзірге жобалық-сметалық құжаттар қаралу үстінде. Сол жұмыстар аяқталған соң су, газ, электр жарығын тарту жайы шешіледі. Бір ескеретін жайт, туризм бағытындағы жобаларды жүзеге асырғанда, нақты қолдау құралдары заң жүзінде көрсетілмеген. Міне, оның бизнес жобаларынан айырмашылығы осы жерде айқын көрінеді. Осыған орай, заңға түзетулер мен өзгерістер енгізу жайында Үкіметке сұраныс жолдадық. Сол бойынша туристік тұжырымдама жасалады. Енді жауабын күтеміз. Қалай болғанда да, келешекте туризм табыс көзіне айналуы тиіс.

– Жолы болмаған инвест-жобалардың тағдыры нешік?

– Бұл мәселе күн тәртібінен түспейді. Ең бастысы, әр кәсіпкермен жекелей жұмыс жасау керек. Оларға мәселенің мәнісін егжей-тегжейлі түсіндірсек, көптеген жұмысты бірігіп атқаруға болады. Мәселен, Индер ауданындағы тұралап қалған жобаларға қатысты министрлікке хат жібердік. Бүгінде ондағы жауапты мамандар барлық проблемадан хабардар. Кейін арнайы барып  сөйлестік. Нәтижесінде, қазір өңірге жаңа инвестор келіп, келісім-шарт мәселесі қаралып жатыр.

Жалпы, «Тұз» секілді болашағы зор, бірақ, қаржылай қиындыққа тап болған кәсіпорындар баршылық. Онда өндірілетін тауар үзіліссіз өтіп тұруы үшін жол мәселесін шешіп алу керек. Өйткені, сапасыз жолмен ешкім тауар тасымалдағысы келмейді. Біріншіден, уақыт жоғалтады, екіншіден, техника бұзылады.

Ал, бірқатар жобаларды мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында қайта жаңғыртуды ойластырып отырмыз. Бұған бизнесмендер белсенділік танытса деген ұсынысым бар. Сондықтан, кәсіпкерлерді «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара» жұмыс жасауға шақырамын.

– «Тұздыкөл туристік орынға айналса» деген тұрғындар тілегі орындалар ма екен?

– Бұл нысан да облыс әкімінің тікелей бақылауында тұр. Қаржылай мүмкіндігі зор инвестор табылса, емдеу-сауықтыру орталығын салуға толық мүмкіндік бар. Әзірге, бұл бағытта өзінің бизнес жоспарын ұсынған кәсіпкер табылмады. Сондықтан, өзіміз жергілікті жоғары оқу орындарына Тұздыкөлдің емдік қасиеттерін дәлелдейтін негіздеме жасауға ұсыныс бердік. Нәтижесінде, ғылыми жұмыстар жүргізіліп, көл суының шипалық қасиеттерін растайтын сараптамалық қорытынды шықты.

– Экспорт үлесін арттыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталасыз ба?

– Жалпы, облыста экспортқа бағытталған 44 өңдеу кәсіпорны бар. Олармен жыл басынан бері 152,4 млн. АҚШ доллары көлемінде өңделген тауар экспортталды. Бұл ретте, облыс әкімдігінің қаулысымен арнайы өңірлік кеңес құрылуда. Сонымен бірге, экспортты 1,5 есеге өсіруге арналған жол картасы, іс-шаралар жоспары жасақталды. Біз ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесе тұрақты түрде отандық тауар өндірушілер жәрмеңкесін, форумдар мен көрмелер ұйымдастырамыз. Осындай шара жақында көршілес Астрахан қаласында өтті.

Экспорттың әлеуетін арттыру бағытында балық өнімдерін өндіру көлемі 1,9 пайызға көбейтіліп, 2022 жылы 12 847 тоннаға, терең өңделген, құтыға салынған (уылдырық және басқа да ыдысқа салынған) балық өнімдерін өндіру көлемі 8,3%-ға  арттырылып, 453 тоннаға жеткізілмек.

– Менің аты-жөнім – Аяулым Серік. Білгім келгені, қай салада бизнес ашқан тиімді?

– Қандай істі бастасаңыз да, оның болашағына сенсеңіз ғана табысқа жетесіз. Соңғы уақытта көбісі дәмхана, мейрамхана, көлік жөндеу секілді тұрғындарға қызмет көрсету аясында кәсіп ашуды үрдіске айналдырды. Бұл, бәлкім, нарықтың талабы болуы мүмкін. Қалай десек те, бизнесті ештеңеден қаймықпай бастап кеткен дұрыс.

Ал, нақты сізге келсек, алдымен тегін оқытудан өткеніңіз жөн. Жаттықтырушы-оқытушылар қай саланың тиімді екенін, бизнес жоспарды қалай құру қажеттігін – бәрін түсіндіріп береді. Қолыңызға сертификат тиген соң, арнайы құрылған комиссия алдында жобаңызды қорғайсыз. Содан кейін екінші деңгейлі банктер арқылы жеңілдетілген несие алыңыз. Біздің басқармаға келіп, толық мағлұмат алуыңызға болады. Айталық, банктердің бірі құжаттарды тез қарайды. Ал, біреулері Астана мен Алматыда орналасқан орталық кеңселерінен жауап күтеді. Бұл бағытта өңірлік кәсіпкерлік палатасы да қажетті бағыт-бағдар береді.

– «Бизнес Аймақ» бағдарламасының шарттары қандай?

– Бұл «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» арқылы жергілікті бюджет есебінен ауыл кәсіпкерлерін шағын несиелеуді көздейді. Бір қарыз алушыға жылдық 7 пайызбен максималды сома – 17 млн. теңгеге дейін несие беріледі. Облыс әкімінің тапсырмасымен соңғы алты жылда, яғни, 2013-2018 жылдары ауыл кәсіпкерлері үшін 1657,0 млн. теңге бөлінді. Сөйтіп, 323 жоба іске асырылып, 602 жұмыс орны құрылды. Бағдарламаға қатысушылардан 100 млн. теңге салық пен 1 млрд. теңгеге жуық табыс түсті. Биыл жергілікті бюджеттен 500 млн. теңге бөлініп, 403,1 млн. теңгеге 81 кәсіпкер қаржыландырылды,  68 адам жұмыспен қамтылды.

– Әкімшілік кедергілерге тап болғандардың басқарма басшыларымен кездесе алмайтындары рас па?

– Егер қолыңызда нақты деректер болса, мәселені шешуге болады. Ал, «біреу солай деді екен» деп жалпылама тон пішуге болмайды ғой. Тиісті көмегін ала алмағандар болса, біздің басқармаға жолығуын сұрар едім.

 Әлеуметтік желілер арқылы түскен сауалдар

–  Өндірісті өңірге құйылып жатқан инвестицияның дені қай салаға бағытталады?

– Нақты айту мүмкін емес. Түрлі салада бизнес жасау үшін инвестиция салып жатқан инвесторлар жетерлік. Бұл жұмыспен «Қазақинвест» ұлттық компаниясының жергілікті филиал мамандары айналысуда. Сол секілді, «Атырау Инновэйшн» мекемесі де инвесторлармен кездесіп, сапалы қызмет көрсетіп жатыр. Бұл бағытта дәл қазір арнайы экономикалық аймақтан екі жер телімі бөлінді. Әзірге инвестициялық жобаның бірінші кезеңі жүруде, қалғаны артынан белгілі болмақ.

Ал, шетелдік әріптестер тікелей бізге немесе жоғарыда аталған компанияларға келе алады. Сөйтіп, оларды жергілікті өнім өндірушілердің тыныс-тіршілігімен таныстырамыз. Атырауда қандай өнім шығады, оны кімдер және қалай өндіреді, дайын тауарды тасымалдау жайына қанығады. Ақпараттық ресурстарымыз да жеткілікті, ғаламтор парақшаларында барлық ақпарат қолжетімді.

Өзіміз екі айда бір рет шет елдерге шығып, мұнай-газ, туризм, өнеркәсіп және басқа да түрлі тақырыпта форумдар өткіземіз. Кейін екіжақты кездесулер ұйымдастырамыз. Қазір қазақстандық қамту мәселесі алдыңғы кезекте тұр.

– Мен тігіншілікпен айналысамын, есімім – Жанар Жарасова. Кәсіпкерлік нысан есебінде ғимарат тұрғызған едім. Құрылысы толық аяқталған жоқ. Мемлекеттен қандай көмек ала аламын?

– Жылына бір рет тағайындалатын қайтарымсыз грантқа арыз бере аласыз. Биыл мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде 29 млн. теңге грант бөлінді. Оны алуға өтінім берген 54 кәсіпкердің 14-інің жолы болды. Бұл орайда, үміткерлерге қойылатын басты талап – жаңа жобаның бұрын-соңды сол өңірде жүзеге асырылмағаны. Яғни, инновациялық жобаның ғана бағы жанбақ.

Егер несие алу барысында қойған кепілдігіңіз сұраған қаржы сомасына сәйкес келмесе, қосымша кепілдеме талап етіледі. Мұндайда кейбір банктер өздері кепілдік ұсынып жатады. Бұл да – зор көмек.

– «Даму» қоры жеңілдікпен несие немесе грант бере ме?

– Жоқ, «Даму» қоры  тек ұйымдастырушы ғана. Бүгінде аймақ кәсіпкерлері үшін «бір терезе» қағидаты бойынша қызмет көрсету орталығы қызмет көрсетеді. Барлық ауданнан кәсіпкерлерді қолдау орталықтары ашылған.

Несиеге келсек, жалпы сома – 500 млн. теңгені құрап отыр (250 млн. теңге жергілікті бюджеттен және «Даму» қорынан). Қарыз алушыға максималды сома – 50 млн. теңгеге (жылдық 8,5%) дейін беріледі. Соңғы екі жылда «Даму» қорымен бірлесіп өңір кәсіпкерлерін қаржыландыру үшін жаңа бағдарлама енгізіліп, 1 млрд. теңге бөлінді. Оның жартысы – жергілікті бюджеттен, қалғаны – «Даму» қорынан. Бұл қаржыға 45 жоба қаржыландырылып, 104 жұмыс орны ашылды. Ал, 2013 жылдың мамыр айынан бері кәсіпкерлікті қолдаудың мобильді орталығы жұмыс істейді. Ай сайын үгіт-насихат тобы аудандарға шығады.

– «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған» бағдарламасы қалай жүзеге асырылуда?

– Жаңа бағдарлама «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасын алмастырды. Сөйтіп, қарыз алушының сомасы 3 млн. теңгеден 18 млн. теңгеге дейін өсіп, 6% жылдық мөлшерлемесімен 253 млн. теңге бөлінді. Сонымен бірге, ішінара кепілдендіруге 36 млн. теңге қаралды. Сондай-ақ, «Бизнес бастау» кәсіпкерлік негіздерге оқыту жобасы жүзеге асты. Шағын несиелеу – қалада банктер арқылы, ауылда «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» арқылы беріледі. Кепілдендіру – қалада «Даму» қоры, ауылда «Каз АгроГарант» мекемесі арқылы іске асады.

Биылдың өзінде бағдарламаның екінші бағыты – «Жаппай кәсіпкерлікті дамыту» шеңберінде қала кәсіпкерлерін несиелеуге 255,9 млн. теңге бөлініп, 65,0 млн. теңгеге 4 жоба несиелендірілді. Сонымен қатар, 36,0 млн. теңге бөлініп, 3,3 млн. теңгеге 7 жоба кепілдендірілді.

– «Құлан» бағдарламасымен жылқы алып, қазір Тұщықұдықта саумал сауып отырмын. Енді бастауыш сынып оқушыларын табиғи таза өніммен қамтығым келеді. Осы жұмысты ұйымдастыруда жергілікті әкімдіктен көмек бола ма?

– Бүгінгі нарық – ашық сауда алаңы. Сондықтан ең бірінші кезекте әр кәсіпкер өз өнімін, кәсібінің пайдалы тұстарын таныта білуі керек. Егер қазір сізге «әкімдік қол ұшын береді» десем, басқа әріптестеріңізде «маған неге көмектеспейді?» деген күдікті ой туады. Яғни, біз барлық кәсіпкерге бірдей қараймыз. Осынау ашық сауда нарығында сіз секілді көмекке мұқтаж жандар көп. Қолдан келгенше көмек беруге тырысамыз, тек заң жүзінде ғана.

Мәселен, сіз қажетті құжаттарды жинақтап, ашық байқауға қатысуыңыз керек. Кім біледі, бәлкім, бағыңыз жанып, мемлекеттік грантқа ие боларсыз. Бастысы, бизнестің әрі қарайғы даму жоспарын нақты белгілеп алыңыз. Табиғи өніммен тек айналаңызды ғана емес, аймақты толық қамтитындай дәрежеге жетуге ұмтылыңыз. Тіпті, көршілес елдерден де сұраныс түсіп жатса, оған таң қалуға болмайды. Өйткені, бүгінгі нарықтың  негізі – сұраныс пен тапсырыс.

– Кәсіп ашқым келіп, жер алуға арыз берген едім. Арада көп уақыт өтті, ешқандай жауап жоқ. Енді не істесем болады?

– Бұл мәселемен біз айналыспаймыз. Бос жер телімдеріне қатысты арнайы аукцион өтіп тұрады. Бұл үшін жергілікті әкімге арыз беру қажет. Бізге келіңіз, мәселенің мәнісін бірге іздестірейік. Егер инвестициялық жоба болса, Атырау қаласының әкіміне тапсырыс беріледі. Содан кейін арнайы комиссияда қаралады.

–  Қала сыртында алма бағын өсіремін. Одан түрлі өнімдер жасап шығарамын. Оған қажетті цех та бар.  Енді техника алғым келеді… 

– Ең төменгі пайыздық мөлшерлемемен «Даму» қоры мен екінші деңгейлі банктер арқылы несие алуға болады. Биыл ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының филиалына біздің басқармадан 500 млн. теңге бөлінді. Жыл басынан бері ауыл кәсіпкерлеріне беріліп жатыр. Қала тұрғындары да 19 млн. теңгеге дейін жеңілдікпен несие ала алады. Бір ескеретін жайт, аталған қолдау ұйымдарына аяқтай бару керек. Кез келген мықты бизнес жобаны қорғап шығуға болады.

– Кәсіпкерлер заңға өзгерістер енгізу жайында ұсыныс бере ала ма?

– Егер ұсыныс-тілектеріңіз жалпының мүддесін қамтитын болса, әрине, болады.  Ал, жеке мұқтаждығыңызға бола заңнамаға ешкім өзгеріс енгізбейді. Осы жағын ескеру қажет. Кез келген ұсынысты мамандар мұқият зерделеп, талдап-саралайды. Содан кейін ғана орталыққа жолданады. Өйткені, бір кәсіпкердің қажеттілігіне бола басқалары жапа шекпеуі керек.

– Атырауда ірі сауда және ойын-сауық орталығы салына ма екен?

– Ондай орталықтың салынатыны даусыз. Бірақ, нақты жоспары әзірге белгісіз. Идея бар, қазір қаржыландыру мәселесі қарастырылуда.

– Еліміздің бірқатар өңірлерінде  бір пайыздық мөлшерлемемен несие беріліп жатыр, сол рас па?

– «Нұр капитал» мемлекеттік бағдарламасын айтып отырған боларсыз. Дәл сондай болмағанымен, бірақ, мейлінше аз үстемемен несие беру жолдарын біз де қарастырып жатырмыз.

– Ауыл кәсіпкерлерін қаржылай қолдау түрлері туралы кеңірек айтып бересіз бе?

– Сұрағыңыз өте орынды, әлемді экономикалық дағдарыстан алып шығатын – осы сала. Сондықтан, Елбасы биылғы Жолдауында ауыл шаруашылығын қолдауға зор көңіл бөліп отыр. Жергілікті жерде бұл бағытта көптеген жұмыстар атқарылуда. Бүгінде жайылымдық алқаптардың электрондық карталарын қалыптастыру бағытында 8979 гектар жер электрондық картаға енгізілді. Облыс бойынша 6432 гектар егістік алқап жоспарланып, қазір 7075 гектары электрондық картаға енді.

Жолдаудағы басым міндеттердің біріне енген жаппай оқыту жүйесін қалыптастыру мақсатында биыл «Бастау бизнес» жобасы бойынша жергілікті бюджеттен  55,9 млн. теңге бөлініп, 1325 адамды «Атамекен» палатасы арқылы оқыту жоспарланған. Ал, ауыл шаруашылығы мамандарын даярлайтын бес колледжде бес мамандық бойынша 947 студент білім алуда.

Сонымен қатар, 2022 жылға қарай ауыл шаруашылығының жалпы өнімі екі есеге көбейеді. Агроөнеркәсіп кешеніне  салынатын инвестиция көлемі (биыл 4,7 млрд. теңге)  бес жылда 1,6 есеге ұлғайып, 7,5 млрд. теңгеге жететін болады.

– Мемлекеттік гранттың қайтарымы бола ма?

– Әрине, қаражат жеке көздерден емес, мемлекеттен бөлінгендіктен, грант иелеріне зор жауапкершілік жүктеледі. Мәселен, ең алдымен, грант алушы жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтуға міндеттеледі. Үш ай сайын «Даму» қоры оның кәсібін тексеріп тұрады. Бастысы, бизнес тұралап қалмауы керек.

– «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасына тоқталсаңыз.

– Бағдарламада несиенің пайыздық мөлшерлемесін субсидиялау, ішінара кепілдендіру, мемлекеттік гранттар беру жағы қарастырылған. Банктен несие алып, оның бір бөлігін субсидиялай аласыз. Яғни, іске асырылатын жобаңыз ауылдық елді мекендерде болса, 14 пайыздан аспайтын мөлшерлемеде несие алып, 50 пайызын мемлекет, ал, айырымын кәсіпкер төлейді. Ал, жоба қалада іске асырылса, 40 пайызын мемлекет өтейді.

Ісін жаңа бастаған кәсіпкерлер несие алар кезде кепіл мүлкі жетіспеген жағдайда 85 пайызға дейін, ісін жалғастырушы кәсіпкерлерге жартылай кепілдеме беру қарастырылған. Сонымен бірге, жобаңыз жаңа бизнес идея болып жатса, мемлекет тарапынан қайтарымсыз 3 млн. теңгеден аспайтын грант ұтып алуға мүмкіндік бар. Алайда, сіздің жобаңыз өңірде жоқ немесе бұрын қолданылмаған жаңа технологиялар арқылы жүзеге асуы қажет.

Жазып алған: Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз

  1. Самал

    Такие работы должны проводиться как можно чаще, у народа очень много вопросов о инвестициях и бизнесе.