«ДОСТЫҚ» САЯБАҒЫ – ҚҰЛСАРЫНЫҢ КӨРКІ

Құлсары қаласындағы бірінші ықшамауданда аудандық әкімдіктің, ТШО компаниясы басшыларының және жергілікті тұрғындардың қатысуымен «Достық» саябағын салтанатты жағдайда ашу рәсімі болды.
Аудан әкімі Мақсым Ізбасов айтқандай, ауданның жетпіс бес мың халқының жиырма мыңы осы ықшамаудандарда тұрады. Оларға бос уақытында бірауық тыныстап, бой жазып демалатын, серуен құратын саябақ ауадай қажет. Осы орайда аудандық әкімдіктің ұсынған іс-шара, жобаларына «Теңізшевройл» ЖШС басшылығы сергек қарап, әрдайым қол ұшын беруге, демеушілік көрсетуге әзір тұратыны қуантады.

Аудан басшысы жылыойлықтардың талап-тілектеріне қолдау білдіріп, көмек көрсеткендері үшін ТШО компаниясының басшылығына рахмет айтып, Тим Миллерге символикалық «Достық» кілтін табыстады.
«Теңізшевройл» ЖШС бас директоры Тим Миллер өз сөзінде мұнайлы өңірде осынау саябақтың ашылуы Елбасы Н.Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған «Жасыл ел» бағдарламасының жүзеге асуына тамшы да болса қосылған үлес болсын деп, Атыраудан кейінгі екінші қаланың жасыл желекке бөлене беруіне тілектестігін білдірді. Осы шараның алдында ғана аудандық орталық ауруханаға өздері әкелген салқындатқыш жүйе қондырғыларын тапсыру рәсімін жасаған компания басшылығы енді саябақтағы істің игі беталысына жоралғы ретінде екі мың көшет сыйға тартты.
Салтанатты шараның соңын ала басшы буындар М.Ізбасов, Т.Миллер және Р.Артығалиевтер бастап, қала тұрғындары қостап, жас көшеттерді отырғызуға біркісідей жұмылды.

Қаржау ОРАЗБАЕВ,
меншікті тілшіміз.
Жылыой ауданы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз