ЖАҚСЫНЫҢ АТЫ ӨЛМЕЙДІ

Атыраудың ардақтылары

Екеуі де Атырау облысы, Қызылқоға ауданы, аты-шулы Тайсойған – Асан қайғыша айтқанда, «қақпақты қара қазан» өңірінде туып-өскен. Орта мектепті тәмамдағаннан кейін Бөден – Алматыдағы ауыл шаруашылығы институтының «инженер-механик» факультетін үздік бітіріп, ал Ақзияш Атырау (бұрынғы Гурьев) педагогикалық институтының «қазақ тілі мен әдебиеті» факультетін үздік тәмамдап, туған өлкеге келіп, білім нұрын сепкен ардақты азамат пен азаматша еді.
Бөден аға бір сөзді, сырбаз, терең білімділігімен айрықша көзге түсті. Өз мамандығына сай қызмет атқара жүріп, адами болмысымен, ерекше қабілетімен, өнегелі де, өміршең, ізетті мінезімен өзі еңбек еткен ортасына өте-мөте абыройлы болып, аудан жұртшылығының ілтипатына бөленді. Өз мамандығын жан-жақты меңгерген Бөден ағаны сол кездегі аудан басшылары әртүрлі жоғары басқыштағы қызметтерге ұсынып, маза бермеп еді, бірақ Бөкеңнің жүрегі олардың ұсынысын қабылдамады. «Маған өз мамандығым, өз қызметім ұнайды» деп жауап берді. 1966 жылы екі жас үйлену тойын жасап, өмірлік жар болуға серттесті.
Жалынды жас Ақзияш Досқалиқызын аудан басшылары қояр да қоймай комсомолдық, партиялық жұмысқа тартты. Аудандық комсомол ұйымының хатшысы, бірінші хатшысы қызметтерін абыроймен атқарды. Аудандық партия комитетінде сектор меңгерушісі орынтағында да отырды. Содан кейін селолық советтің төрайымы қызметінде көп жылдар жемісті еңбек етті. Үкімет наградаларын кеудесіне жарқырата тақты.
Аудан жұртшылығы оны «Біздің Ақзияш», «Әнші Ақзияш» деп еркелетті. Бұл сөздің ерекше мәні бар еді. Ақзияш туа біткен талантты әнші болатын, тек әншілікті өрістетпей, әншілік жолды қумай, Алматыдағы филармонияның бірнеше рет шақырғанына бармай, өз туған жерінде еңбек етуді алдына мақсат етіп қойған. Сол мақсатын ол толығымен орындады. Ана болып, өмірге ұрпақ әкелуді ойлаған Ақзияш жарық дүниеге екі ұл мен төрт қызды келтірді. Оларды мәпелеп өсіріп, оқытты, бәріне де жоғары білім әперді. Құтты орындарына қондырды. Ағамыз Бөден екеуі – құрбы-құрдастарына, ағайын-туыстарына, жора-жолдастарына «Үлгілі отбасы» деген атақ-абыройға ие болды. Сол кезде жергілікті бір ақынның Ақзияшқа:
Аппақ жүзің ай нұрымен таласқан,
Жарқырап сен, көрінесің алыстан.
Әніңменен аққуларға үн қосып,
Соларменен айдын көлде табысқан.
Туған жерден аудармайсың табанды,
Хат келсе де, өнер дейтін сайыстан, – деп өлең арнағанын білеміз.
Құстар әлемінде қос аққудың біреуі ажал құшса, екіншісі әуелеп барып, өзін-өзі жерге тастайды екен, бұл – ақиқат. Бөден аға мен Ақзияш та бірінің артынан бірі бақи дүниеге аттанды. Ақзияш дүние салғаннан кейін қырық жеті күннен соң Бөден ағамыз о дүниелік болды. Бірін-бірі құрметтеп, бірін-бірі сүйген азамат пен азаматша осылай жарық дүниедегі қызығы мен шыжығын тоқтатты. Екеуіне де топырақ Астанадан бұйырды. Жатқан жері жайлы, топырағы торқа, алды өздеріне, арты бала-шағасына, туған-туыстарына жарық болсын!

Марат МӘЖИТОВ,
Астана.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған