Мажарлар қазақ өнеріне тәнті болды

IMG 6574 Жаңалықтар

Д.Нұрпейісова атындағы Атырау облыстық академиялық қазақ халық аспаптар оркестрінің Мажарстан еліндегі гастрольдік сапары Будапешттегі «Дуно Палато» сарайында «Шуақты өлке шаттығы» атты гала-концертпен қорытындыланды. Жергілікті көрерменге ұмытылмас әсер сыйлаған әсем кеш жоғары деңгейде өтті.

IMG_6574

Көрермендер арасында Ұлы дала сазына қызығушылық танытатын мажарлар мен түркі елдерімен түп тамырымыз бір деп білетін жергілікті қыпшақтардың, туған елдің мәдениетіне шөліркеп жүрген этникалық қазақтар мен осында білім алып жатқан студенттердің, сондай-ақ қызмет бабымен елден жырақта жүрген қандастарымыздың қарасы мол болды.

IMG_6575

Мәдени кештің шымылдығын Қазақстан Республикасының Мажарстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Нұрбах Рүстемов құттықтау сөзбен ашып, екі елдің бүгінде барлық салада өзара ынтымақтастығы күшейе түскенін атап өтті.

IMG_6576

Бұдан кейін концерттің негізгі мақсат-мұраты жөнінде академиялық оркестрдің директоры Сағынтай Көпжасаров қысқаша баяндап, кеш тізгінін мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты, Құрманғазы атындағы мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрінің бас дирижері Арман Жүдебаев пен ҚР Мәдениет қайраткері Рахила Құлсариеваға табыстады. Әп дегенде Құрманғазының «Серпер» күйімен басталған шара көрерменді бірден серпілтіп, сергітіп алды.

Мажарлар қазақ өнеріне тәнті болды – Р (5)
Кеш барысында барлығы жиырмаға жуық қазақ және шетелдік шығармалар орындалып, қонақтардың шексіз ризашылығы мен қолдау-қошеметіне ие болды.

IMG_6577

«Жез киік», «Көңілашар», «Адай», «Әлқисса», «Сарыарқа» секілді қазақтың екпінді, дауылпаз күйлері арқылы шетелдіктер қазақтың кең даласын, рухани бай мәдениеті мен салт-дәстүрін жақынырақ тани түсті. Әсіресе, домбыра мен қобыз секілді қазақ ұлттық аспаптарының әуезді үніне елтіген еуропалықтар И.Штраустың «Радецкий маршын», С.Какураның «Ай-Петри къайтармасын», Л.Андерсонның «Фидл-фадлын», И.Брамстың «№5 Венгр биін» естігенде ерекше толқып, еріксіз таңдай қағысты.

IMG_6578

Концертте сондай-ақ Қайрат Кәкімов, Индира Түсіпқалиева, Ғарібжан Мұқанғалиев, Ақнар Шәріпбаева секілді өнерпаздар ән-күйден шашу шашып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Қазақ өнеріне тәнті болған мажарлықтар кеш соңында алақаны қызғанша қол шапалақтап, өнер иелеріне тік тұрып құрмет көрсетті. Бұл күні расында тек Атырау облысының ғана емес, күллі қазақ өнері мен мәдениетінің мерейі үстем болып, абыройы асқақтай түсті.

Академиялық оркестрдің гастрольдік сапары одан әрі Сербия мемлекетінің астанасы – Белградта жалғасады.

Р.СӘБИТҰЛЫ

Будапешт, Мажарстан

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз