Жарнама
ФОТОГАЛЕРЕЯҚоғам

МҮМКІНДІГІ ШЕКТЕУЛІ ЖАНДАР ИНСТРУКТОР- РЕАБИЛИТОЛОГ МАМАНДЫҒЫН МЕҢГЕРУДЕ

23 сәуір күні Атырауда «Біз де адамбыз» қоғамдық қорының (әрі қарай — қор) ұйымдастыруымен «Теңізшевройл» ЖШС (әрі қарай — ТШО) қаржылай қолдауымен «Мүгедек жандарды тиімді оңалту» жобасының 2-ші оқу кезеңі басталды.

Бірінші кезең аясында қатысушылар реабилитация туралы негізгі білімді игеріп, фундамент қалыптастырса, екінші кезеңде қатысушылар реабилитацияның нақты бағытын (узкая специальность) таңдап, білімдерін шыңдап, оқуды тәмамдайды. Жобаның мақсаты – Атырау облысында инструктор-реабилитолог мамандардың санын арттыру, мүгедек жандарға арбаны қолдана отырып, толыққанды өмір сүру дағдыларын үйрету. 

«Мүгедек адамдарды тиімді оңалту» жобасының биылғы бағдарламасы өткен жылдан өзгеше – былтыр оқуды бастаған қатысушылардың нақты мамандық игеруге арналған, сонымен қатар  қатысушылардың жаңа легін оқытуға бағытталған (5 мүгедек адам және 5 волонтер).). Нәтижесінде, болашақта шалғай жерлерде тұратын және пассивті өмір салтын жүргізетін мүгедек адамдар үшін осындай семинарлар өткізу үшін біздің облыста нұсқаушылар саны артады деп жоспарлап отырмыз. Қазірдің өзінде біздің қатысушыларымыз психологиялық және мотивациялық қолдау көрсету мақсатында оңалту орталығында және облыстық ауруханада жұлын жарақатын алған пациенттермен кездесулер өткізуде, — деп атап өтті қор басшысы Гулназ Қосмұрзиева

Қатысушыларға оқытуды Беларусь Республикасының «Арбамен жүретін мүгедектердің республикалық қауымдастығының» (РАИК) өкілдері жүргізуде, олар өздерінің оқыту бағдарламасында «тең-теңімен» әдісін қолданады.

Тең-теңімен әдісі бүкіл әлемде танымал, білім саласында және денсаулығында ақау бар жандарға реабилитация жасау кезінде қолданылады. Мысалы, «Мүгедек жандарды тиімді оңалту» жобасының барлық тренерлерінің өздері арба қолданушылары. Яғни, біз бұл тақырыпты бүге-шегесіне дейін білеміз. Қатысушылар мен оқытушылар арасында ұялу, ыңғайсыздану секілді барьер жоқ. Біз бәріміз теңбіз. Біз арбаға таңылған болсақ та, шетел асып, Атырауға келуіміздің өзі – мүгедек жандардың да толыққанды өмір сүре алатынының дәлелі әрі мотивация. Осы семинар барысында қатысушылардың қай салада икемді екендігін қарап, сол бағыт бойынша инструктор ретінде дайындауға көшеміз, — деп РАИК өкілі Инна жобаның маңызды тұстарына тоқталды.

Атап өтсек, бірінші кезеңде қатысушылар мүгедектер арбасында тәуелсіз өмір сүрудің практикалық дағдыларын алуға бағытталған тренингтік және оқыту іс-шараларының кешенінен өтті. Қатысушылар жұлын жарақаттарының физиологиясын, жеке гигиена мәселелерін, ілеспе аурулардың алдын алу мәселелерін, мүгедектер арбасында орын ауыстырудың техникасы мен әдістерін, мүгедек адамдармен және олардың туыстарымен қарым-қатынас этикетін және басқа да маңызды тақырыптарды зерттеді. Ал екінші кезең семинары барысында қатысушылар индивидуалды тестілеуден өтіп, мүмкіндіктеріне және дайындығына сай бағытты таңдайды. Мысалы, кей қатысушылар психологиялық, әлеуметтік реабилитация саласын таңдаса, кей жандар мүгедектерге арналған арбамен қолдану техникаларын үйретуді және күнделікті өмірде қажетті дағдыларды үйрету саласын, арбада садақ ату, арбада билеу секілді бағыттарды таңдай алады. 

Өңірде маман тапшылығына байланысты бұл жобаның маңыздылығы арта түсуде. Мүгедек жандарға қолжетімді орта қалыптастыру, олардың қоғамның толыққанды мүшесі ретінде өмір сүруі – бұл мемлекет басшысы жан-жақты қолдауға тапсырма берген басымдыққа ие іс. Сол себептен, біз де өз тарапымыздан барынша қолдау көрсетеміз. Қор жұмысына сәттілік тілеймін, — деп атап өтті Атырау облысының әкімінің орынбасары Қайрат Бекенов.

ТШО құқықтық қамтамасыз ету бөлімінің бас менеджері Әсет Құрманбаев та бұл жобаның маңыздылығын атап өтті: «ТШО әр адамның ерекшеліктері мен өзгешеліктерін бағалайды және құрметтейді. Ал «Біз де адамбыз» жобасы ТШО құндылықтарына толық сәйкес келеді және ТШО мен ҮЕҰ арасындағы ымыраның жарқын үлгісі болып табылады. Өткен жылғы бағдарламаның үш қатысушысы Қазақстанның паралимпиадалық құрама командасының мүшесі атанды – бұл үлкен жетістік. Біз Әлеуметтік инвестициялар бағдарламасының нәтижелерін мақтан тұтамыз, серіктестеріміз Атырау облысының дамуына өз үлесін қосуда. «Теңізшевройл» компаниясы атынан Гүлназ бен оның ұжымы жұмыстарына сәттілік тілеймін».

Семинарлар аяқталғаннан кейін ұйымдастырушылар жаз айларында Индер ауданында өтетін «Белсенді оңалту» лагеріне дайындыққа кіріседі. Лагерде жоба түлектері Беларусь мамандарымен бірге нұсқаушы ретінде қатысады. Белсенді оңалту лагері – бұл мүгедектер арбасында толыққанды өмір сүрудің практикалық дағдыларын алуға бағытталған тренингтік және оқыту іс-шараларының кешені. Индер ауданы кездейсоқ таңдалған жоқ – тренингтер жұмыс істеп тұрған сауықтыру лагерінің базасында өтеді. Ұйымдастырушылар табиғаттағы физикалық белсенділік қатысушылардың денсаулығына ғана емес, эмоционалды жағдайға да жағымды әсер етеді деп үміттенеді.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button