Танымдық-тағылымдық туынды жарық көрді
Халықаралық Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Халықаралық «Алаш» əдеби сыйлығының лауреаты Өмірзақ Қажымғалиұлының бас редакторлығымен жарық көрген «Киелі мекен, қасиетті өлке – Құрманғазы» танымдық-тағылымдық ақпараттық кітаптарының тұсаукесер рәсімі өтіп, таныстырылды.
Құрманғазы ауданының өлкетанушыларымен бірлесе жазылған бұл кітапта өлкенің өткені мен бүгіні, мәдениеті мен өнері, жетістіктері мен болашағы хақында тың мәліметтер жинастырылған.
– Еліміздің әр түкпірі, әр аймағы, Атыраудың әр бетегесі, әр жотасы қымбат, әсіресе Құрманғазы өңірі киелі құмдары, Еділ-Жайық арасы туралы айтқан кезде біздер қазақтың әдебиетіне, қазақ мәдениетіне үлкен рухани олжа салған топырағы құнарлы мекен ретінде еске аламыз. Батыр-жырауларымыздан бері қарайғы, күні кешегі ХХ ғасырдағы қазақ әдебиетінің ірі тұлғаларына айналған Әбу, Жұмекен, Зейнолла, Рахымжан ағаларымызбен мақтанамыз. Құмы құтты, құрсағы құтты Құрманғазы топырағының тағы бір перзенті Өмірзақ Қажымғалиев ағамыздың кезекті ақыл-ой, үздіксіз зерттеу еңбегінің нәтижесі – Құрманғазы ауданының өңірлік тарихы жазылған үш томдық энциклопедиясы. «Тозған ел тарихын жаспен жазады, озған ел тарихын таспен жазады» деген қазақтың өнегелі сөз көзі қарақты жанның көкірегіне ой салары анық. Туған жерінің тарихын білген адам ел тарихын, жер тарихын, өз өлкесінің қадір-қасиетін қастерлей біледі. Кең байтақ қазақ жерінде қанша шежіре, қанша сыр, бізге біелгісіз қаншама аңыз-әңгімелер жатыр десеңізші. Әрбір қарапайым адамның өмірі бір тамаша туындыға лайық дейтін болсақ, біздің қасиетті Құрманғазы өңірінің арғы-бергі тарихы, жаугершілік шапқыншылық кездерінен бергі бірнеше қоғамдық қалыптасуды бастан өткерген терең шежіресі, тылсым табиғаты және сол өлкедегі дүниеге келген, өлке атын асқақтып жүрген және сол өлкеде қалып, туған жерге тұғырын төккен ел ағалары туралы жазылған деректерді жинап алдымызға ұсынып отырған авторға ел атынан алғысымды айтамын, -деген Қазақстан Жазушылар Одағы басқармасының батыс аймақтары бойынша хатшысы, ҚЖО Атыраудағы өкілі Әлия Дәулетбаева ел тарихын түгендеген қызғыш құс секілді тынымсыз еңбегінің нәтижесінде жарық көріп отырған ақпараттық — танымдық кітаптың маңызына тоқталды.
Іс-шара кезінде Ғ.Сланов атындағы облыстық ғылыми әмбебап кітапхана басшысы Сара Ізмұханбетова, Құрманғазы ауданы әкімінің орынбасары Амангелді Мұратов пен аудандық мәслихат төрағасы Гүлжанат Қалиевалар да игі тілектерін айтты.
Автордың жерлесі Қазақстан Журналистер және Жазушылар Одағының мүшесі, «Тауман Амандосов» атындағы және «Қазақстан Республикасы Журналистер Одағы» сыйлықтарының иегері, Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы, республикалық озат өлкетанушы және «Өренді» өлкетану клубының мүшесі Таңатар Дәрелұлы жаңа дүниені жазу барысына тоқталды. Айтуынша, ұлы сазгер анамыз Дина Нұрпейісова, Ұлы Отан соғысы аталған қиямет-қайымның теңдессіз жанкештісі Хиуаз Хайырқызы батыр, қазаққа белгілі Бақыт Қарабалина, Әсима Ізмұхамбетовалар жұртшылыққа белгілі шығар, бірақ ел-жұртқа Алла бойына дарытқан емшілік, әулиелік қасиетімен шипасын дарытып, халқына қорған болған әулие деуге тұрарлық аналардың тұңғыш рет есім-сойлары түгелденіп, кітап жүзіне шығуы бұл Құрманғазы ауданы бойынша алғаш рет екен.
– «Киелі мекен, қасиетті өлке – Құрманғазы» танымдық-тағылымдық-ақпараттық кітабының бірінші томын жазуға кіріскенімізде осы сауабы мол дүниенің жоба-жоспарын жасаушы, негізін қалаушы академик – жазушы, ҚР-ның еңбегі сіңген қызметкері Өмірзақ Қажымғалиұлы ІІ тарауды – «Киелі адамдар, қасиетті жерлер» деп белгілеп берді. Міне, осы тараудың аясында бұрын көпшілікке мәлім де, мәлім емес аналардың өмірдеректері, болып жатса, суреттерімен жинақталып, аталған тараудың маңыз-мәртебесін арттыра түсті.
«Киелі мекен, қасиетті өлке – Құрманғазы» танымдық-тағылымдық-ақпараттық ІІ кітапты ашқаныңызда қиыр жолға жанар үздіріп, қатты тартып байлаған беліне шолақ орағын қыстырған, бір қолымен баласын көтеріп тұрған Ана бейнесі қай жылдардан хабар беретінін кім-кімде шамалар еді. Оның үстіндегі эпиграф: «Түркі әлемінің жебеушісі Ұмай анаға тағзым етіп, оның салған жолынан аумай, зымиян зұлматтарға бой алдырмаған барша аналардың құрметіне арналады» деп түзілген. Төрт тараудан тұратын бұл екінші кітаптың қомақты екінші тарауы соғыстағы ерлерінен кем киындық көрмей, аш-жалаңаш, жыртық-жамау киіммен жүрсе де балаларына пана, майданға да елге тіреу бола білген, бірақ есімдері баспа бетінен кейбірі болмаса, көп көріне қоймаған біздің, осы өңірде өмір сүрген барлық қаһарман аналарға арналуымен құнды еді. Тараудың аты да мазмұнына сай «Ел тірегі — аналар» деп қойылуы өз үйлесімін тауып тұр.
Осы екінші кітабымыздың ең соңғы бетінде бас редактор Өмірзақ Қажымғалиұлының «Тұжырым» деген қорытынды сөзі бар. Одан мына жолдарды үзіп алсақ, біз айтып отырған баянның да қорытындысы болмақ: «Бүгілсе де құламаған қайсар әже-шешелеріміздің арлылығын, пәктігін, Отанға деген шексіз сезім мен адалдығын құрметтеп, рухына тағзым, әруақтарына бас иіп, есімдерін ел есіне сақтауға қызмет жасалды. Тауқымет тартқан асыл адамдардың аты-жөні айқындалып, қолымызға түскендерін ұлығылап, ұрпақтар санасында мәңгі қалдыру үшін осылай әдейі бөлім арнап, кірістірдік. Бізге жетпеген аяулы жандардың деректері табылса, келер кітапқа енгізілетініне күмәнданбаймыз», десе, солай болды, уәделі сөзімізде тұра білдік, деген қарымды қаламгер Таңатар Дәрелов кітапты құрастыру барысында еңбек еткен ауданның бірқатар өлкетанушысы мен тарихшысының атын атап өтті. Ал, Халықаралық «Алаш Жазушы ҚР Гуманитарлық ғылымдары Академиясының академигі» әдеби сыйлығының иегері, «Киелі мекен, қасиетті өлке – Құрманғазы» танымдық-тағылымдық ақпараттық кітаптарының бас редакторы Өмірзақ Қажымғалиұлы оқырманға жол тартқан құнды туынды туралы кеңінен баяндады.
Рита ӨТЕУҒАЛИ