ЖАРЫМ КӨҢІЛДЕРГЕ – ЖАН ЖЫЛУЫ

Басты жаңалық

Облыс әкімі жанындағы мүгедектер істері жөніндегі үйлестіру кеңесінің кезекті отырысы болып өтті. Оған облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан төрағалық етті.
Кеңесте бірінші кезекте ҚР Үкіметінің №64, 16 қаңтар 2012ж. «Мүгедектердің құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту шаралары туралы» қаулысының орындалу барысына назар аударылды. Күн тәртібіндегі осынау маңызды мәселе бойынша алдымен Индер ауданы әкімінің орынбасары Әлифолла Балахметов хабарлама жасады.
Бүгінгі таңда бұл өңірдегі мүмкіндігі шектеулі жандардың ұзын саны 1208-ді құраса, оның 68-і бірінші, 586-ы екінші, 434-і үшінші топ, ал 120-сы бала жастан мүгедектер болып есептелінеді. Еліміздің барлық өңірлеріндегідей мұнда да мүгедектердің құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсартуға бағытында біршама жұмыстар жүзеге асырылған. Осы орайда 2012-2018 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары жасақталған.
Осындай шаралардың нәтижесінде түгенделген 15 пандус пен кіреберіс жолды қайта салу, екі қатарлы аудандық орталық аурухана мен төрт қабаттан тұратын емхана ғимараттарындағы жолаушылар лифтісі мен мүгедектердің көтеріліп-түсуіне арналған баспалдақтарды және арбаларды алып жүретін қондырғыларды, телескопиялық жиналмалы пандустарды жөндеп, қалпына келтіру керектігі туралы қорытындысы шығарылған. Бұған жергілікті бюджеттен 19500,0 мың теңге, жобалық-сметалық құжаттамаларын дайындауға 1900,0 мың теңге көлемінде қаржы қажеттілігі жөнінде аудандық экономика және бюджеттік жоспарлау бөліміне сұраныс та жолданған. Мұның сыртында мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмыспен қамту жайына да көңіл бөлінген. Мәселен, тек өткен 2012 жылдың өзінде жұмыс сұрап өтініш берген 11 адамның 8-і тұрақты жұмысқа орналастырылса, үшеуі денсаулық жағдайларына байланысты ұсынылған жұмыстан бас тартқан. Биылғы жарты жылда осы мәселемен жолыққан бес адам түгелімен жұмыспен қамтылған. Назар аударуға тұрарлық жайттың бірі, мүгедектердің арасынан жеке кәсіппен айналысып, нәсібін табуға ниеттілер де табылыпты. Осыны көздеген екі адам мемлекеттен берілетін шағын несие алып, бірі аяқ киім тігіп, жөндеу шеберханасын ашуға, екіншісі егіншілікпен шұғылдануға тілек білдірген.
Үйлестіру кеңесінің мәжілісінде осындай мазмұндағы жұмыстардың Махамбет ауданында да атқарылып жатқандығы мәлімделді. Бұл жайында нақтырақ аталған аудан әкімінің орынбасары Әділбек Зайдуллин баяндады. Оның айтуынша, аудандағы мүгедектердің саны 820-ға жуықтайды. Олардың да 69-ы бірінші, 371-і екінші, 261-і үшінші топтағы және 117-сі бала жастан мүгедектер санатына кіреді. Сонымен қатар, аудан аумағында орналасқан Сарайшық селосындағы жүйке аурулары интернат-үйінің қамқорлығына алынған 316 адам бар.
Және бір мәлім болғаны, мүгедектердің күнделікті тұрмыс-тіршілігімен тікелей байланысты 118 әлеуметтік нысан есепке алынса, күні бүгінде соның тең жартысынан астамы қайта бейімделуге жатады екен. Мұнда да мүмкіндігі шектеулі жандар үшін қолжетімді ортаны қалыптастыру, қолайлы жағдай туғызу мақсатында жүзеге асырылған түгендеу шараларының нәтижесінде атқарылуға тиісті жұмыстардың ауқымы, қажетті қаржының көлемі (66250,0 мың теңге) нақтыланған.
«Халықты жұмыспен қамту туралы» заңның талаптарына сай ауданда былтырғы жылы мүгедектер қатарынан он адам қоғамдық жұмысқа, тоғызы әлеуметтік жұмыс орнына, бір-бірден қайта даярлау курсы мен жастар тәжірибесіне тартылған. Сол секілді алты адам жеке оңалту бағдарламасымен қамтылып, үшеуі тұрақты жұмыс тапқан. 2012 жылы екі адамның мүйізді ірі қара малын бағып, көкөніс дақылдарын өсіретін шағын жылыжай салуына 5400,0 мың теңге көлемінде несие бөлінсе, бұл үрдіс үстіміздегі жылы да жалғасуда.
Әрине, тілге тиек етерліктей азды-көпті жұмыстардың атқарылғандығына қарамастан бұл салада кейбір кемшіліктерге жол берілгендігі де атаусыз қалмады. Бірінші кезекте мүгедектердің қажеттіліктері мен мұқтаждықтарына байланысты күн сайын дерлік хабарласып, келіп қатынасып тұратын, керекті қызмет түрлерін көрсететін мемлекеттік мекемелер мен әлеуметтік нысандардың тиісті заңдылықтар шеңберінде түгендеуден өткізіліп, паспортталуына жете мән беріп, ұдайы назарда ұстау, осы мәселені күн тәртібінен түсірмеу қажеттілігі алға тартылды. Қалай дегенде де мүмкіндігі шектеулі жандардың құқықтарының шектелмеуіне қолайлы жағдайлардың туғызылып отыруы құзыретті құрылымдар мен атқарушы билік органдары, үкіметтік емес және қоғамдық ұйымдардың, басқа да азаматтық қоғам институттарының мүдделілік танытуы керектігі, ендігі жерде мүгедектермен жүргізілетін жұмыс көрсеткіштерінің аймақ басшысының рейтингілік сараптамасына енгізілетіндігі, сол себепті де үлкен сұрауы болатындығы ашық айтылды. Осы жайлар үйлестіру кеңесінің мәжілісіне басшылық жасаған облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Жұмабекұлының қорытынды сөзіне де арқау болды.

Дәулетқали АРУЕВ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған